Ақпараттық әріптестікке тың қадам

Каспий маңы елдері журналистерінің екінші медиафорумына қатысушылар осындай ұйғарым жасады.

Өткен аптада Ресейде,  дәлірек айтқанда, еліміздің батыс аймағындағы Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарымен шекаралас Астрахан қаласында ІІ Каспий медиа-форумы жұмысын аяқтады. Оған Каспий теңізінің жағалауындағы бес мемлекет –Қазақстан, Әзербайжан, Ресей, Түркіменстан және Ираннан 300-ге жуық БАҚ өкілі қатысып, медианарықты дамыту, ортақ ақпараттық кеңістік құру, бір-бірімен ақпаратпен бөлісу мәселелерін кеңінен талқыға салды. Каспий маңы елдерінің ақпараттық ресурстары бір-бірімен мәлімет алмасу үшін келісімге қол қойды.

%d0%b0%d2%9b%d0%bf%d0%b0%d1%80%d0%b0%d1%82%d1%82%d1%8b%d2%9b-%d3%99%d1%80%d1%96%d0%bf%d1%82%d0%b5%d1%81%d1%82%d1%96%d0%ba%d0%ba%d0%b5-%d1%82%d1%8b%d2%a3-%d2%9b%d0%b0%d0%b4%d0%b0%d0%bc

Бұл медиафорум Астраханда екінші рет өткізілді. Медиафорумды ұйымдастыруға Астрахан облысының үкіметі мен Каспий маңы елдерінің редакциясы ұйытқы болыпты. Олардың теңіз жағалауындағы бес елдің журналистерін бір алаңда пікір алмасуын көздеген қадамына Ресей Федерациясының Байланыс және бұқаралық коммуникация министрлігі қолдау білдірген. Министрдің орынбасары Алексей Волиннің пікірінше, ІІ Каспий медиафорумы – шеру секілді шара емес, керісінше, медианарықты дамытуға септігі тиетін пікірталас алаңы. Сол себептен болар, форумға қатысушылар арасында еркін пікір алмасу, бір-бірімен ақпарат бөлісудің сан алуан жолдарын қарастырған қадамы жасалды.

– Форум алаңында әркім өз бақытын жасаушы секілді көрінеді. Алайда, әлдебіреуді күтудің қажет емесін түсінуіміз қажет. Әркім өзінше әрекет етіп, ынтымақтасудың нақты жобаларын ұсынуы тиіс, – деді Ресей Федерациясының Байланыс және бұқаралық коммуникация министрінің орынбасары Алексей Волин. – Бізде үлкен Каспий бар, әр деңгейде жүргізіліп жатқан диалог та бар. Біздің міндетіміз – осы диалогқа өз деңгейімізде қосылу. Бүгін форум БАҚ өкілдерінің шеберлігін шыңдауына таптырмайтын алаң екені даусыз. Мәселен, сайт – қағаз түріндегі нұсқада көрінбейтін ақпараттық лента, қысқа мәтіндер, түрлі түсті фотолар. Сол себептен, мультимедия қағаздағы мәтінді интернет-сайтқа жай ғана көшіре салу емес.

Медиафорум қарсаңында Астраханда жазғы журналистика мектебі жұмыс жасады. Онда «Экономиканың жоғары мектебі» ұлттық зерттеу университетінің оқытушылары Тина Тихомирова мен Роман Абрамов жастар үшін журналистика мен медианың даму үрдістері туралы лекция оқыды. Олар сонымен бірге, ақпарат берудің жаңаша тәсілдерін де әңгімелеп берді. Ал, Астрахан мемлекеттік университетінде «Russia Today»  телеканалы бас директорының кеңесшісі Тина Бережная ақпарат саласындағы қызметін енді бастағандар мен тәжірибелі журналистерге  шеберлік сағатын өткізді. Оның пікірінше, ақпарат берудің тәсілі көп. Өз ісін сүйетін журналистер оқырманға шынайы ақпарат беруге талпынады. Рас, әр басылымның ұстанған бағыты әрқилы болуы мүмкін. Электронды БАҚ-тар да солай. Бәлкім, елдің көкейіндегі дөп басар ақпаратты әрқайсысы әртүрлі бергенмен, бәрінің де түпкі мақсаты бір, яғни, қоғамға толыққанды әрі шынайы ақпарат ұсынуды көздейтіні дау тудырмайды. Пушкин атындағы орыс тілі мемлекеттік институтының проректоры Михайл Осадчий коммуникациялар қауіпсіздігі мәселесін қозғады. Оның айтуынша, бұл мәселенің журналистердің барлығына, әсіресе, саяси және танымал қайраткерлердің өмірін, тұлғалық бейнесін сомдаушыларға да қатысы бар.

Дәл осы күні бес мемлекеттен келген БАҚ өкілдері өздерінің бейнероликтерімен, медиажобаларымен бөлісті. Елі басқа, тілі басқа болғанмен, әрқайсысы өз елінің жетістіктері, әсіресе, инвестициялық тартымдылығы мен туристік мүмкіндіктері туралы әңгімеледі. Өздерінің медиажобалары туралы кеңінен сөз етті. Өзге елдің журналистері әсіресе, Астанада өткізілгелі отырған «ЭКСПО-2017» көрмесіне қызығушылық танытты. Сонымен бірге, Қазақстанның медианарығына жыл басында қосылған ATPress.kz ақпараттық порталы мен «Каспийские новости» халықаралық ақпараттық порталы арасында өзара ынтымақтастық, біріккен медиажобаны іске асыру жөнінде келісім жасалды.

Каспий маңы елдеріндегі әріптестердің бір-бірімен ынтымақтасуы қызғылықты жобаларды бірлесе іске асыруға жол ашады.  «Каспийские новости» порталын ашудағы басты мақсат – Каспий маңы елдерінің медиаресурстарын біріктіріп, осы елдердегі экономикалық, саяси және гуманитарлық үрдістер мен елеулі оқиғалар туралы жаңалықтарды бірыңғай ақпараттық кеңістікте жариялау. Жобаны іске асыру үшін порталдың Қазақстан, Әзербайжан, Иран және Түркіменстан елдерінде онлайн режімдегі арнаулы тілшілер желісін ашу көзделіп отыр. Сонымен бірге,  Ресейдің Каспий теңізі жағалауындағы үш өңірінде, атап айтқанда, Астрахан облысы мен Қалмақ және Дағыстан Республикаларынан да ақпараттар порталда жарияланады. Осылайша, аталған жоба арқылы Каспий маңы елдері арасында іскерлік және гуманитарлық байланыстардың бұрынғыдан да беки түсуіне үлес қосу көзделіп отыр.

– Каспий – бұл кең ауқымды ресурстық мүмкіндік. Теңізді көмкеріп жатқан елдер ондағы ресурстарды өндіру, өңдеу, тіпті, экспорттау үшін келісімге келуге ұмтылуда. Осы аймақтарда тұрып жатқан адамдар да ынтымақтастықтың қажеттігін түсінуі қажет,  – дейді  профессор Иосиф Дзялошинский. – Осы орайда журналистер жаңа контент қалыптастыра алады.

Медиафорумның аясында «Каспий арманы» халықаралық конкурсының бір жүлдесі атыраулық журналист Надежда Шильманға табысталды. Бес елдің 100-ге жуық журналистерімен бірге «Прикаспийская коммуна» газетінің бөлім меңгерушісі болып істейтін әріптесіміз де конкурсқа «Держим связь с казахами везде» атты сұхбатын ұсыныпты. Оның Әлем қазақтары қауымдастығы Атырау филиалының төрағасы Өтепберген Әлімгереевпен жүргізген  сұхбатында Қазақстаннан тысқары елдерде тұратын қазақтардың тыныс-тіршілігі, қиындықтары туралы айтылған. Сонымен бірге, Ресейдің Астрахан өңіріндегі қазақ диаспорасы осы сұхбатта кеңінен қамтылыпты.

Халықаралық конкурсқа түскен материалдар әр алуандығымен ерекшеленіпті. Конкурсқа қатысушылардың бәрі де Каспий теңізінің келешегіне алаңдайды. Бірі браконьерліктің белең алғанына назар аударса, тағы бір әріптесіміз теңіздің экологиясына бейжай қарамайтынын байқатқан. Каспийдің сұлулығын паш етуді мақсат тұтқан фотолар да ұсынылыпты. Тіпті, Каспий туризмін дамыту мәселелерін қамтығандары бар.

– Журналистің жұмысы әр уақытта шыншылдығымен ерекшеленеді, – дейді осы орайда пікір білдірген Астрахан облысы губернаторының баспасөз хатшысы Наталия Филатова. – Конкурсқа жолданған материалдардың көптігіне әрі мазмұнына  қарай екшегенде, әр деңгейдегі ынтымақтастық пен теңіз экологиясы  бес мемлекеттегі ең ауқымды мәселелердің қатарында екенін байқадық. Ал, келешекте Каспий теңізіндегі туризмді дамыту тақырыбы да кеңінен қозғалатынға ұқсайды. Конкурсқа қатысушылардың географиясы кеңейе бастады. Биыл жүлдегерлерді анықтау қиындау болды…

 

Жолдасбек

КӨШЕРБАЙҰЛЫ.

АТЫРАУ – АСТРАХАН – АТЫРАУ.

 

Медиафорумға қатысушылар пікірі:

Андрей ЖУРАВЛЕВ, «National Geographic Russia» журналының ғылыми редакторы:

– Қай елде тұрғанымыз маңызды емес, журналистік ынтымақтастық қажет. Ал, ол үшін жиі-жиі бас қосып тұру керек. Тек таныстық үшін емес, әрине. Қызғылықты ақпаратпен бөлісу мақсаты көзделгені жөн. Тәжірибе алмасқан дұрыс. Бір-бірімізден осылай үйренеміз. Сол себептен, осындай медиафорум өте қажет. Рас, қазір желілік байланыс орнатуға мол мүмкіндік бар. Мәселен, Каспий маңындағы бес мемлекеттің даму ерекшелігі өзгеше болар, алайда, бұл журналистердің арасына жік салмауы тиіс қой. Конкурсқа ұсынылған материалдарда теңіз экологиясына, биоалуандығына баса назар аударылды. Каспий теңізі ешқашан жойылмайды. Оның фаунасы да, флорасы да кейінгі ұрпағымызға осы күйінде жетеді.

 

Андрей ПОПЕРЕЧНЮК, «Лотос» МТРК-ның шеф редакторы (Астрахан):

– Каспий – тұйық теңіз. Бәрі біледі, бәрі солай айтады. Бірақ, экономиканы алға тартып, теңіздің экологиясын, теңіздің маңызын, теңіздің биоалуандығын ұмытып кетеміз. Бәрі де шамамен болуы керек. Калькуляторды қосып, экономикалық пайданы ойлаумен бірге, теңіздің экологиясына көңіл аудару қажет. Бекіре тұқымдас балықтар, итбалық… қауқарсыз ғой. Болашақта мұнай өндіруді, гидроэнергетиканы бақылаған дұрыс. Каспийдей теңіздің келешегіне алаңдаған журналистер медиафорумда кеңінен пікір алмасты. Болашақта теңізді сақтап қалу жөніндегі ой-пікіріміз осындай форум аясында айтыла береді. Сол себептен, дәл осы форумның, әсіресе, жас журналистерге берер пайдасы мол деп есептеймін.

    

Асқар ӘШІМОВ, «Қазақстан-Атырау» телеканалының  директоры (Атырау):

– Бұл форум бізге Каспий маңы елдеріндегі әріптестерімізбен тәжірибе алмасу үшін таптырмайтын шара болды дей аламын. Бір-бірімізбен ақпарат алмастық, тәжірибемізбен бөлістік. Ақпараттық әріптестік орнаттық, шын мәнінде, бұл байланысымызды нығайта түсті.

 

Ирина ИМАМКУЛОВА, «Нейтральный Туркменистан» газетінің өкілі (Ашхабад):

– Каспий  маңы елдерінің арасындағы сауда-экономикалық байланысты дамыту үшін БАҚ өкілдері арасында ынтымақтастықтың алғышарты осы медиафорумда жасалды. Бір-бірін бұрын білмесе де, біздің әріптестеріміз өз еліндегі жаңалығымен бөлісуді көздейді. «Каспийские новости» халықаралық ақпараттық порталын өзара ынтымақтастықты байыта түсу үшін жасалған дей аламын. Ал, медиафорумның болашағы зор, бұл әлі жалғасын табады.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*