Ақпараттық-насихаттық топтар – ел ішінде

843707

Бизнесті қолдау – «бір терезеден»

Мақат аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен осындағы балалар кітапханасында және Х.Санбаев атындағы орта мектепте Елбасының халыққа Жолдауын насихаттау мақсатында облыстық ақпараттық топпен кездесу өткізілді. Оған ауыл ардагерлері, халық қалаулылары мен жастар қатысты.

Кездесуде аталған топ жетекшісі, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Азамат Жолаев Жолдаудың басым бағыттарын жүзеге асыру барысындағы 10 міндетке тоқталды. Ал, Ұлттық Банкінің Атырау облыстық филиал директоры Айнұр Көшербаева қаржы секторын қайта жаңғырту жөнінде сөз қозғады.

Сол сияқты, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының облыстық филиалы – «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің Мақат аудандық бөлім басшысы Мейрамгүл Кеуелова «бір терезе» қағидаты бойынша бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету үдерістерін цифрландыру жөнінде әңгіме өрбітті. Бұл өз кезегінде «бір өтініш» қағидаты бойынша кешенді мемлекеттік қызмет көрсетуге мүмкіндік бермек.

Өндірістегі өзекті әңгіме

Кезек бойынша жер учаскесін алу, басыбайлы баспаналы болу және «Ақылды Атырау» жобасы. «Жігермұнайсервис» компаниясы ұжымымен кездесуде өндіріс мамандарын қызықтарған тақырыптар негізінен осылар болды. Президент Жолдауын насихаттау мақсатында құрылған Атырау облыстық ақпараттық-насихаттық топ мүшелері кездесуде осы және өзге де сұрақтарға жауап берді.

Айта кету керек, негізінен мұнай ұңғыларын тереңдете бұрғылауға арналған қуатты қондырғылар мен стандартты емес металл конструкциялары өндірісіне маманданған «ЖігерМұнайСервис» компаниясы отандық нарықта он сегіз жылға жуық уақыттан бері жұмыс жасап келеді. Мұнай-газ саласындағы отандық, сондай-ақ, бірлескен кәсіпорындардың тапсырыстарымен өнім өндіретін ошақтың болашаққа қойып отырған мақсаттары да зор. Облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Иғалиев, Атырау қаласы әкімінің орынбасары Полымбет Хасанов, Қазақстан Коммунистік Халық партиясы Атырау облыстық филиалының бірінші хатшысы Ерболат Дәулетқазиев, Атырау облысы Білім беру басқармасы Әдістемелік кабинетінің директоры Ғабит Қабекенов және Мәдениет қайраткері Абат Кенжеғалиев қатысқан шарада Президент Жолдауынан туындайтын негізгі міндеттер талқыға түсті.

Адами капитал – жаңғыру негізі

Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын насихаттау мақсатында облыстық ақпараттық топ Жылыой ауданында болды.

Олар Жылыой мұнай және газ технологиялық колледжі оқушыларымен және «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының қызметкерлерімен кездесу өткізді. Аталған топ жетекшісі, облыстық кәсіподақ орталығының басшысы Саламат Елеманов Жолдауда адами капиталды дамытуға айрықша көңіл бөлініп отырғанына тоқталды. Ол адами капиталды жақсарту арқылы ел экономикасын 14 пайызға ұлғайтуға болатыны туралы әлемдік экономика саласындағы мамандардың дәлелдерін мысалға келтірді. Елімізде 131 жоғары оқу орнында 330 мың студент –жас білім алып жатса, олардың 27 пайызы экономистер екен. Дегенмен, Елбасы қазіргі және болашақта сұранысқа ие мамандықтарды оқытуға назар аудару қажеттігін айтып отыр. Еліміз бойынша 600 ірі компанияда жаңа технологиялар енгізілгеннен кейін мыңдаған адамдар жұмыстан қысқартылады. Бүгінде жұмыссыз жастардың 80 пайызының кәсіби білімі бар. Бұрынғы кезде алған мамандықтардың қазір жарамайтындығынан оларды қайта дайындау қажеттігі туындап отыр.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры Аққали Ахмет тәуелсіздік алған тоқсаныншы жылдардан бері көрші мемлекеттерде халық арасында әртүрлі толқулар болғандығын, ал, біздің еліміздің тыныштығы мен әлеуметтік-экономикалық дамуы Елбасының сындарлы саясатының жемісі екендігін жеткізді. Ақпараттық топ мүшесі, облыс бойынша «Даму» қорының бас менеджері Роза Байсалихова жиналған көпшілікке кәсіпкерлікті дамыту бағытында қаржылай қолдау тетіктерін түсіндірді.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ, Қайрат ДҮЙСЕНБЕТОВ

Фото sputniknews.kz сайтынан алынған

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*