Ақиқатқа айналған арман

Тәуелсіздік алған 25 жылда еліміз жасампаздыққа толы жолдан өтті. Қазақстанның шыққан биігі – тұтастай қазақ халқының жетістігі. Әлемде болып жатқан күн сайынғы қоғамдық-саяси өзгерістерді ескерсек, тәуелсіздіктің қадірі мен бағасы арта түсері анық. Егер егемендікке дер кезінде қол жеткізбесек, қазақ халқының бүгінгі рухани-мәдени және экономикалық жағдайы қандай болар еді? Біз осы сұрақ төңірігінде ғалымдар арасында сауалнама жүргізген едік.

%d0%b0%d2%9b%d0%b8%d2%9b%d0%b0%d1%82%d2%9b%d0%b0-%d0%b0%d0%b9%d0%bd%d0%b0%d0%bb%d2%93%d0%b0%d0%bd-%d0%b0%d1%80%d0%bc%d0%b0%d0%bd

Жеңісбек МҰСТАФИН,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау

мемлекеттік университетінің профессоры,

тарих ғылымдарының кандидаты:

«Бізге әлі де сақтық керек»

– Тәуелсіздігіміздің шешуші бағыттарының бірі – Қазақ елінің бейбітшіл бағыт ұстанатынын жариялауымен қатар, оны іспен дәлелдеп, әлемдегі ең қауіпті – атом қаруынан бас тартуы. Қазақ елінің жаппай қолдауына сүйенген Президенттің парасатты, әрі сындарлы саясаты елдің де абыройын көтерді. 1992 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болуымызға және іргеміздегі Ресей мен Қытай сияқты ірі елдермен өзара тиімді де теңдікке негізделген байланыстың шынайы түрде жолға қойылуына ықпал етті.

Біздің мәмілегер бейбіт бағыттарымыз бүкіл әлемнің, яғни батыс, шығыс, терістік және түстік елдері тараптарынан да зор қолдау тауып, Нұрсұлтан Назарбаев бастаған еліміздің мәртебесін асқақтатты.

Бұған дәлел – Қазақ елінің бүкіл адамзаттың қауіпсіздігі мен саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік дамуының кепіліне айналған: Еуропадағы  қауіпсіздік және ынтымақтастық, Шанхай ынтымақтастық, Ислам конференциясы ұйымдарына төрағалық етуі және үстіміздегі жылы Қазақ елі БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесіне сайлануы болып табылады. Сондай-ақ, Қазақстанның сыртқы саясаттағы басымдықтары жүйесінде Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес құру бастамасын жүзеге асыруы айрықша орын алады.

Міне, мұның барлығы – ұлтымыздың табиғи болмысын, яғни, әлемге деген пиғылының өз даласындай кеңдігін, дарқандығын, адами парасатын, көпшіл-қонақжайлылығын, қарапайымдылығын дәйектеумен келеді. Бірақ, мұны өктемшіл геосаясатшылар қарабайыр надандыққа балап, ұлтымыздың жарқын болашағына көлеңке түсіруге пайдаланып кетуінен сақ болуымыз қажет.

 

Гүлмира СҰЛТАНБАЕВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика  факультетінің Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі, саяси  ғылымдары  докторы, профессор:

«Ұлттық мәдениетімізге қайта оралдық»

– Әрине, Тәуелсіздік – Қазақ елінің мәңгілік мұраты. Ғасырлар бойғы қастерлі арманы. Тәуелсіздік Қазақ еліне мемлекеттікті берді. Шекараны бекіттік. Елдің егемендігін сыйлады. Сол үшін біз оның қадірін білуіміз керек. Саяси жағынан Тәуелсіздік Қазақстан үшін ішкі және сыртқы тұтастығы мен бірлігін сақтауға мүмкіндік берді. Алдымен, «Мәдени мұра» бағдарламасын мемлекеттің қолдауы үлкен серпін болды. Бұл бағдарлама бізді халықтың  мәдени мұрасы мен дәстүр қазынасымен қауыштырды. Классикалық мәдени ошақтардың салынуы да бізге үлкен әлеует берді. Астана қаласының өзі елдің мәдени түлеу, рухани асқақтауы болды.

 

Әбілсейіт  МҰХТАР,

Атырау мұнай және газ университетінің ғылыми жұмыстар және инновация жөніндегі проректоры,

тарих ғылымдарының докторы,

профессор:

«Тарих үшін қас-қағым сәт»

– Қазақ халқы да сан ғасырлық отарлық езгінің үстем болғанына қарамастан болашақ ұрпағы үшін тәуелсіздікке ұмтылды, соның жолында сан мәрте қанын төкті, жанын пида етті. Тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге 25 жыл өткенімен, бұл – тарих  үшін қас-қағым сәт. Осындай сәтте артымызға қарап, күні кеше жүріп-өткен жолымызды тағы бір саралау біз үшін аса маңызды. Иә, егер біз 1991 жылы Тәуелсіздікке ие болып, бүгінгі жетістіктерімізге қол жеткізбесек, бүгін кім болар едік? Ұлттық болмысымыздан не қалар еді?

Меніңше, біріншіден, аға буын ұмыта қоймаған кеңес халқының құрамына толық еніп, ана тілімізден айырылар едік. Соған сәл қалғанымыз бүгін айқын сезілуде. Мұның өзі қала, ауыл халқының ара-жігін ашып, оның соңы араға уақыт сала біртұтас қазақ халқының бірін-бірі түсінбеуіне әкелетін еді.

Екіншіден, өзіміздің салт-дәстүріміз де мәңгіге жоғалып,  өзге халықтың мәдениетін қабылдауға мәжбүр болатын едік. Мәселен, 1 қаңтардағы «Жаңа жыл»,   23 ақпандағы «Кеңес армиясы күні», тағы басқалары. Ал, барша шығыс халықтарының бірлігін айқындайтын  «Наурыз» мерекесі, барша мұсылман халықтарына ортақ  діни мерекелеріміз, түбі бір түркі тілдес халықтарға тән салт-дәстүрлер саясат әсерімен түпкілікті ұмыт болатын еді.

Үшіншіден, халқымыздың бай тарихына өскелең ұрпақ қанығып өспей, керісінше, екінші сұрыпты ұлттың кебін киер еді.  Бұл арада Қадыр Мырзалиевтің «біздің тарих ол да бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы» деген өлең шумағы сол  өткен кезеңге дәл келеді.

Төртіншіден, табиғи байлығымыз Қазақстанның гүлденуіне қызмет жасамай, керісінше, Кеңестер одағының еншісіне кетіп, экономикамыз бұрынғысынша «қалдық» принципінде қаржыландырылуы жалғасар еді.

Жазып алған:

Абай АҚМҰРЗИЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*