ӘҢГІМЕНІҢ АРҚАУЫ – АВТОКРЕСЛО

Парламент депутаттары Қазақстанда балаларға арналған автокреслолар туралы талапты бір жылға шегеруді, автокреслоларды тек алты жасқа дейінгі балаларға ғана міндеттеуді сұраған болатын. Бұдан кейін жаңа жол қозғалысы ережесін Сенат депутаттары да сынады. Дегенмен, 20 қаңтар күні өткен тыңдауда ҚР Ішкі істер министрлігінің әкімшілік полициясы комитетінің басқарма бастығы Қанат Сәдуақасов балалар автокреслосына қатысты талапты кейінге қалдыру жол апаты құрбандары санының көбейіп кетуіне әкеліп соғуы мүмкін екеніне тоқталды.

 – Біздің есептеуімізше, жол-көлік оқиғаларында жыл сайын 7-10 балаға дейін көз жұмса, 140-150 бала жарақат алады. Бұл бүгінгі таңдағы басты мәселе.  Ал, енді аталмыш норманы 12 айға кейін шегеру балалар өлімін тағы көбейтеді, – деді Қ.Сәдуақасов. Айта кетейік, өткен жылы жолаушы балалардың қатысуымен 1399 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан балғындардың 89-ы қаза болған, 1704-і жарақат алыпты. 

Мәселенің мәнісін білу үшін облыстық ішкі істер департаментінің әкімшілік полиция басқармасына хабарласқанбыз. Олар әзірге орталықтан ешқандай нұсқау келмегенін, қазіргі күні жүргізушілер арасында профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатқандығын айтты.

Қоғамда балалардың автокреслосына қатысты әңгіме қызып тұр. Жол қозғалысы туралы жаңа ереже мен заңға өзгерістерге орай пікірін білдіріп жатқандар да аз емес. Соған қарамастан полицейлер жұртшылықты балғындардың қауіпсіздігі үшін ақша үнемдемеуге шақыруда. Ал, облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полиция  басқармасының бөлім бастығы Досай Жұпқалиев жаңа талапты орындамаған жүргізушілер әзірге тәртіпке шақырылмағанымен, олар жауапкершіліктен тыс қалмайды дейді.

Қара жолда қатер бар

…17 қаңтар күні Құлсары мен Атырау аралығындағы жолда жантүршігерлік көлік апаты болды. «КамАЗ» бен жеті орындық шағын автобустың бетпе-бет соқтығысуынан алты адам қаза тапты, оның үшеуі – әйел. Ауыр техниканың жүргізушісі мен таксиде отырған жолаушы – ауруханада. Дәрігерлер сырқаттардың жағдайы ауыр деп отыр.

Сұмдық оқиға жол бойындағы қауіптің азаймағандығын анық көрсетті. Сондықтан жүргізушілерге талаптың күшеюі, тәртіптің қатаюы аса маңызды. Алайда, Ішкі істер министрлігінің әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Игорь Лепеха «жалпылай алғанда, елімізде көлденең жағдайлардың азайғандығы байқалады» дейді.

– Қазіргі күні жұртшылық жол қозғалысы ережесін барынша сақтауға ұмтылуда. Барлық бағыт бойынша көлденең жағдайлар азайып келеді. Айта кетерлігі, былтыр апаттың саны 70 пайызға өскен еді. Соңғы үш жылда алғаш рет жол-көлік оқиғалары 13 пайызға төмендеді. Жол үстінде қаза тапқандардың 15 пайызы – шетелдіктер, ал бұл дегеніңіз – 600-дей адам. Жараланғандардың саны 13,2 пайызды құрайды, яғни 2013 жылы жарақат алғандардың қатары 29 800 болса, ол көрсеткіш былтырғы жылы 25 900-ге төмендеді, – дейді Игорь Лепеха.

Бала аман болсын деп…

Комитет төрағасының айтуынша, автокреслолар 12 жасқа дейінгі сәбилер арасындағы өлім-жітімді 71 пайызға кемітеді. Ал, одан жасы үлкендеу балалардың аман қалуына арнайы автоқұрылғылар мүмкіндік жасайды.

– Қазақстан БҰҰ-ның «Жол жүрісі туралы» халықаралық конвенциясын ратификациялады. Егер республика халықаралық актілерге қосылатын болса, ол нормалар басым болып табылады. Біз өзіміздің ұлттық заңнамамызды халықаралық талаптармен сәйкестендіруіміз шарт. Сол конвенция бойынша және оны жүзеге асыру аясында, жол-көлік апаты кезінде балалар үшін көліктегі қауіпсіздік белбеулері тиімсіз болғандығын ескере отырып, көлікте отырған балаларға арнайы ұстап тұратын құрылғылар жөнінде бірыңғай ережелер жасақталды. Осы пункт туралы сөз қозғағанда барлығы бірден балалардың автокреслолары туралы айтады. Ол – тек көп құрылғылардың біреуі ғана. Конвенцияда, заңда, ережелерде, барлық жерлерде «балаларды ұстап тұратын құрылғылар» деп жазылған», – деді ол.

Әлемнің 80 елінде аталған Конвенцияның ережелері өмірге кеңінен енген. Көршілес Ресей де осынау нормаларды пайдалана бастапты. Сондықтан, комитет басшысының пікірінше, елімізде бұл талаптарға кезінде ешкім қарсы дау айтпаған. «Бұл нормалар жыл бойында талқылағанында қоғам мүшелері апат кезінде балалардың өлімін азайтуға септігін тигізетін ереже ретінде қолдау білдірді» дейді бас жол сақшысы.

Полицей  неге  жауап таппай  қиналады?

Солай десек те, жаңа талап халық арасында кезінде кеңінен насихатталмағандығы рас.  Былтыр «Жол қозғалысы туралы» жаңа заң жарияланған тұста да мәселен, облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полициясының өкілдері тұшымды жауап бере алмады. Осы ахуал бүгін де қайталанып отыр. Ал, комитет басшысы қазіргі жағдайды өзге себеппен байланыстырады.

 – Неге екені белгісіз, ақпарат құралдарында тек балалар орындықтары туралы сөз болады. Өзге құрылғылар туралы айтылмайды, ал олар өте көп. Мәселен, қауіпсіздік белдігіне тағылатын құрылғы белдіктің үстіңгі және астыңғы бөліктерін қосады, осылайша оның бұрышын өзгертеді. Ондай құрылғы тағылмаса, белдік баланың бұғанасын сындырып жібереді немесе мойнын қысып қалады. Ресейде қауіпсіздік белдігіне тағылатын мұндай құрылғының құны 300 рубль тұрады. Бізде шамамен 1 мың теңгенің айналасында болуы мүмкін. Бустерлер бар, баланың астына жастық қойылады да, ол биіктеу отырады, – дейді Игорь Лепеха.

Әкімшілік полиция комитеті басшысының баяндауынша, өткен жылы Қазақстанда жол-көлік апаттарынан 89 бала қаза тапқан, 1704-і жарақат алыпты. Жаңа жылдың алғашқы аптасының өзінде 6 балдырған қыршынынан қиылған көрінеді және 17-сі жараланған. «Мысалы, 1 қаңтар күні Алматы облысында екі көлік бетпе-бет келіп соқтығысып, бір бала жантәсілім етті, екеуі жарақат алды. Сол күні көлік аударылып, тағы бір бала қайтыс болды. Міне, нақты фактілер. Ал, біз қазір қаржылық сұрақтарға мән беріп отырмыз» дейдіИгорь Лепеха.

 

«…Алыңыз, арзанға  беремін!»

Балалардың автокреслосына қатысты талап күшейген тұста оның бағасы күрт қымбаттап кетті.  Елімізде автокреслолардың бағасы 100 мың теңгеге дейін жетсе, бустерлердің бағасы 4500-ден бірден 9000 теңгеге дейін көтерілген. Жергілікті жарнамалық газеттердің беттері де осынау дүниені саудалаған хабарландыруларға толы. Соның екі-үшеуіне әдейі телефон шалдық.

– …Автокреслолар қажет пе? Қаланың қай жерінде тұрсыз, айтыңыз, қазір апарып беремін. Біздің өніміміз – Ресейдікі, өте сапалы, әрі арзан. 36 килограмға дейінгі салмаққа есептелген. Басқа жерлерде автокреслолардың бәсі 25 мыңнан басталады, ал, мен сізге 15 мыңға-ақ беремін. Екі-үшеуін алсаңыз, әлі де түсіремін, – деген саудагер сөйлеуге мүмкіндік берер емес.

Өзге сатушылардың да әңгімесі осылай өрбіді. Ал, «Дина» базарында балалардың автокреслосы орташа алғанда 17 мың теңгеден саудалануда екен. «Мұндай тауарларды (автокресло) бұрын көп әкеле қоймайтынбыз. Қазір оған сұраныс жоғары болып тұр. Әкелгеніміз көп кідірмей өтіп кетеді» дейді біз тілдескен саудагер. Ол қауіпсіздік белдігіне тағылатын құрылғылардың құны 3 мың теңгені құрайтынын да айтып жатты.

Жаңа талапқа байланысты жергілікті полицейлер жүргізушілерді тәртіпке шақыра қоймағанымен, Астананың жол сақшылары қазірдің өзінде 20 адамға айыппұл салып үлгерді. Себебі, олар балаларын автокреслосыз тасымалдаған екен.  Сонымен қатар, қалада күндізгі уақытта жарығын жақпай жүргені үшін 724 көлік иесі жауапкершілікке тартылған.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*