«АҚ БҰЛАҚ» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯҚСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

Әрине, қажетті қаражаты қазынадан бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес жүргізіліп, атқарылуға тиісті іс-шаралар тиянақталғанымен, сол нысандардың өзін дер мезгілінде тұрғындардың игілігіне беру жағы баяулап тұрғандығы да баяндалды. Нақтылай кетсек, «Ақ бұлақтың» шеңберінде салынып, сапқа қойылған нысандардың саны көп те, нақты іске қосылғаны аз болып тұр.
Мұның басты себептері ретінде хабарламашы кезінде олардың нобайының бір мердігердің қолына беріліп кетіп, кейіннен сол компаниялардың мойнына алған міндеттерін орындауда жауапсыздық танытуымен, түрлі дәлелдерді көлденең тартып, бастаған жұмыстарын толыққанды аяқтай алмай отырғандығымен түсіндірді. Осыған орай көптеген дәйек-деректерді де келтірді. Сонан соң күн тәртібіндегі мәселе төңірегінде Құрманғазы, Индер, Қызылқоға аудандары мен Атырау қаласында қалыптасқан ахуалға тоқталды. Бір сөзбен түйіндегенде, әлгінде айтылып кеткендей, бұлардың бәрінде де бағдарламада қамтылған ауыз су құбырлары мен жүйелерін, тұтастай алғанда тораптар мен имараттарды тұрғызу бағытында жүзеге асырылуға тиісті жұмыстар 90-95 пайыз көлемінде орындалғанына қарамастан мердігер ұйымдардың салғырттығынан халықтың игілігіне берілмей, межеленген мерзімінен кешіктіріліп отырған көрінеді. Мұны селекторлық кеңеске қатысқан өңір басшыларының өздері де жоққа шығармады.
Селекторлық кеңесте екінші мәселе ретінде қаралған келер қыс маусымына дайындық жайында да облыстық энергетика, тұрғын үй-коммуналды шаруашылық басқармасының басшысы Ақылбек Байшахановтың хабарламасы тыңдалды.
Оның айтуынша, облыс әкімдігінің 2013 жылдың 26 сәуіріндегі №54 «Энергиямен қамтамасыз ету кәсіпорындарын, тұрғын үй-коммуналдық және әлеуметтік салалар объектілерін 2013-2014 жылдардың қысқы кезеңіне әзірлеу туралы» қаулысына сәйкес облыстық штаб құрылып, атқарылатын жұмыстардың іс-шаралар жоспары бекітілген.
Қаулыда атап көрсетілгеніндей және соның негізінде қала мен аудан әкімдіктері тарапынан қабылданған шешімдерге сай әлеуметтік салаға қарасты нысандарға жылу 5 қазанға дейін, ал орталықтан жылытылатын көпқабатты тұрғын үйлерге 15 қазаннан бастап берілуі тиіс болатын.
Осылайша, күні бүгінге облыс бойынша жылу жүйесіне қосылуға тиісті 377 білім беру мекемесінің 306-ына немесе 81 пайызына жылу беріліп үлгерілген. Бұдан бөлек, 152 денсаулық сақтау нысанының 150-і немесе 99 пайызы, сондай-ақ мәдениет саласына қарайтын 257 нысанның 47-і немесе 18 пайызы ғана жылумен қамтылған. Ал, жүйелері кестеге сәйкес сынақтан өткізіліп, дайындық сапына қойылған 1488 көпқабатты тұрғын үйді де қазанның 15-інен қалдырмай жылумен қамту көзделуде.
Негізінен алғанда, облыста сын кезеңге қамданыстың барысы ойдағыдай деп бағаланғандығына қарамастан, әлі де болса қамшылай түсер олқы тұстардың барлығын да хабарламашы жасырмады. Бұл жөнінде кеңес жұмысын қорытындылаған аймақ басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы да өзінің орынбасарлары мен қала, аудан әкімдеріне, салалық басқарма, департаменттер мен тиісті құрылымдардың басшыларына нақты тапсырмалар беріп, міндеттер жүктеді.

Дәулетқали АРУЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*