АҒАЙЫНДЫ МАЙДАНГЕРЛЕР

Жастайынан ұстаздық жолды таңдаған Мұханәлі 1932-1935 жылдары Дүйнебай, Жанбай ауылдарындағы бастауыш мектептерде мұғалім, кейін меңгеруші болып, жұмыс істеді.

Сұрапыл соғыс басталғанда отыз бестен асқан ұстаз жігіт ауылда алғашқылардың бірі болып, Отан қорғауға аттанды. Дегенмен, Мұхаңның майдан жорығы қысқалау болды, денсаулығы нашарлап, өзі сал ауруына ұшырауына байланысты елге ертерек оралады. Біраз емделіп, саулығы түзеле бастаған шақта соғыс та жеңіспен аяқталды. Ал, Мұханәлі болса, өзінің ұстаздық қызметін одан әрі жалғастырып, 1945-1949 жылдары Сартөбе орталау мектебі оқу ісі меңгерушісі, кейін К. Маркс орта мектебінде, сосын 1954 жылдан өмірінің соңына дейін Андреев атындағы орта мектепте шәкірттер тәрбиелеуге үлесін қосты.

Кәкімжан болса, 1942 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін Новобогаттағы Фрунзе атындағы жетіжылдық мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет атқарды. Он сегізге толған жас ұстаз сол жылдың аяғында қызыл әскер қатарына шақырылып, Ақтөбе қаласында әскери дайындықтан өтісімен кіші командир ретінде майданға аттанды. Кәкімжан 1943 жылы, 3-ші Украин майданының құрамындағы 16-шы гвардиялық әуе-десанттар дивизиясының 7-ші гвардиялық әуе-десанттары бригадасындағы автоматшылар ротасының атқышы болып, жаумен шайқасқа түседі. Ажалмен талай бетпе-бет келген  жауынгер қаруластарымен бірге Украинаны, Молдавияны, Румынияны, Венгрияны, Чехословакия мен Австрияны неміс-фашист басқыншыларынан азат  ету үшін болған кескілескен ұрыстарға қатысып, Ұлы Жеңісті жақындатуға атсалысты.

Кәкімжан 1946 жылы елге аман-есен, жеңіспен оралды. Ұлы Отан соғысындағы  батылдығы мен қайсарлығы үшін Кәкімжан Қадірәлі-ұлы «Ерлігі үшін», «Венаны алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды.

Бейбіт өмірдегі тірлігі Новобогат ауданының Жамбыл атындағы орта мектебінде ұстаздықпен қайта жалғасты. Кейін Гурьевтің педагогикалық училищесін, Орал қаласындағы А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институтының жаратылыстану факультетін үздік аяқтады. Кәкең 1954 жылдан бастап А.А.Андреев атындағы орта мектептің директоры, ал, 1957 жылдан бастап өмірінің соңғы күндеріне дейін М.Горький атындағы орта мектебінің директоры және химия-биология пәндерінің мұғалімі болып қызмет жасады.

Білімге құштарлықпен қатар Кәкімжан Қадірәліұлы өнерге, соның ішінде күй өнеріне, домбыраға ерекше құрметпен қарайтын. Педагог, әрі психолог ұстаз мектептегі әр баланың қабілетін, өнерін бағалап, тани білуші еді.  Өнер десе, ішкен асын жерге қоятын ағайынды Қадірәлиевтер оқушыларды күй өнеріне талмай үйретіп, мектеп жанынан 80 оқушылық домбырашылар оркестрін құрды. Оған дарынды күйші Мұхаң  жетекшілік жасаса, мектеп директоры Кәкімжан Қадірәліұлы дирижерлік шеберлігін танытты.

Кәкімжанның өңіріміздің білім беру саласына сіңірген еңбегі жоғары бағаланып, 1960 жылы «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен марапатталды. Бірнеше рет Жанбай, Тұщықұдық ауылдық кеңесінің депутаты болып сайланды.

Қадірбек СЫДИХОВ,

Атырау қаласы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*