АҒА

Бүгін мен ағам туралы қалам тартып отырмын. Ол баршаңызға белгілі жан – Әбілхат Сейтімұлы. Қазақы дархандықтың, сабырлылық пен кеңпейілділіктің өлшеміндейсің сен, Аға! Өмір белестерінде қажымай, алға өрлеп келесің. Екеумізді жетелеген көке де, әке де, аға да болған жоқ. Әкеміз Қызылқоға өңіріне танымал, басшылық қызметте болған, тұңғыш Ленин атындағы кеңшардың қазығын қаққан, ғалым-зоотехник Сейтім Қуанышов еді. Ол 34 жасында дүниеден өткенде сен 7-де, мен 6-ақ жаста едім. Қарындасымыз Злиха 8 айлығында қалды. Анам Орынбасар Төлеуішқызы 27 жасында жесір, біз жетім атандық. Анам қатарымыздан кем қылмай өсірді. Парасат пайымы мол, қара ақылдың адамы болатын. Білімі жоқ болса да білігі зор еді.

Кенбай орта мектебінде оқып, өз қатарыңның алды болдың. Сенің әсіресе, математикаға дарының бөлек еді, мен де саған еліктеп өстім. 1972 жылы орта мектепті бітірген бойда Жамбыл гидромелиоративтік институтының азаматтық-өнеркәсіп құрылысы факультетіне оқуға түстің. Бұл отбасымыз үшін үлкен қуаныш, мәртебе болды.

Сол жылғы аудандық ақындар айтысында бүгінгі елімізге танымал жазушы Марат Мәжитов оны былайша жыр шумақтарына айналдырды:

…мектептегі білім жағын

қолдамашы,

 Болса да институттарға

жолдамасы.

Биыл ғана бітірген

оқушыңнан,

Жалғыз түсті Сейтімнің

сарбаласы.

Осылайша басталған қадамың әркез бізге үлгі болып келеді. Мен мектеп бітірген жылдары өңірімізде шұбартаулықтар бастамасы кең қанат жайған шақ, сыныбымен малшаруашылығына аттанып жатты. Алдымда сан арман, сан мақсат тұрды. Бір жағы сен оқудасың, апам жалғыз қалады-ау деген ой маза бермейді. Осы ойымды апама жеткізгенімде ол қатты ренжіді.

… Қарақтарым, мен өмірімді сендер үшін қиған жанмын. Ағам оқып жатыр ғой деп бағыңды байлама, неше институт оқимын десең де қолыңды қақпаймын. Сендердің табандарыңа кірген шөңге, маңдайыма қадалсын деп жүрген жанмын. Шашыммен жер сыпырсам да оқытамын,-деп бір кесті. Неткен аналық жүрек десеңші?! Әттең, өмір оған екеуміздің, қыздарының қызығын көруді жазбады, өкінішті-ақ.

Әкеміз қадасын қаққан кеңшарда екеуміз де еңбек еттік. «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» дегендей, талай асыл азаматтардың шапағына бөлендік. Тектінің ұрпағы деп әлі күнге қадір тұтады.

Еңбек жолыңда қарапайым құрылысшыдан бастап, құрылыс шеберіне дейін өстің. Еліміз нарықтық реформаға көшкен сәттен бастап, кеңшар директоры Құлмағанбет Қоданов ағамыз саған үлкен сенім артып коммерциялық директор етіп тағайындады. Шаруашылық өнімдерін өткізіп, халыққа қажетті тауарлар жеткіздің. Бұл бағыттағы жұмысты ұйымдастыруда аз тер төккен жоқсың. Талай рет абырой биігінен көріндің, аға.

Бірде Құлмағанбет ағаға «Әбекең саудаға жоқ қой, оны неге таңдадыңыз?» дегенімде, «ең бастысы ол адал, білмесе үйренеді, бұл жұмысты сұрағандар көп, оларға берсем бүкіл кеңшарды сатып жібереді ғой» деп күлген еді. Бұл да сенің тазалығыңның кепілі.

Кейінірек кәсіпкерлікпен айналысып, елге қал-қадірінше қызмет еттің. Әлі де тұғырдан түспей, бүгінде алпыстың биігінен көріндің.

Бәрі-бәрі есімде…кешегі көңіліңнің аспанын қайғы торлаған, асыл жеңгем Дариғадан айырылған шақта да, сабырлы да байсалды қалпыңыздан табылып, Алланың сынағын қайыспай көтердіңіз. Шүкір, бүгінде Ай-керіміңіз анасының жолын қуып, Ақтөбе медициналық академиясын бітірді. Атырау облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінде еңбек етеді.

Өзіңіз тек отбасыңыздың ғана емес, бүкіл әулеттің тірегісіз. Қарашаңырақта жеңгеміз Нұрзила екеуіңіз Айболаттай ұл өсіріп, оның қызығына бөленіп отырсыз. Оның бал қылығы үйіңізді қуанышқа толтыруда.

Аз сөйлеп, көп тыңдау, көп оқу мен тоқу – сенің басты қағидаң. Сонау сексенінші жылдардың аяғында Доссордағы бөлеміз Кенжеақан (Кенжебай Орынтаев) жол көлік апатынан дүниеден озды. Соны соңғы сапарға шығарып салуға бардық. Алматыдан академик жазушы Зейнолла ағамыз келді.

Ертесіне ағайын-туыс жиналған сәтте Зәкең «апайды көріп отырсыңдар, Арман жас, жетісіне дейін бейітін салуды ойластырайық » деп сөз бастады. Отырғандар үндей қоймады. Сен «көрейін» деп бірауыз сөз айтып, тоқтадың. Түске жетпей Мақаттан екі машина ақ тас пен цемент әкеліп түсірттің. Сонда Зәкең «көрейін дегенге түк шықпай ма деп едім, қарағым сөздің емес, істің азаматы екенсің ғой, айналайын» деп ақ батасын беріп еді. Сол асыл қасиетіңнен жаңылмай ортаңа сыйлы, еліңе қадірлі болып келесің.

Сіздің бауырларға деген мейіріміңіз бен сағынышыңыз да ерекше. Еліміздің қай түкпірінде жүрмейін күніге үш мәрте телефон шалып, тірлігімді біліп жатасыз. Бұл да ағалық пейіліңіз деп білемін. Оны алдымдағы ағаларым, достарым, кейінгі толқын інілерім жақсы біледі. Тіпті, қабырғалы қаламгер, танымал қоғам қайраткері Мереке Құлкенов ағамыз «Бәрімізде бауыр-туыс бар ғой, Әбілхаттың мына тірлігі әбден құптауға тұрарлық. Күн сайын інісін іздеп, оның амандығын білу азаматтың асылдығы» деуі төбемді көкке жеткізді.

Артыңдағы тілекшілерің Сәуле, Злиха да әркез өзіңнің амандығыңды, отбасыңның береке-бірлігін тілеп отырады.

Аға, сен алтынның сынығы, текті асылдың тұяғысың! Еліне елеулі, халқына қалаулы, дос-жарандарына сыйлы жансың. Алты белесің тұғырлы болсын, Алланың берген жасын жасағайсың, аға! Алдағы шығар биігің, алар асуың аласармағай демекпін.

Бауырмалшылдық, туысқандық сыйластығымыз, жарастығымыз алтын жіптей үзілмей, ізетіміз бен көңіліміз жалғасып, ұрпағымыздан ұрпағымызға жетеріне сенемін. Сен барда мен биікпін, асқаралы тауымдай өзіңе арқа сүйеймін. Бақытты күндерің таусылмағай, жан аға!

Әбілхан ТӨЛЕУІШОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*