Газет тарихы

Алғашқы саны «Ерік» деген атаумен 1923 ж. сәуірдің 1-ші күні шықты. 1924 ж. тамыздың 23 — «Жұмыскер тілі», 1930 ж. қыркүйегінен «Жем жұмысшылары», 1932 ж. сәуірдің 16 — «Ленин жолы», 1933 ж. қыркүйектің 16 — «Социалистік құрылысқа», 1933 ж. қарашаның 5 — «Социалды құрылыс», 1963 ж. мамырынан — «Коммунистік еңбек» деген атаумен, ал 1990 ж. маусымның 30 бері «Атырау» деген ағымдағы атаумен шығып келеді.

Ұзақ жылдар аптасына 5 рет шыққан газет соңғы жылдар бері аптасына үш рет шығады. Ол 1923—30 жж. — уездік, 1930—33 жж. — аудандық, 1933—38 жж. — округтік (аймақтық), 1938 ж. бері — облыстық газет.

«Атырау» газеті Қазақстанның батыс өлкесіндегі алғашқы ұлттық басылымдардың бірі. Оның негізін қалап, материалдық базасын жасақтап, алғашқы нөмірлерін шығарған 1923 ж. Гурьев уездік партия комитетінің бірінші хатшысы болған Төлепкерей Өтеулиев. «Еріктің» № 1 санының бас мақаласын жазған да сол. «Тірлік осымен табылады» деп аталған осы бас мақалада негізгі ой «Халықтың оқу-білімінің маңызы, ерікті ел болудың басты шарты-оның сауаттылығында» дегенге саяды. Облыстық газет өзінің бүкіл тарихында осы ойды, жан-жақты насихаттаумен келеді.

Редакция

1980 жж. редакцияда 7 бөлім, 56 адам жұмыс істеді. Ал 1995 ж. бері редакцияда бөлім жойылды. Бұл Қазақстан редакцияларындағы жаңалық болды. Журналистер жеке проблемалар бойынша бас редактор мен оның екі орынбасарының тікелей басшылығымен жұмыс істейді.

1997 ж. қарашасынан «Атырау» газетінің өзі компьютермен шығарыла бастады. Гәзет 2006 ж.аптасына 66 мың данамен тарауда. Бұл бұдан 5 жыл бұрынғыдан 2,5 еседей көп таралым.

2000 жж. басында гәзет таралымы 10 мың болса, бүгінде таралым 26 мыңнан асты. Бүгінде гәзетте 30-дан астам қызметкер жұмыс істейді. Олардың жартысы шығармашылық жартысы техникалық топтан тұрады.

Әйгілі тұлғалар

Газет тарихы бай. Оған кезінде Әбу Сәрсенбаев, Асқар Тоқмағамбетов, Сәбит Мұқанов, Ғабдол Сланов, Хамит Ерғалиев, Жұмекен Нәжімеденов, Берқайыр Аманшин мақала-өлеңдері мен әңгімелерін жолдап тұрған. Зейнолла Қабдолов, Әбіш Кекілбаев өмір бойы біздің газетпен тығыз байланыста келеді.

Газетте Тауман Амандосов, Меңдекеш Сатыбалдиев, Фариза Оңғарсынова, Марат Ысқақов, Берік Қорқытов, Аманқос Ершуов сынды белгілі әдебиетші-жазушылар жұмыс істеп, қанаттанды. Нүреден Мұфтахов, Тілек Дәулетов, Ізімберген Ісхожин сынды республикаға танымал журналистер, әлем классиктерін қазақ, қарақалпақ тілдеріне алғашқы аударған Жүсіп Жантөрин, Қыдырғали Сасықов сынды ертеде елге танылған аудармашылар жұмыс істеді.

Марапаттары

Гәзет 1973 ж. «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды, 1990 ж. М.И. Ульянова атындағы Бүкілодақтық сыйлыққа ие болды.

Бас редакторлары

  • Т. Жауыров
  • Т. Өтеулиев,
  • С. Мәмбетов,
  • С. Жақыпов,
  • Ғ. Махамбетов,
  • К. Жаншөрин,
  • А. Тоқмағанбетов,
  • Қ. Өтепов,
  • И. Нышанбаев,
  • О. Елеубаев,
  • З. Сыздықов,
  • Ш. Қожахметов,
  • С. Төлебаев,
  • С. Сауырғалиев,
  • М. Байтұрсынов,
  • А. Құрманов,
  • Б. Омаров,
  • Х. Нұрмұхамбетов,
  • Т. Бисекенов,
  • Н. Қабылов.