Оқушы сөмкесі неге ауыр?

Әр оқу жылының басында оқушылар ата-аналарымен бірге мектепке арналған сөмке таңдауға дүкендер мен базарларға барады. Бастауыш сынып оқушылары үшін бұл қуанышты да, маңызды іс. Оның әдемі де, ыңғайлы болуын барлығы қалайтыны рас. Балалардың сөмкелері әртүрлі. Түстері де, формалары да, суреттері де. Осы мәліметтерге қарай отырып, «мектеп сөмкесінің бала денсаулығына қаншалықты әсері бар?» деген ой мені де толғандырды.

fb84140ac8e1dcd13be895191184b539503b13b5

«Сөмке неге ауыр, оның ішінде не бар?» деген сұрақтарға жауап іздедік.

Қойылатын талаптар: Мамандар мектеп сөмкелеріндегі иыққа ілер тұстағы жолақтың жалпақ болу керектігін айтады. Сөмке қымбат болса да әйгілі брендтердің сапалы сөмкесін жас және жыныс ерекшелігіне сай таңдау керек. Түс және сурет бұл өте маңызды. Ресейлік мамандар осы мәселені зерттей келе, портфельдің салмағы оқушы салмағының 1/10 болуы тиіс дегенді айтады. Балаңыз 27 келі тартса, сәйкесінше, мектеп «дорбасы» да 2,7 келіден артық болмауы керек. Ал, төменгі сынып оқушыларының сөмкелері 1200 грамның шамасы болса құба-құп. Өз кезегінде ресейлік санитар-мамандар бастауыш сыныпқа арналған оқулықтардың салмағы 300 грамнан, 5-6 сыныптар үшін – 400 грам, 7-9 сынып оқушыларына 500 грамнан аспауы керектігін есептеп шығарған. Сонымен қатар, сөмкені арқаға ілгенде, сөмке екі иыққа бірдей ілінуі керек. Португалия мемлекетінің мамандары да осы формуланы құптаған. Оқушының сөмкесіндегі кітаптың салмағы бала салмағының 10%-ын ғана құрауы керек. Осы тепе-теңдік ескерілген жағдайда ғана баланың денсаулығына ешқандай қауіп төнбейді.

Бала денсаулығына тигізер әсері

Жалпы, мектеп оқушыларының «қоржындарының» ауырлығы мен шамадан тыс заттарды тасуы денсаулыққа кері әсерін тигізбей қоймайды екен. Баланың қан қысымының қалыптан шығуына септігін тигізеді. Тіпті, әлі қатая қоймаған оқушының кеуде сүйектерінің қисаюына әкеліп соғатын көрінеді. Ол аз болса, мұның салдары мидың қалыпты жұмысына кері әсерін тигізеді.

Қандайда болмасын ауыр салмақ оқушының омыртқа жотасымен арқа бұлшық еттеріне әсер етеді. Жас ұлғайған сайын оның зардабы үлкейе түседі.

Өкінішке қарай, біздің елімізде мектеп сөмкесінің қандай болуы керектігін қадағалайтын мемлекеттік стандарттар жоқ.

Зілдей «қоржыннан» зықымыз шықты

Әлихан ҚАЙЫРҒАЛИЕВ, Ж.Қаражігітов атындағы №16 мектебінің 8 «в» сыныбы оқушысы: Күнде мектепке жиналған кезде сөмкенің ауырлығынан запы болып жүрміз. Онымен қоғамдық көлікке міну де ыңғайсыз. Кондукторлар «сөмкелеріңді қолдарыңа алыңдар, адамдарға қолайсыздық тудырасыңдар» деп ұрсып жатады. Біз оны арқалайын деп арқалап жүрміз бе? Ал, дамыған елдерде оқушылар кітап, қағаз арқаламайды екен. Мектептерде арнайы сөрелерге әр оқушы өз кітап-құралын салып кететін көрінеді. Осыны естігенде өте қызығатыным рас.

Дәрігер кеңесі

Бақтылы АХМЕТОВА, №1 емхана директорының орынбасары: Ауыр сөмкені бір қолда ұстау немесе сөмкені бір иыққа асыну оқушы үшін зиян. Ауыр салмақ дененің бір жағына түсіп, сүйек қисайып, бүйректің төмен түсуіне әкеліп соқтырады. Дұрыс таңдалмаған мектеп сөмкесі 50% скалиоздың пайда болуына әкеледі. Скалиоз – омыртқа жотасының бір бүйірге қарай қисаюы. Сондықтан, балалар үшін ортопедиялық арқасы бар сөмке таптырмас құрал болады. Сөмке сатып алған кезде мұқият болып, бос сөмкенің салмағы жарты келіден аспауы керектігін ұмытпаған абзал. Бірінші сыныптың әр кітабы 300 граммнан, ал, жоғарғы сынып оқушысының кітаптары 500 граммнан артық болмағаны жөн.

Сөмкені сатып аларда әр ата-ана төмендегі белгілерді ескергені дұрыс:

  • Сөмке көлемі арқадан жалпақ болмасын;
  • Оның төменгі бөлігі белден төмен түспегені абзал;
  • Ішіне салатын оқулықтар бір-біріне тығыз орналасуы керек;
  • Материалы мамандардың айтуына сүйенсек, сапалы полиестерден болғаны жөн.
  • Сонымен қатар, қараңғы кезде көзге шағылысатын жарқын түсті жолағы болғанына назар аударыңыз. Ол жаяу жүргіншілер жолынан өтер кезде жүргізушілердің көзіне бірден түссін, сонда қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*