Әскерилерді тұрғын үймен қамту қалай шешілуде?

«Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заң әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін жаңа бағытқа бұрды. Ол әлеуметтік қамсыздандырудың маңызды бөлігі екендігі белгілі. Осы заң қолданысқа енгізілгеннен бастап, әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету қағидаларын түбірімен өзгертуде.

1

Қолданыстағы тұрғын үй қатынастары туралы заңнама әскери қызметшілерді үш санатқа бөледі:

1) 2013 жылғы 1 қаңтарға әскери қызметте 10 жылдан кем болған келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге түрғын үйді жалдағаны үшін мақсатты өтемақы төленді;

2) 2013 жылғы 1 қаңтарға әскери қызметте он жылдан көп болған келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге берілген қызметтік тұрғын үйді қалдық құны бойынша жекешелендіруге құқылы болды;

3) 2013 жылғы 1 қаңтарға әскери қызметте он бес және одан да көп жыл болған әскери кызметшілер күнтізбелік есептеуде әскери кызметтің жиырма жылы өткеннен кейін қызметтік тұрғын үйді өтеусіз жекешелендіруге құқылы болды. Қызметтік тұрғын үй өтеусіз жекешелендіруге жатпаған жағдайда, олардың құқықтары ақшалай каражатпен өтелді.

Алайда, осы заңның ережелері қолданысқа енгізілгенімен әскери қызметшілердің тұрғын үй мәселесі толығымен шешіле қоймады. Екінші санаттағы әскери қызметшілердің көпшілігі жеткілікті қызметтік тұрғын үй қорының жоқтығына байланысты әлеуметтік жағынан ең осал топ болып қала берді.

Осыған байланысты, Қорғаныс министрлігі тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша бірқатар заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын әзірледі. Биылғы жылдың 28 маусымында Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынылған заң жобасының ерекшелігі еліміздің Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарының әскери қызметшілерін тұрғын үймен қамтамасыз ету жүйелерін жетілдіруді мақсат етеді.

Осы заң жобасының аясында, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 13-1 тарауында белгіленгендей, мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне арналған тұрғын үймен қамтамасыз ету жүйесіне әскери қызметшілерді ауыстыру қарастырылады.

Арнайы мемлекеттік органдардың оң тәжірибесін ескере отырып, әскери кызметшілердің, олардың отбасы мүшелерінің және әскери зейнеткерлердің тұрғын үй құқықтарын жүзеге асырудың бірден-бір тиімді құралы ретінде тұрғын үй төлемі алынды.

Осы тұрғын үй төлемінің мәні мен мағынасын ашып айтсақ.

Тұрғын үйге мұқтаж әскери қызметшілерге, олардың еңбек сіңірген жылдарына карамастан, отбасы құрамын ескере отырып екінші деңгейдегі банктерде ашылған жеке арнайы шотқа тұрғын үй төлемі ай сайын аударылады. Содан соң, тұрғын үй төлемін алушының тапсырмасы бойынша екінші деңгейдегі банк заңда көзделген мақсаттарға ақшалай қаражаттарды аударады (ипотекалық қарызды пайдалана отырып немесе төлемді бөліп-бөліп өтеу арқылы, тұрғын үйді жалдау ақысын төлеу немесе кейіннен сатып алу мақсатында тұрғын үйді жалдау ақысын төлеу үшін пайдалану, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу кезінде жарналарды төлеу үшін пайдалану, тұрғын үй құрылыс жинақ салымдары түріндегі жинақтарды толтыру үшін пайдалану және тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін пайдалану арқылы тұрғын үй-жайды меншікке алу).

Жекешелендіруге жатпайтын қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз етілген әскери қызметшілерге тиісті тұрғын үй төлемінің 50 пайызы аударылатын болады.

2013 жылғы 1 қаңтарға әскери қызметте он жылдан көп болған келісімшарт бойынша әскери кызметшілердің қызметтік тұрғын үйді қалдық құны бойынша жекешелендіру құқығы сақталатын болады. Сонымен бірге, күнтізбелік есептеуде әскери қызметтің жиырма жылы өткеннен кейін осы әскери қызметшілер қызметтік тұрғын үйді өтеусіз жекешелендіру құқығына ие болады. Қызметтік тұрғын үй өтеусіз жекешелендіруге жатпаған жағдайда, олардың құқықтары ақшалай қаражатпен өтеледі.

Бұл заң жобасындағы жаңалық, жоғарыда айтып өткен әлеуметтік жағынан осал әскери қызметшілердің құқықтарын қорғауға және әлеуметтік әділеттілікті орнатуға едәуір әсерін тигізеді.

2018 жылғы 1 қаңтарға дейін тұрғын үйге мұқтаж, бірақ қамтамасыз етілмеген әскери қызметшілер әскери қызметтен шығарылған кезде (теріс себептермен шығарылған жағдайдан басқа) тұрғын үйге мұқтаж болып танылған уақыттан бастап барлық қызмет кезеңіне біржолғы ақшалай төлем түріндегі тұрғын үй төлемін алады.

Айта кететін жағдай, бұл ереже тұрғын үйді жекешелендіру құқығын немесе қызметтік тұрғын үйді өтеусіз жекешелендіру құқығын жүзеге асырған әскери қызметшілерге қатысты болмайды.

Қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшілердің отбасы мүшелерін және әскери қызметтен шығару себебі қызмет атқару кезеңінде болған мертігу (жаралану, жарақаттану, контузия алудан) салдарынан әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысы бойынша әскери есептен шығарумен қызметке жарамсыз болып танылған әскери қызметшілерді әлеуметтік қорғауға да ерекше көңіл бөлінгенін атап айтқан жөн.

Оларға біржолғы ақшалай өтемақы түріндегі үй төлемі әскери қызметшінің қызмет атқарған Қазақстан Республикасының тиісті өңіріндегі жаңа тұрғын үйдің құнымен тең төленеді. Сонымен қатар, әскери зейнеткерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету өзекті мәселе болғандықтан, жаңа заң жобасы шеңберінде әскери қызметке еңбек сіңірген жылдары 20 жылдан астам болатын, қазіргі кезде жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда тұрып жатқан әскери зейнеткерлерге де өтеусіз жекешелендіру құқығының орнына біржолғы ақшалай өтемақы төлеу қарастырылатын болады.

Тұрғын үй қатынастарын реттейтін заңнамада болатын өзгерістер әскери қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандыру бағытында ерекше қорғайды. Олардың әлеуметтік-құқықтық мәртебесін нығайтады және жалпы алғанда әскери қызметтің беделін арттыруға ықпалын тигізеді.

Алғатай НҰРҒАЗЫҰЛЫ

Батыс аймағы әскери прокуратурасының аға прокуроры

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*