Күйші-домбырашы Айгүл Үлкенбаеваның шығармашылық кеші өтті

Құрманғазы мәдениет сарайында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, дәулескер домбырашы Айгүл Үлкенбаеваның шығармашылық кеші өтті.

1

«Осы жолы рухани жаңғыруға байланысты Атыраудан «Елбасымыздың күніне келсеңіз деген» ұсыныс түсті. Шынымды айтсам, жинақталуыма үлкен қамшы болды. Туған жеріме келетін болғаннан кейін жаңа бағдарлама әкелуге тырыстым. Жаңа топтағы музыканттардың бәрі өте танымал, талантты жігіттер. Сондықтан, бүгінгі мерекелік кешіміз халықтың көңіл күйінің көтерілуіне септігі тисе, біз өте қуаныштымыз. Жасаған еңбектеріміздің нәтижесі сол деп ойлаймын»,-деді өнер иесі.

Айгүл – орындаушылық жағынан шашасына шаң жұқпас жүйрік қана емес, шәкірт тәрбиелеп жүрген ұстаз. Оның 2006 жылдан бері мектеп студиясы жұмыс істейді. Шараға шәкірттерінің өнерін көрсету мақсатында оларды арнайы ертіп әкеліпті. Солардың ішінде ең кішкентайы – Ықылас Сүпігалиева. Ол үлкен сахна төріне алғаш қадамын жасады. «Мен Айгүл Нариманқызының шәкіртімін. Ол сабақты өте жақсы үйретеді. Өскенде апайым сияқты күйші боламын»,-деген арманын білдірді.

Талант иесі кештің шымылдығын Қ.Ахмедияровтың «Табыну» күйімен ашып, Құрманғазының «Қайран шешем», Динаның «Бұлбұл», Есбайдың «Терісқақпай», Мырзаның «Ташауыз», Махамбеттің «Өкініш», Динаның «Науысқы» күйлерін тартып, елдің көңілін жадыратты. Кеш соңын Д.Нұрпейісова атындағы музыка колледжінің домбырашылар тобымен және шәкірттерімен бірге күй тартыс жасап аяқтады.

Гүлдана Жамбозова

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*