Атырауда жекпе-жектен тұңғыш рет Әлем чемпионаты өтеді

Атырауда тұңғыш рет ұлттық жекпе-жектен халықаралық дода өтпекші. Оған әлемнің жиырма елінен барлығы 200-ден астам спортшы бақ сынайды. Оның оны – ұлттық құрамадан, үшеуі – атыраулық спортшылар.

IMG_6511

Атап айтар болсақ, қазақ жанкүйерлерінің сүйікті спортшысы, Еуразия және әлем кубоктарының иегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Арман Ашимов 57, Азияның күміс жүлдегері Серік Бауыржанұлы 53 және панкратион мен «ММА» спорт шебері Исатай Теміров 75 келі салмақта өнер көрсетпек. Бұл туралы Атырау теннис орталығында өткен баспасөз жиынында да айтылған еді. Қазақстан ұлттық құрама командасының мемлекеттік жаттықтырушысы – Дамир Манарұлы, ал, жарыстың бас төрешісі – Ресей құрамасының өкілі Олег Рябин. Сондай-ақ, ұлттық құрама команда капитаны – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 14 мемлекет ішінен Азия чемпионы атанған Мирас Ұлықпанов.

Облыстық жекпе-жек ұлттық спорт федерациясының президенті Мадихан Бекбенбетовтің сөзінше, жекпе-жек – қазақтың байырғы жауынгерлік өнері. «Осындай жаңадан дәстүрлі туринир ұйымдастыру бастамасы Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындап отыр. Оны өткізетін орын ретінде Шымкент, Ақтау және басқа да үміткер қалалар арасынан Атыраудың таңдап алынуы тегін емес. Өйткені, бұл – батыр бабалар мекені. Ал, жекпе-жек тек күш-қуаты ғана емес, рухы жалындап, жігері жасымаған нағыз батырларға ғана тән спорт түрі. Демек, жарысты өткізудегі мақсат – жүлделі болуда емес, мынау жаһандану заманында ешқандай қиындыққа мойымайтын ұрпақ тәрбиелеу»,-деді ол.

IMG_6510

Атырау қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ринат Ибрагимов, халықаралық дода облыс және қала әкімдіктерінің қолдауымен өткізіліп жатқанын айтып, барша атыраулықтарды 1-3 желтоқсан күндері аралығында өтетін жекпе-жек сайысын тамашалап, жерлестерімізге жанкүйер болуға шақырды.

Айта кетейік, байрақты бәсеке Атыраудағы орталық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде өтеді. Уақыты:10.00-18.00. Кіру тегін.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*