Пойызда нәресте дүниеге келді

Өмір деген қызық қой. Жарық дүниені көрейін деген нәрестеге перзентханада туылу шарт емес екен. Жуырда «Маңғыстау-Атырау» пойызында Сайөтес пен Бейнеу стансалары аралығында жүйткіп келе жатқан пойызда кішкене нәресте дүниеге келіпті. Жас ананы №313/314 бағытындағы пойыз бастығы Ақмарал Өтепова босандырып алған.

Новорожденный-ребенок.-Рефлексы-новорожденного

Оқиғаны баяндар болсақ, кешкі сағат алты шамасында «Маңғыстау» стансасынан Атырауға қарай пойыз қозғалып кетеді. Сағат сегіздерде пойыз бастығы Ақмарал Орынбасарқызы нұсқаулыққа сай барлық вагондарды аралап, жағдаймен танысады. Бәрі де қалыпты, өз орнымен. Алайда екі сағат өткен соң 16-шы вагонның жолсерігі жүгіріп келіп, бір жас ананың толғатып жатқанын айтады. Келсе, 22 жасар Жұпар есімді келіншек толғатып жатыр, өзі әрі әлсін-әлсін талықсып кете береді. Бұл жәй дереу рация арқылы вокзал кезекшісіне хабарланады. Сайөтес стансасынан фельдшер мен жас акушер қыз келіп: «Бізде аурухана жоқ, жедел жәрдем машинасы тағы жоқ, не болса да Бейнеуге жету керек»,-дейді. Ақмарал екі дәрігерді пойызға мінгізіп алады. Бірақ жас ананың толғағы күшейеді. Бейнеуге жететін шама жоқ, не де болса босандырып алу керек.

Акушер бұрын іс жүзінде әйелді босандырып көрмеген екен, фельдшер де  жүрексінеді. Содан Ақмаралдың өзі кірісіп кетеді. Өкінішке қарай, бала теріс келіп тұр екен. Мұндайда тіпті кәсіби мамандардың өзі қиналады. Ойланып тұруға уақыт жоқ, қалай болғанда да ана мен бала жанын аман алып қалу керек. Ақмарал үстіне ақ халат пен қолына арнайы қолғап киіп, ананы айналып-толғанып, бар білгенін жасап, босандырып алады.

«Аман-есен босандырып болып, «уһ!» деп бір дем алғандай болдық. Бірақ балада ешқандай дыбыс жоқ, жылаған да жоқ. Сұлқ жатыр. Содан арқасынан қайта-қайта уқалап, құйрығынан қағып-қағып жібергенде, бала шыр етіп жылап жіберді. Бұған бүкіл вагон болып қуандық. Мен тіпті көз жасына ерік беріп, жылап жібердім. Қорыққан мен қуанған бірдей деген осы екен!»,-дейді Ақмарал.

Сөйтіп, түнгі 1.50-де қыз бала жарық дүние есігін ашты. 22 жастағы жас ана Жұпар мен оның сәбиін Бейнеуге жеткен соң, «жедел жәрдеммен» перзентханаға алып кетеді. «Олармен хабарластым, ананың да, баланың да жағдайы жақсы екен. Маған кіндік шеше болыңыз деп жатыр нәрестенің ата-анасы»,-дейді «акушер» Ақмарал.

Ал баланың жарық әлемге оңай келмегенін естіген Бейнеу ауруханасының акушер-дәрігері Ақмаралға телефон арқылы үлкен рахметін айтып, медицина мамандарының өзі тәуекелге бара бермейтін батылдығы мен жігерлігі үшін алғысын білдіріпті.

Ақмаралдың жасы 33-те, өзі екі баланың анасы. «Жолаушылар тасымалы» Атырау телімінде 15 жылдан бері жұмыс істейді. Ол тек теміржолшы ғана емес, сонымен қатар, кішкене сәбидің нағыз кіндік шешесі!

Қ.МҰҚАШЕВ

Атырау қаласы

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*