Айыппұл салынғаннан экология қалпына келе ме?

Таза ауа – жанға дауа. Әйтсе де, қара түтіні будақтаған «мұнайлы астана» тұрғындары үшін бұл сөздің қадірі қашқалы қашан… Биыл да жаз ортасында Атырау қаласын жағымсыз иіс жайлағаны шаһарлықтар жадында. Сол кезде облыстық экология департаментінің басшысы Қабижан ҚАПАНОВ осындай жағдай қайталанатын болса, тәртіп бұзғандарға қатысты әкімшілік айыппұлдан да қатаңырақ шара алынатындығын ескерткен-ді.

АЙЫППҰЛ АУА БОЛА МА

Сонымен, жұтар ауамыздың жұпарын жойып алмас үшін не істеу керек? Құр айыппұлдан басқа тағы қандай жаза түрлері қарастырылған? Осы және өзге де сауалдардың жауабын департамент басшысының өзінен сұрап көрдік.

– Соңғы кезде Атырау қаласының тұрғындарына «туған өлке табиғатын тұншықтырып жатқандар жауапкершілікке тартыла ма, жоқ па?» деген сауал маза бермей жүр. Бұл бағытта департамент тарапынан қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

– Биылғы сегіз айда экологиялық заңнаманың сақталуына қатысты 129 тексеріс жүргізіліп, 259 заң бұзушылық анықталған болатын. Сөйтіп, 54 млн. 902 мың теңге көлемінде 216 айыппұл салынып, түгелге жуық өндірілді. Қоршаған ортаға келтірілген залалдың орнын толтыру бағытында 4 млрд. 880 млн. теңгеге 30 хаттама толтырылып, өткен жылдан бері төленбей келген 17 млн. теңге залал құны өтелді. Салынған айыппұлдар төленбеген жағдайда іс сотқа жолданып, шарасы алынады.

– Жергілікті тұрғындардан түсетін арыз-шағымдар негізінде қандай нақты жұмыстар жүргізілуде?

– Рас, өңір тұрғындарынан арыз-шағымдар толассыз түсіп тұрады. Ол бойынша мемлекеттік экологиялық инспекторлар өнеркәсіп аймақтарын аралап, «Қазгидромет» мекемесінен қажетті мәліметтер жинайды. Ал, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі ауа сапасын бақылайтын арнайы станса көрсеткіштеріне сүйенсек, 19-22 тамыз аралығында ауа құрамында көп мөлшерде көмірсутегі бары анықталып отыр. Соған сәйкес, кәсіпорынның жұмыс барысы толықтай тексерістен өтті.

– Жағымсыз иісті таратып отырған кәсіпорынды анықтау үшін департаментте ауа құрамына сараптама жасайтын қажетті құралдардың жетіспейтіндігі айтылған болатын. Егер бұл хабарлама шындыққа жанасатын болса, онда экологтар қалай жұмыс жасап отыр?

– Бұл бізде ешқандай құрал жоқ деген сөз емес. Мұндағы мамандар бірінші санаттағы нысандар үшін мемлекеттік экологиялық сараптама дайындап, экологиялық рұқсатнамалар береді. Қызмет толықтай электронды түрде көрсетіледі.

Бүгінде департаментке мемлекеттік сатып алу бойынша бес зертханалық құрал-жабдық алынды. Олардың ішінде табиғи су көздерінің құрамын тексеруге арналған «Флюорат-02», көліктерден бөлінетін газ мөлшерін анықтайтын «Автотест», кәсіпорындардың зиянды қалдықтарын есептейтін газталдаушы «Полар-Т» құралдары және қоршаған ортаның метеорологиялық өлшемдерін, яғни, ауа температурасы мен қысымын, жел бағыты мен жылдамдығын күнделікті бақылап отыратын «МЭС-200 А» метеометрі, сондай-ақ, топырақтан сынама алатын «Крот» жиынтығы бар.

– Ал, сол керекті жабдықтарды өнеркәсіп пен өндіріс нысандары өздері орнатуға неге құлықсыз? Бәлкім, арнайы бақылау стансаларын қондырмас бұрын тұрғындар арасында сауалнама жүргізу керек шығар?

– Бүгінде Атырау мұнай өңдеу зауытының төрт стансасынан мәлімет түседі, ал, НКОК мекемесінде ондай нысан жоқ. Негізінен, өзіңіз айтқандай, оларды жер қойнауын пайдаланушы компаниялар өздері орнатуы тиіс, оларды заң күшімен міндеттеген дұрыс болады. Сондықтан, прокуратурадан заңға өзгерістер енгізуді сұрап отырмыз.

Мысалы, қазір үшінші, яғни, соңғы буынды лазерлік анализатор құралдары өте тиімді. Әйтсе де, оны сатып алуға заң бойынша мемлекеттен қаржы бөлінбейді екен. Бұл ретте, қондырғыны қаржыландыру жөніндегі жергілікті әкімшіліктің ұсынысынан табиғат пайдаланушылар бас тартқан болатын. Ал, өз кезегінде олар қаладан сынама стансасын орнатуды ұсынғанда, «АМӨЗ» ЖШС бірлесе жұмыс жасауға ниет танытпады. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» дейді ғой, осы мәселе шешімін тапқаны жөн. Осыдан кейін заманауи лазерлік стансаны қай жерге орнатқан дұрыс, соны шешіп алу қажет. Бұл бағытта болжамдар да, түрлі нұсқалар да жетерлік. Тек соның ең тиімдісін таңдау керек.

– Құрал-жабдықтарды сатып алуға негізгі қаржы көзі қайдан бөлінуі тиіс?

– Жалпы, облыстық әкімдік тарапынан он зертханалық жабдық алынды. Оның бәрін санамалап айтудың қажеті жоқ шығар, бәрі де заманауи талапқа сай келеді. Енді тағы сегізін күтіп отырмыз, әзірге келе қойған жоқ.

Шындығына келгенде, биыл жазда министрлік пен жергілікті атқарушы билік тарапынан газ анализаторы алынбақшы болған. Алайда, ресейлік өндірушілер бағаны аяқ астынан өсіріп, тендер тоқтап қалды. Енді тағы да «ГАНК-4» газталдауышына тапсырыс бердік, алдағы желтоқсан айына дейін келуі керек.

– Сонымен, биылғы жазда тұрғындардың тынысын тарылтқан қай кәсіпорын?

– Тексеріс нәтижесінде Атырау мұнай өңдеу зауытына 500 айлық есептік көрсеткіш, яғни, 1,1 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Енді осылай зауытқа аптасына үш мәрте барып тұратын болып келістік. Бұл – тек экологиялық талаптардың сақталмауына ғана қатысты қолданылған жаза. Ал, жағымсыз иістен қаншама тұрғын жапа шекті?! Кәсіпорын басшылығына екі кінә тағылды. Біріншісі – бақылау құрылғыларының көрсеткіштері уақытында алынбағаны үшін, екіншісі – қатты дауыл болатыны жөніндегі метеоролог мамандардан түскен ескертпелерге немқұрайлық танытқаны үшін. Егер бұл заң бұзушылық қайталанса, біз зауыттың қызметін тоқтату туралы мәселе көтереміз. Одан басқа, «ҚазТрансОйл», «Мұнайэкспорт» пен «Оргситис» компанияларына да жоспардан тыс тексеру жүргізілді.

Жалпы, ұйтқып соққан жел – кез келген иістің таралуына бірден-бір себепші. Сондықтан, жел бағытына қатты көңіл бөлу керек. 2012 жылы ерекше метеорологиялық жағдайда мұнайы бар ыдыстарды буландыруға, жуып-шаюға тыйым салатын норматив қабылданған-ды. Соған сәйкес, «Қазгидрометтен» тұрақты түрде хабарламалар алынып тұрды.

– Аталған зауыттың баспасөз хабарламасында өндірістік жұмыстардың толықтай тоқтауына байланысты экологиялық талаптың бұзылмағаны айтылған еді. Сонда мұның шындық негізі болмағаны ма?

– Иістің шекті нормасы болмайды. Басты мәселе осыған тіреліп тұр. «Қазгидрометтің» газталдауыштары мұндай көрсеткіштерді анықтай алмайды. Бұл мәселемен ең алдымен санитарлық дәрігерлер айналысуы қажет. Оның үстіне, Атырауда ауаны ластаушы көздер өте көп.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*