Атырау қаласында 327 оқушы дін жолында жүр

Ата-аналары дін жолында жүргендіктен, олардың балалары да осы дәстүрге бет бұратыны белгілі. Бүгінде Атырау қаласындағы мектептерде білім алып жүрген 327 оқушы дін жолында жүрсе, соның 156-сы қыз, 171-і ұл бала. Ал, басынан орамалын шешпейтін 39 қыз сабаққа мүлде қатыстырылмауда екен. Сондай-ақ, дін жолында жүрген отбасылардың 14 баласы әлі іздестірілу үстінде. Олар ата-аналарымен бірге Қазақстан территориясынан шығып кеткені белгілі болып отырған көрінеді.

ЕАС 002

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Атырау қалалық білім беру бөлімінің басшысы Света Аманшиева мәлімдеді.

Бүгінде қаладағы 76 балабақшада 17 мыңның үстінде бүлдіршін тәрбиеленуде. Жасыратыны жоқ, қала балаларының балабақшаға мұқтаждығы көбеймесе, азаяр емес. Ал, балабақшаларда «қуыршақ театры келеді» деген желеумен сәбилердің ата-аналарынан ақша жинауы жиі орын алуда. Қазір қалалық білім бөлімі тарапынан осыған және мектептің ата-аналар комитетіне орынсыз ақша жинауға тосқауыл қойылып, арнайы бұйрық та шыққан.

ЕАС 009

Брифингте журналистер тарапынан біраз сауал қойылды. Соның бірі — мектеп оқушысын «маршруткіге» отырғызбаған кондуктор туралы. Шынында да, алда қыс айлары, аязды да қысқа күндер, қою қараңғылық келеді. Мұндай кезде оқушылар жәйі не болмақ? Бұл сауалға қаламыздың бас ұстазы оқушыларды тасымалдайтын арнайы автобустардың шығатынын айтып, жағымды жаңалықпен бөлісті.

Бұдан басқа, мектептерге бейнебақылау камераларын қондыру, «күнделік.kz», жас маман-педагогтарды жұмыспен қамту, орыс сыныптары үшін ұстаздардың жетіспейтіні жайлы да кеңінен әңгіме өрбіді.

Лиза СЕЙТІМОВА

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*