Тубдиспансерлер жабылса ел ішінде індет өршіп кетпей ме?

Қазіргі кезде жаңа Заң талаптарына сай еліміздегі барлық туберкулез диспансерлері жабылып жатыр. Енді олар бөлімше ретінде аудандық, қалалық  емдеу мекемелерінің құрамына кірді. Демек, дертті адамдар емханалардан амбулаторлық негізде ем қабылдайтын болады.  Бұл жаңалықты естісімен «ел ішінде туберкулезге шалдыққандар көбейіп кетпей ме?» деп қауіптеніп жүргендер де бар. Осы мәселенің мәнісін білу үшін, өңірде неше тубдиспансер жабылғандығын сұрап облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің директоры Жаңабай САҒИЕВТІҢ өзіне хабарласқан едік.

ТУБДИСПАНСЕРЛЕР ЖАБЫЛУДА

ЖАБЫЛҒАНЫ НЕШЕУ?

Жылыой, Қызылқоға, Исатай, Құрманғазы аудандарындағы тубдиспансерлер жабылды. Ал, Махамбет (50 орындық сезімталдығы сақталған бөлімше) пен Мақат аудандарында (15 кереует мәжбүрлеп емдейтін, 25 орын асқынған түрімен ауыратындарға арналған) және облыс орталығындағы «Қара өзек» ықшамауданында орналасқан тубдиспансерлер (100 орындық жұқпалы түрімен, 60 кереует жұқпалы емес түрімен ауыратындарға арналған), 30 хирургиялық, 30 балалардың тубдиспансері қызметін жетілдіріп, жұмысын жалғастыруда.

Ескере кетейік, Атырау облысы бірнеше жыл бұрын туберкулез ауруы бойынша бірінші орында тұрған болатын. Кейін сырқат деңгейі төмендеп, туберкулезге қарсы күрес ауруханалары диспансерлер болып өзгертілді. Енді жабылып жатқаны көңілге күдік ұялатып тұрғаны рас…

«Туберкулез — ешқашан күн тәртібінен түспейтін проблема. Оншақты жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда біздің облысымыздағы көрсеткіш әлдеқайда төмендеді. Ол кезде тек біздің облысымыз емес, күллі республикада туберкулез ауруы ушығып тұрған еді. Мамандардың тынымсыз ізденісі, сауатты ем-дом, осы дерттің себеп-салдарын қоғамның дұрыс түсінуі, үгіт-насихат жұмыстары біз ойлағаннан әлдеқайда жақсы нәтижеге жеткізді»,-дейді бас дәрігер Жаңабай Сағиев.

ТӨСЕК-ОРЫНДАРЫ ЖЫЛДАП  БОС ТҰРМАУЫ  КЕРЕК…

«Тубдиспансерлердің жабылуы кеше шыққан әңгіме емес»,-дейді Ж.Сағиев. «Елімізде алты жылдан бері көтеріліп келе жатқан мәселе. Халықаралық сарапшылардың қорытындысы бойынша стационарда жатып емделушілер қауіпсіз жағдайға жеткенде олардың өз ортасында, үйлерінде емделгені анағұрлым тиімді екенін дәлелдеген. Сондықтан аудан-қалалардағы тубдиспансерлерді заман талаптарына сай қайта бейімдеу Үкіметтің қаулысымен «Денсаулық» бағдарламасы бойынша, Денсаулық сақтау министрінің арнайы тапсырмасымен жүзеге асырылып келеді».

Айтуынша, 2013-2015 жылдары туберкулезге қарсы ұйымдардың төсек қоры 885-тен 690-ға дейін қысқартылған. Биылғы жылдың қаңтарынан бастап, диспансер 515-тен 385-ке дейін, яғни 130  кереует қысқарған. Шілде айында тағы 75 кереуетке азайған.

«Бұл нені көрсетеді?! Бұрын үкімет диспансердегі кереует санына қарай қаражат берсе, енді орынға емес, емделіп шыққан адамдардың санына қарай төлейтін болды. Осы кезге дейін емделушілер саны толып тұрған кереуеттің жартысына да жетпейтін еді. Көбі қаңырап бос тұрды. Сол себепті бізге жұмыстарымызды қайта бейімдеу қажеттілігі туындады. Дамыған, бақуатты елдің ешқайсысы ауруханаларында бұлай төсек-орындарды жылдап бос ұстамайды. Ал, біздің облыста науқастардың жылдан жылға азаюына, оларды емдеу тәсілдерінің өзгеруіне байланысты, жалпы алғанда төсек-орындардың тең жартысы бос болып келген. Оны ұстап тұрудың өзіне де көп қаражат керек. Ең бастысы, бұл – қажетсіз шығын. Науқас ұзақ емделгеннің өзінде ауруханада әрі кеткенде екі-үш ай жатады. Қалған уақытта тұрғылықты жерлеріндегі емханаларда ем қабылдайды. Егер биылғы жылы емделушілердің қатары азаятын болса, төсек-орындарды қысқарту мәселесі келер жылы тағы да қозғалады. Бірақ, тубдиспансерлер жабылғанымен барлық аудандардағы туберкулезге қарсы кабинеттер диагностикалық құрал-саймандарымен сол күйі қалдырылды. Ондағы мамандар бұрынғыдай қызметтерін жалғастыра береді. Олардың айлық жалақылары, Үкімет белгілеп берген қосымша өтемақылары талапқа сай төленеді. Бұрын аудандағы тубдиспансерлер тікелей Денсаулық сақтау басқармасына қараған болса,  Үкіметтің қаулысына сәйкес енді жергілікті емханалардың құрамына кіреді»,-дейді ол.

ЕҢ КЕМІ БІР ЖЫЛ, ҰЗАҒЫ ҮШ ЖЫЛ ЕМДЕЛУ КЕРЕК

Демек, енді емханалардың құзыры кеңейтіліп, жауапкершілігі артады. Талап күшейтіледі. Түсінгеніміздей, бұрын емханаларда туберкулезді анықтайтын маман жоқ болатын. Оны терапевт-дәрігерлер атқаратын. Олар нақты диагноз қоя алмайтындықтан науқасты кеңес алу үшін облыстық  тубдиспансерге жіберетін. Енді ондай болмайды, ауру дәрігерді іздемейді. Енді фтизиатр-дәрігерлер емханалардағы арнайы кабинеттерде отырады. Кеңесін береді, емдейді.

Ал, үйінде, амбулаториялық жағдайда жүрген науқастардың ешқайсысынан қоршаған ортасына зиян келмейді. Жұқтыруы мүмкін науқастардың барлығы арнайы ауруханаларда ем қабылдап жатыр. Олар дерттерінен толық айыққанға дейін жұрт арасына жіберілмейді.

Нақтылап айтсақ, облыс бойынша Атырау қаласындағы 100 орындық жұқпалы аурулар жататын тубдиспансерде науқас алдымен төрт, не бес ай, кейін, дәрігердің сараптамасымен жұқпалы емес түріне ауысқаннан кейін тағы төрт ай емделуі керек. Небәрі емделу уақыты – 8 ай.

Жалпы аурудан айығып шығу үшін ең кемі бір жыл, ең ұзағы үш жыл емделеді. Олардың 60 пайыздан астамы – жұмыссыздар. Ал, егер сырқаттанушы бір отбасының асыраушысы болса, қандай жағдай қалыптасатынын көз алдыңызға елестетіп көріңізші… Сондықтан амбулаториялық ем қабылдап жүрген науқастардың барлығына емдеуден бөлек әлеуметтік қаржылай көмек (22 690 теңге) беріліп келеді.

Ал, науқастарға қойылатын бір-ақ талап бар: еміңді үзбей, дәріңді уақытылы ішуің керек. Егер осы қарапайым талап орындалмаса, бұзылса, әлеуметтік көмек берілмейді.

ӨТКЕН ЖЫЛМЕН САЛЫСТЫРҒАНДА ДЕРТТІ ЖҰҚТЫРҒАНДАР БІР АДАМҒА АЗАЙҒАН

Облыс бойынша биылғы он айда туберкулезбен аурушаңдық өткен жылдың осы мезгілімен салыстырғанда, бір жағдайға төмендеген.

Барлығы 315 науқас есепке алынған. Жалпы мыңның үстінде адам туберкулезге шалдыққандар қатарында тұр. Аурушаңдық Қызылқоға мен Исатай ауданында көп. Оларда, керісінше, өсім бар. Атырау қаласында –176 науқас тіркелген. (Жаңадан ауырып тіркелгені – 19 адам)

Бас дәрігерден білгеніміздей, әлі де 2 модульдік Gene-Xpert секілді зерттеу аппараттарын алу қажет. Жыл сайын мамандар оқытылып, жұмысқа қабылдануда. Биылғы жылы сегіз дәрігермен қамтылған.

ВАКЦИНАЦИЯ АЛМАҒАНДАР ЖИІ ШАЛДЫҒАДЫ

Балаларды туберкулезден айықтыру бойынша облыста қарқынды шаралар жүргізілуде, дегенмен, олардың  арасында бұл дертті азайту мүмкін болмай тұр. Аурудың негізгі көзі – туберкулезге қарсы екпе алмағандар. Вакцинация алмаған бала дертке шалдықса, қатты асқынған түрімен ауырады екен. Ал, екпе алған болса, ол жеңіл-желпі түрімен сырқаттанып, тез айығып кетеді.

Балалар аурушаңдығы бойынша Атырау қаласында екі есеге, Құрманғазы, Махамбет аудандарында бір жағдайдан үшеуге, Жылыой, Индер аудандарында бұрын жоқ еді, қазір екі дертті бала тіркелген.

Алдын ала тексеру нәтижесінде, ауырып келген 14 баланың ауруы ерте кезеңде анықталып, ем қабылдауда.

ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАР ЖҰМЫСЫ ҚАЖЕТ

Біз мәселенің мәнісін анықтауда, әлеуметтік ауруларға қолдау білдіретін үкіметтік емес ұйымдар жұмысы ауадай қажет екеніне көз жеткіздік. Өйткені, туберкулезбен ауыратынын білген бойда кез-келген адам күйзеліске түсіп кетеді. Расында, бұл  ауру емделетін дерт екеніне көз жеткізбейді.

«Туберкулезді жоюды психологиялық тұрғыда қарастыруымыз керек», — дейді Жаңабай Сағиев. Шетелдегідей, еріктілер туберкулезбен ауырғандарға қолұшын беріп, жан-жақты қолдау білдірсе, олардың жұмысын денсаулық сақтау басқармасы, диспансерлер басшылығы да қолдайтыны анық.

ҚОСЫМША ДӘРІ БЕРІЛМЕЙДІ

Сондай-ақ, бұрындары туберкулезбен ауырған адамға келесі ағзасын емдейтін дәрі бірге қосылып беріліп отырды. Мәселен, бауырына, жүрегіне, бүйрегіне тағы басқа. Қазір Денсаулық министрлігінен бекітіліп келген бұйрықта бұл дәрілер абономент қатарына кірмеген. Емделушінің сұранысына сай, осы кезге дейін  тубдиспансер басшылығы өзінің ішкі қаржысынан үнемдеп, дәрі алып беріп отырған. Ендігі кезекте мұндай қосымша дәріні алып беруге де олардың шамасы жетпейді. Өйткені, ақылы қызмет көрсететін флюрографиялық аппараттары істен шығыпты. Қосымша дәрі мемлекет қаржысына беріліп тұрғанда, емдеу мекемесі ішкі ақшасына керекті мамандарын оқытып келген екен.

ТҮЙІН: Туберкулезге шалдығу алда ажал күтіп тұр дегенді білдірмейді. Бұдан адам толық айыға алады. Қайта қатарға қосылып, жұртпен бірге жұмыс жасайды. Дәрігерлік толық тексеруден өткеннен кейін, қауіпті болмаған жағдайда ғана ел ішіне баруына рұқсат етіледі. Сондықтан оларды қоғамнан шеттетуге болмайды.

Уақытылы тамақтанбау, ішкілікке салыну, үй жағдайының болмауы, мөлшерден тыс ылғалдылық салдары, бір сөзбен айтқанда денсаулыққа дұрыс күтім жасалмаса, туберкулезге шалдығуға бейімділік артады. Асқынса қоршаған ортасына – айналасындағы адамдарға  жұқтыру қаупі туындайды. Егер алғашқы ем дұрыс және толық жүргізілмесе, дендеген  дерт 15-20 адамға бірден жұқтыруы мүмкін екен.

Ең бастысы, бұл үрей туғызатындай біздің ұлтқа ғана тән ауру емес. Одан 100 пайыз жазылуға болады!

Нұргүл Ысмағұлова

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*