Қазақстанда жыл сайын 200-ге жуық жасөспірім өз-өзіне қол жұмсайды

Суицид індетінің біз ойлағаннан да терең салдары бар. Бұл – тек бір адамның жарық дүниемен қоштасуы емес, қоғам үшін де орны толмас әлеуметтік, экономикалық жоғалту. Жүргізілген зерттеулер нәтижесі көрсеткендей, бір суицид 10-20 жасөспірім бойында суицидтік мінез-құлық қалыптастырса, 100-200 жасөспірімнің суицидтік санаға алып келетіндігін айғақтайды. Яғни, психологиялық қалыптаспаған, кәмелеттік жасқа толмаған балаға замандасы, не танысы өз-өзіне қол жұмсаған тұста «мүмкін емес» нәрсе «мүмкін» болып көрінеді. Тіпті саналы, не бейсаналы түрде ол өзін қайтыс болған адамның орнына қойып көруі ықтимал. Ал, нәтижесінде бұл қадам біреуге «ұнап қалуы» немесе керісінше, мұндай ойлардан мәңгілікке арылтуы мүмкін…

img_3963-2

БІР ЖЫЛДА – 200 БАЛА?!

Балалар мен жасөспірімдердің суициді ең бірінші кезекте оның отбасына әсер етеді. Әркім өз-өзіне «мен кінәлі емеспін бе?» деген сұрақ қойып, марқұммен қарым-қатынасын еске алады, әр болған жанжалға өзін кінәлап, «субъективті» шешім жасайды. Нәтижесінде, психологиялық ауруға душар болып, күйзеліс, депрессияға ұшырайды, тіпті кей жағдайларда өз-өзіне қол жұмсауға дейін барады. Сөйтіп, жасөспірімдік суицид үлкендердің өз-өзіне қол жұмсауының себебіне де айнала алады.

Жасөспірімдер арасындағы суицид – ел экономикасы үшін де үлкен жоғалту. Жас өскіннің өз-өзіне қол жұмсауы қоғамымызды болашақтағы белсенді халқынан айырып, ел демографиясына кері әсер етеді. Ресми деректер бойынша, Қазақстанда жыл сайын 200-ге жуық жасөспірім өз-өзіне қол жұмсайды, мұның тек тіркелген жағдайлар екендігін айта кеткен жөн.

Осы қатерлі деректердің барлығы елімізде жасөспірімдер арасындағы суицидтің терең себептерін сапалы зерттеудің қажеттілігін көрсетті. 2012-2013 жылдар аралығында  БҰҰ  Балалар қоры өкілдігі (ЮНИСЕФ) мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тығыз әріптестікте ауқымды зерттеу жүргізді.

Аталған жұмыстар 2010-2011 жылдары суицид бойынша жоғары коэффициентке ие бес облыста, яғни, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында жүргізілді. Аталмыш шаралардың жетекшісі Молизе университеті Медицина және денсаулық сақтау саласындағы ғылым департаменті профессоры Марко Саркьяпоне болды. Зерттеу нәтижелері суицидтік мінез-құлық Қазақстан жастары үшін өзекті мәселе екендігін көрсетті. Жоғары сынып оқушылары арасында суицидтік талпыныстың жоғары пайызы анықталды. Зерттелініп отырған топтарда 46,5% оқушы тәуекелділігі жоғары топқа жатқызылды, себебі, олардың психометрикалық көрсеткіштері тиісті шектен асып тұрды.

Күйзеліс немесе қатерлі бұзылыстар сияқты психологиялық мәселелердің суицидтік мінез-құлықпен айрықша байланысы бар екендігі анықталды. Өз-өзіне қол жұмсағандар және жасау тәуекелділігі жоғары топтардағы оқушылардың бойынан қызуқандылық пен агрессияның жоғары деңгейі көрініс тапқан, бұл екі тұлғалық қасиеттің суицидпен аса тығыз байланысы бар екендігін айтпай кетуге болмас.

Балалық шақта болған түрлі соққылар суицидтік мінез-құлыққа жол ашады, мысалы, суицид құрбандарының 30%-ы отбасы жағдайындағы қатал қарым-қатынас пен зорлықты басынан өткізген. Өмірдегі кейбір оқиғалар да жасөспірімдердің өздеріне қол жұмсауларына әсер етуі мүмкін.  Балалық және жасөспірімдік кезеңде отбасындағы, мектептегі және құрдастарымен болған жанжалдар олардың психикасына қатты әсер етеді. Мәселен, осы қадамға жетелейтін әрекеттер мен мінез-құлықтарды қалыптастырудың негізгі себебі ретінде 64,5% оқушы тұлғааралық жанжалдарды көрсеткен. Айта кетелік, өз өміріне балта шапқандардың барлығы дерлік адамдармен аз қарым-қатынаста болған.

Өмірді сүй

НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Зерттеу авторлары Қазақстанда болатын суицид себептерінің басқа әлем елдеріндегіден айтарлықтай өзгешелігі жоқ екендігін айтады. Алайда, елімізде бұл індет салыстырмалы түрде көп адамды жалмайды және бір уақытта бірнеше фактор қатар кездеседі, бұл суицидтік ой мен әрекеттің туындауын күшейтеді. Осылардан түйетініміз, алдын алу, болдырмау шараларын жүргізу барысында бірді-екілі факторлармен ғана күресіп қоймай, жан-жақты қамтылған, ұзақ мерзімді ұлттық жоспар жасалынуы тиіс. Сонда ғана белгілі бір нәтижеге қол жеткізуіміз мүмкін. Арнайы медициналық және психикалық саулықты сақтау қызметтері ел аумағының барлық жерінде көрсетілуі тиіс.

Марко Саркьяпоне және сарапшылар тобы дайындаған есепте Қазақстанда суицидті болдырмауда табысты қолдануға болатын шаралар кешені ұсынылады. Ең алдымен, республикалық үйлестіру орталығын құру. Оның құрамына суицид саласы бойынша жоғары білікті мамандар кіруі тиіс және олар бұл індетті болдырмаудың ұлттық жоспарын дайындауға қатысады. Мұндай орталық әр аймақтың мамандарын оқыту міндетін де орындауы керек.

Жоғарыда атап өткеніміздей, психикалық бұзылыстар мен ауытқулар, әсіресе, күйзеліс белгілері суицидке алып келетін ең маңызды қатерлерге жатады. Жасалынған суицидтердің ішінде 98%-ында психикалық денсаулық орталығында емделу дерегінің бар-жоқтығына қарамастан, кем дегенде бір психикалық бұзылыстың бар екендігі анықталған. Орын алған оқиғаларда жасөспірім, жеткіншектік суицид психикалық ауру ретінде бақылауға алынбаған, бірақ, емдеуге болатын кезеңінде жүзеге асып отырған. Осылайша, өзін-өзі өлтірген 90% жасөспірімнің қол жұмсау кезеңінде түрлі психикалық бұзылыстарды басынан өткеріп жүрген, ал, олардың жартысы кем дегенде соңғы екі жыл ішінде психикалық ауыр қиындықтармен бетпе-бет келген. Сонымен қатар, психиобелсенді заттарды тұтынуға алып келетін аффективті бұзылыстар да кең таралған диагноздардың түріне жатады.

Қанша жерден біз мойындағымыз келмегенмен, психикалық жағдай – адам саулығының көрсеткіші. Осыған орай, халықтың психикалық денсаулығын жақсарту бойынша ұлттық жоспарды қабылдау психикалық денсаулықты алға тарту арқылы суицид деңгейінің төмендеуіне әсер ететіндігін айта кету керек.

Суицидтің алдын алу мен ескертудегі тиімді стратегиялық құралдардың біріне Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша халықтың қатерлі факторлар туралы білімін жетілдіретін ақпараттық компанияларды жүргізу жатады. Мұндай компаниялар қоғамның суицид мәселесін терең түсініп, ой қорытуына, онымен күресуге атсалысуына көмектеседі.

МАҒАН КӨМЕК ҚАЖЕТ…

Көбіне адамдар өзін-өзі өлтіруге бел байлағандар бұл туралы көпшілікке жария етпейді және өзіне қастандық жасайтындығы туралы айтқандарды олар тек өздеріне назар аудартуды ғана қалайды деп ойлайды. Өкінішке қарай, бұл – қате түсінік, бұл ойларға адамдар өздерінің өлім туралы ойларға қатысты қорқынышы мен қорғансыздықты сезінуден арылу үшін барады. Алайда, жүргізілген зерттеуде суицид құрбандары өздерінің ниеттері туралы айналасына түрлі жолмен жеткізген. Мысалы, өзіне-өзі қол жұмсау пиғылдарын жеткізу нұсқалары мынадай: 50% – өздерінің өмірлерін қиюы туралы ойлар айтып жүрген, 23,3%  –мына дүние өмір сүруге тұрмайды деп ойлаған, 13,3% – өлгілері келген, 13,3% – өмірді үзу мәселесін қарастырған немесе осындай жоспарлар жасаған.

Біздің қоғамда көмек сұраған мұндай үндер көбіне жауапсыз қалады, себебі, суицид айналасындағы аңыз бен тыйымдар туыстары мен достарына көмек жасауына кедергі келтіреді. Сондықтан, ақпараттық компаниялардың өзегі суицидтің алдын алуға және көмек сұрауға әбден болады және бұл мәселе қоғамда әрбір адамға қатысы бар болуы мүмкін деген идеялар болуы керек. Ақпараттықпен бірге сауалнама жүргізу компаниялары да қатері бар жасөспірімдерді анықтауға және оларды көмек алуға бағыттауға мүмкіндік беретін тиімді құралдардың біріне жатады. Сауалнама, сұхбат, әңгімелесу түріндегі скринингтік науқанда тікелей суицидтік мінез-құлықты, оның қатерлі факторларын, мысалы, психикалық денсаулық деңгейі немесе психиобелсенді заттарды тұтынуды (ішімдік немесе есірткі) анықтауға болады.

Түйін: Суицидтің алдын алуға бағытталған басқа тиімді шаралар жасөспірімдердің өмірлік дағдыларын арттыруға бағытталуы тиіс. Белсенді, бастамашыл, болып жатқан оқиғаға жауапты, өзіне сенімді, өзіне деген ішкі бақылауын жоғалтпайтын жеткіншектер әрине, суицидке бейім болмайды.

Айсұлу МОЛДАБЕКОВА, социолог.

«Bilim Foundation» қоғамдық қоры.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*