Сот Атыраудағы ірі компанияның басқарма төрағасына қатысты үкім шығарды

«Атырау ӘКК» ҰК» АҚ-ы басқарма төрағасы қызметін атқарған А.Тасимовқа қатысты үкім шықты. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлайды.

ФОТО - СОТ

Олардың айтуынша, А.Тасимов «Атырау ӘКК» ҰК» АҚ-ы басқарма төрағасы лауазымын атқарып, мемлекеттік функцияларды жүзеге асыруға уәкілетті адам бола тұра, 2014-2015 жылдары аралығында инвестициялық дауларды қарау барысында қолайлы экономикалық орта құрғысы келген. Сөйтіп, Атырау облысы мекемелерінің келешек жобаларына қаржылық қолдау көрсету жолымен өзінің қызметтік өкілеттігін басқа адамдар немесе ұйымдар үшін пайда мен артықшылықтар алу не басқа адамдарға немесе ұйымдарға зиян келтiру мақсатында өзінің қызмет мүдделерiне қайшы пайдаланған. Бұл мемлекет пен қоғамның заңмен қорғалатын мүдделеріне зиян келтіреді, сонымен қатар, қызметтік жалғандық жасаған болып есептеледі.

Сот отырысы барысында Т.А. және оның қорғаушысы кінәні мойындау туралы мәміле түріндегі процессуалдық келісім жасақтауға ерікті түрде ниет білдірді. Аталған факт бойынша ауыр залал келмегені, мемлекетке келген зияндар кінәлі адамдардан сот шешімімен өндірілгені анықталған.

Сот үкімімен А.Тасимов Қылмыстық Кодекстің 361-інші бабы, 1-інші бөлігі (лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану), 369-інші бабы, 1-інші бөлігімен (қызметтік жалғандық жасау) кінәлі деп танылып, ҚК-нің 25-бабы 2-бөлігі негізінде түпкілікті қылмыстық жолмен табылған немесе қылмыстық жолмен табылған қаражатқа сатып алынған мүлкін тәркілеумен алты жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 1 189 200 теңге айыппұл жазасы тағайындалып, мемлекеттік қызметпен лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Алайда Рақымшылық жасау туралы Заңның 2-інші бабы, 1-інші тармағына сәйкес, оған қатысты тағайындалған негізгі жаза — айыппұлдан босатылып, қосымша тағайындалған жазалар орындалатын болды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Айқара Ғұмар

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*