Атырауда оққа ұшқан лаңкестің әйелі өкінішімен бөлісті

Сағат таңғы алты шамасы. Бірінен соң бірі жалғасқан жарылыстар. Оған қосылған автоматтан жаудырылған оқ жергілікті халықты шошындырып жіберді. Көп ұзамай электр тогы өшті. Айналаны азан-қазан қылған шу арада тура төрт сағат, 15 минут өткенде ғана басылды. «Арнайы операция аяқталды, төрт лаңкестің көзі жойылды» деп журналистер шулап жатты.

«Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ»

Бұл 2012 жылдың 20 қыркүйегі күні Атырау қаласының «Көктем» саяжай ауданында орын алған қанды оқиға болатын. Бас прокуратура таратқан мәліметте әлгі төрттіктің сол жылы қалалық ішкі істер департаментінің ғимаратына жасалған шабуылға тікелей қатысы бары айтылды. Қоғамды дүрліктірген лаңкестердің оқиғасын жергілікті халық ұмыта қойған жоқ…

«Барлығы осыдан жеті жыл бұрын басталған еді. Өзім – еркелеу өскен Атыраудың қызымын. Әке-шешем жаман тәрбие берді дей алмаймын. Қазір жасым 36-да. Ойланып отырсам, осынау жасыма дейін көп нәрседен қателескен екенмін. Мен дінге ақ жүрегіммен келдім. Әсіресе, республикалық арналардан рухани тақырыпта керемет бағдарламалар көрсетіліп жатқан уақытта кәдімгідей жаным рахаттанатын. Сөйтіп жүргенімде мешітке барып, намаз оқып үйрену туралы шешім қабылдадым. Ойым іске асты. Намазды Әбу Ханифа мәзһабы бойынша оқып үйрендім. Жамағатпен бірге оқыған намаз өзіме ұнай бастады.

Сөйтіп жүргенде жамағат арасынан болашақ жұбайыммен таныстым. Арадағы таныстығымыз некеге ұласты. Отбасын құрғаннан кейін күйеуімнің қалауымен намазды үйде оқып жүрдім. Бұл 2010 жыл еді. Тұрмыстағы әйелдің жағдайы белгілі. Үй шаруасы, одан қалды бала тәрбиесі бар. Осылайша, жаңа өмірге бейімделемін деп жүргенімде мешітке баруды доғардым. Намаз оқыған уақытта құлшылықты күйеуіме ұйып атқаратын болдым. Қазақта «еркек – түздің адамы» деген сөз бар ғой. Сол рас екен.

Ақтаудағы компаниялардың бірінде вахталық әдіспен жұмыс істеген жолдасымның негізгі уақыты тыста өтетін болды. Ерімнің Әбу Ханифа мәзһабын ұстанбайтынын білетінмін. Уақыт өте келе оның айтқандарының барлығын ақиқат есебінде қабылдап жүрдім. Мәселен, дінге келген алғашқы кезеңде қазақтың салт-дәстүрлері туралы пікірім дұрыс болатын.

Бұрын намаз оқығанына, оқымағанына қарамастан, айналамдағылармен сәлемім де түзу еді. Кейін күйеуімнің айтуымен отбасымызда түрлі тыйымдар пайда бола бастады. Қазір ойлап отырсам, сол кезде діни сауатымды ашып, толықтыру туралы ешқандай ниет те, ой да болмаған екен. Сірә, үй шаруасынан қолым босамағанын сылтау еткен де болармын. Ал, күйеуім болса керісінше, кітапты көп оқыды. Сол себептен де болар, әйтеуір, өзім негізінен жұбайымның дегенін жасап жүрдім.

«Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ»-2

Арасында үйге ахилар, яғни, бауырлар да жиі жиналып тұрды. Бірақ, ер адамдардың ортасы бөлек болғандықтан, олардың әңгімесіне біздер араласпайтынбыз. Әйелдер жағы бас қосқанда өзіміздің тұрмыстық жағдайларымыз туралы сөйлесетінбіз. Кейде Египеттен оқып келгендер, шейхтардан уағыз тыңдаған қыздар білгендерімен бөлісетін. Осылай әп-әсем отбасы болып жүргенімізде, 2012 жылдың қыркүйегінде барлығы өзгеріп сала берді.

«Жұмысқа барамын» деп үйден аттанған күйеуім сол кеткеннен қайта келген жоқ. Кейін күйеуімнің Атырау қаласының «Көктем» саяжай ауданында орын алған қанды оқиға кезінде мерт болғанын білдім.

Әрине, арқа сүйейтін жақын адамымның қазасы маған оңай болған жоқ. Өмірден баз кешіп, қатты күйзелісте жүрдім. Оның үстіне, жолдасымның бірінші некесінен екі баласы, екеуміздің арамызда үлпершектей ғана қызымыз бар еді. Әсіресе, құқық қорғау органдарына ызалы едім. Осылай қиын кезеңді бастан өткеріп жүргенімде, «адамның денсаулығына қасақана зиян келтіру» деген айыппен жеті жылға бас бостандығымнан айырылып кете бардым. Қазір ойлап отырсам, жастықпен көп мәселенің байыбына бара қоймаған екенмін.

Күйеуімнің, әсіресе, он жасар ұлының сұғанақтығы болды. Бетінен қақпай өсіргендіктен тентектігі басым еді. Намаз оқитын әпкелеріміздің үйіне барған уақытта сол ұл олардың ақшаларын ұрлап кететін жағдайға да жетті. Осындай ірілі-ұсақты ұрлықты әмбебап маркеттерге кіргенде де жасап жүрді. Кейде таяқпен тәртіпке шақырмақ та болдым. Осы жағдайларды өгей қызым жанына ауыр қабылдады, әрі өзі кішкене болғандықтан, ағасына жаны ашитын болуы керек, оның тентектігін жасыру үшін өтірік айтатынды шығарып жүрді. Осы жағдайларды қайын жұртым дұрыс қабылдамады. Оларға мен тура бір тажалдай көрініп жүрдім. Оның үстіне, жұбайымның қазасы қосылып, жағдай тіптен ушықты.

Көп ұзамай қайын жұртым біз тұрып жатқан үйдің құжаттарын қайтарып беруімді талап етті. Осындай шым-шытырық жағдайлар менің жеті жылға бас бостандығымнан айрылуыма дейін алып келді.

Түрмеде 4,5 жыл отырдым. Жақсы тәртібім үшін бүгінде ертерек бостандыққа шыққан жайым бар. Қазір өкінемін. Әсіресе, бала тәрбиесінде уақыт өткізіп алғаныма өзімді сондай кінәлаймын. Десе де, әр нәрсенің бір қайыры бар. Біз отырған түрмеге «Шапағат» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының теологтары жиі келіп отырады. Сондай білімді кісілермен сауатты сұхбат құру арқылы өзімнің көп мәселеде қателескенімді түсіндім.

Теологтар Құраннан, хадистерден мысалдар келтіреді. Бастысы, бізге ұстаздар салыстыру мүмкіндігін сыйлады. Осылайша, мен кеш те болса өзімнің қателескенімді түсініп, дәстүрлі мәзһабқа оралып отырмын.

Қазір шүкір, некеден қалған қызым бар. Енді сол қызымның амандығы, болашағы үшін өмір сүретін боламын. Басты түсінгенім, дінде зорлық болмауы керек екен. Бұрын «кәпір» деген сөзді оңды-солды қолдана беретінмін. Яғни, менде мінез жұмсақтығы болған жоқ. Сөйтсек, бұл сөздің де өзінің орны, түптеп келгенде, мағынасы болады екен. Қазір қолыма тереңнен талданған кітаптарды алып оқып жүрмін. Әсіресе, Матуриди ақидасы туралы жазылған зерттеу еңбектер көп сұрақтардың түйінін тарқатып береді. Ендігі жоспарым – кәсіп ашу. Түрмеде жүргенде бізді тігінмен айналысуға баулыды. Енді осы білгенімді берекелі, қайырлы мақсатта жүзеге асырғым келеді» деді бізбен әңгімесінде жұмбақ кейіпкеріміз.

Белгілі себептермен есімін атамауды өтінген кейіпкеріміз сол 2012 жылы Атырауда жүргізілген арнайы операция кезінде оққа ұшқан радикалдық идеологияны таратушы лидерлердің бірінің жұбайы болған. Атыраудағы қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты 157/11 әйелдер түзету мекемесінде жазасын өтеп шыққан ол қаракөз қазақ қыздарын діни сауатты мешіттен, білімді медреселерден алып, рухани кітаптарды көбірек оқуға кеңес беріп отыр. Бастан өткен оқиғаларын жұмсақ қана жымиып отырып баяндап берген кейіпкеріміздің алдағы өміріне сәттілік тілеп, біз де «Шапағат» орталығынан алыстай бердік. Адасқан тағдырлардың үйірін қайта тауып жатқаны қуантады…

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*