Атырау спортында серпіліс бар

Атырау облысында спорт саласы жылдан-жылға қарқынды дамып келеді. Соның нәтижесінде спортпен шұғылданушылар саны да өсуде. Осы орайда, өңірде өткен спорттық шаралардың легін назарларыңызға ұсынамыз.

ФОТО - АТЫРАУ

Республикалық параспартакиадада атыраулықтар үздік үштікке енді

Атырауда тұңғыш рет мүмкіндігі шектеулі жандар арасында республикалық V спартакиада өтті. Төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын жарысқа еліміздің әр облысынан 16 команда қатысып, тірек-қимыл жүйесі зақымданған және көру қабілеті төмен мыңнан аса жан спорттың 14 түрі бойынша бақ сынады.

Параспортшылар еліміздің түкпір-түкпірінен келген. Арасында жасы алпыстан асқандары да бар. Солардың бірі — Ғалия Бесбалованың жасы 71-ге келсе де, спорттан қол үзбегенін айтады. 33 жасында арбаға таңылған ол талай халықаралық жарыстарда бақ сынап, жеңімпаз атанып та үлгерген. Сөйтіп, теннис ойнап жүргеніне де биыл 17 жыл толыпты. Тағы бір халықаралық жарыс жеңімпазы Елена Мазуренко Павлодардан келген. Оның алдағы жоспары – олимпиада ойындарына жолдама ұтып алу.

Нәтижесінде, Атырау облысының құрамасы 130 ұпаймен үздік үштікке енсе, 137 ұпай жинаған Алматы қаласының командасы екінші тұғырдан көрінді. Ал, 146 ұпаймен Алматы облысының спортшылары жеңіске жетті. Оларды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Бекет құттықтап, айрықша белсенділіктері үшін алғысын білдірді. Соңында барлық қатысушыларға Алғыс хаттар табысталды.

Сынып бөлмесінен – спортзалға

Құрманғазы ауданында мұғалімдердің дәстүрлі спартакиадасы мәреге жетті.

Ұстаздар спорттың сегіз түрі бойынша күш сынасты. Ауданға қарасты 30 мектеп пен бір колледж ұжымы қамтылып, Ганюшкин, Шортанбай, Дәшін және Азғыр ауылдық округтерінде іріктеу сайыстары өтті. Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаева, зәулім спорт ғимараттары бар екенін алға тартып, спортпен айналысуға жағдай туғызылғанын айтады. Мектептерде 150-ден астам секция ашылған. Ал, өткен оқу жылында 30 млн. теңгеге қажетті құрал-жабдықтар алыныпты.

Жылыой ауданының тұрғыны үздік желаяқ атанды

Атырау аймақтық дене тәрбиесі және спортты дамыту орталығы 14 пен 17 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында күзгі кросс ұйымдастырды. Оған жүзден астам оқушы мен студент қатысты.

С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжінің оқытушысы Гүлбаршын Нәбиеваның айтуынша, басты мақсат – салауатты өмір салтын қалыптастыру, үздік желаяқтарды анықтау. Жарыста Атырау қаласынан бөлек, Индер, Қызылқоға және Жылыой ауданының оқушылары да белсенділік танытты.

Қашықтыққа жүгіргендер ішінде Жылыой ауданынан қатысқан Гауһар Айдарбекованың жылдамдығы басымырақ болды. Нәтижесінде, мәре сызығын бірінші болып кесіп, жеңімпаз атанды. Жүлдегерлер диплом, медаль және арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Құрманғазы ауданында шахмат және дойбыдан турнир өтті

Құрманғазы аудандық ардагерлер кеңесі және спорт бөлімі қарттар арасында шахматтан және дойбыдан турнир ұйымдастырды.

Жарыста жеңіске жеткен ардагерлерге дипломдар мен сыйлықтар табысталды. Осыдан соң, аудан әкімі Бибоз Шаяхметов ғұмыр бойы бас есепші-экономист болып жұмыс істеген 87 жастағы Халел Тауфиховтың үйіне барып, мерекемен құттықтады. Сонымен бірге, Орлы ауылдық округінің тұрғыны, тыл ардагері, 91 жасқа келген Мәрия Ерғалиеваның шаңырағында да болып, ақ батасын алды.

Панкратионнан Әлем біріншілігінде атыраулық спортшылар 2 қола медальді еншіледі

Сочиде панкратионнан өткен әлем біріншілігінде атыраулық спортшылар сәтті өнер көрсетті.

Атап айтқанда, Тілек Асылбекұлы 54 келі, Нұрсұлтан Ғизатоллаев 71 келіге дейінгі салмақта қола жүлдеге қол жеткізді. Ересектер арасында Ақбөбек Ерғалиева (58 келі) екінші орын иеленсе, Жұмагелді Жалғасұлы (66 келі), Думан Балмұханов (84 келі) және Денис Власов (100 келі) қола жүлдені қанағат етті. Жалпы командалық есепте ел құрамасы Ресейден кейін екінші орынға жайғасты.

Халықаралық турнирде атыраулық боксшылар тұғырдан көрінді

Талдықорған қаласында жастар арасында «Жетісу кубогы-2017» халықаралық бокс турнирі ұйымдастырылды.

Онда екі атыраулық спортшы көзге түсті. Олардың бірі – Аян Айтқалиев болса, екіншісі – Абылай Бітімов. Екеуі де ақтық сынға шығып, нәтижесінде қола медаль тағынды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*