Үздік жас домбырашылар А.Үлкенбаеваның шеберлік сыныбына қатысуға мүмкіндік алды

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті «Музыка және өнер» кафедрасының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер, күйші, дирижер, композитор Айтқали Жайымовтың 70 жылдық мерейлі жасына орай қалалық балалар саз мектептері арасында «Шаттанамын» атты жас домбырашылар сайысы өтті.

DSC_0243

Байқауда орын алған жүлдегерлер Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, профессор Айгүл Үлкенбаеваның шеберлік сыныбынан өтіп, арнайы сертификатқа қол жеткізбек.

Биыл аталған жоғары оқу орнында Айгүл Нариманқызының сыныбы ашылған болатын. Атырау қаласындағы дарынды домбырашы балалардың дәстүрлі музыкаға деген сүйіспеншілігін арттырып, олардың бойындағы орындаушылық қабілетті ұштай түсу — конкурстың басты мақсаты.

Қазылар алқасының құрамында облысымызға танымал өнер иелері — Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер Мұқадес Ғабдиев, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткерлері Қуанышқали Кипиев, Тынышбек Естаев, «Музыка және өнер» кафедрасының аға оқытушылары Гүлнәр Рысқалиева және Қанат Әндіровтер бар.

Сайыстың міндетті талабы бойынша қаладағы Құрманғазы атындағы балалар саз мектебі, Еркінқала, Дамбы, Атырау, М.Қойшыбаев атындағы балалар саз мектептерінің үміткерлері Айтқали Жайымовтың домбыра мен фортепианоның сүйемелдеуіне жазылған «Шалқыма» шығармасы және жеке домбыраға арналған «Шаттанамын» күйін ойнады.

Музыка мектептерінің жоғары сынып оқушыларының арасында Құрманғазы мектебінен қатынасқан 3-сынып оқушысы Алмас Наурызбай ең жас үміткер ретінде тіркелді.

Сонымен, сайыс қорытындысы бойынша М.Қойшыбаев мектебінің оқушысы Әділет Хамидолла бірінші орынға, Дамбы мектебінің оқушысы Асылбек Жорабеков екінші және Еркінқала саз мектебінің оқушысы Гүлдана Тұрғалиева үшінші орынға ие болды. Олар Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «музыка және өнер» кафедрасында биыл ашылған домбырашы Айгүл Үлкенбаеваның шеберлік сағатына қатысуға мүмкіндік алды.

Сайыста балаларды ұлттық өнерге баулыған Әсел Аймағамбетова, Рая Әжмұхамбетова, Зинаида Жақсығұловалар мен концертмейстерлер еңбегі де ескерусіз қалған жоқ. Ұстаздар қауымы арнайы дипломмен марапатталды.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*