Атырауда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша 106 жоба қабылданған (ФОТО)

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы  идеологиялық құжат болып табылады. Оның аясында барлық өңірде де қолға алынған бірнеше жоба жүзеге асуда. Атырау облысында да бұл бағытта жалпы саны 106 жобаның жұмысы жолға қойылған. Өңір бойынша тағы қандай жоспарлы жұмыстар жүргізілуде? Осы және өзге де мәселелер туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жасұлан Бисембиев баяндады.

ANU_7680

Негізгі жұмыстар алты арнайы жоба шеңберінде жүзеге асуда. «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлер географиясы», «Әлемдегі Қазақстан мәдениеті», «100 жаңа есім», «100 жаңа оқулық», «Латын әліппесіне көшу» бағыттарының аясында кіші бағдарламалар қабылданған. Бұл ретте «Атамекен», «Рухани қазына», «Тәрбие және білім», «Ақпарат толқыны» жобалары табысты жүзеге асуда. Айта кетелік, жалпы, бағдарлама қаралған сәтте басты басымдылық жергілікті кәсіпкерлерді тартуға, соның нәтижесінде өңірден шыққан бизнес иелерін туған жердің нысандарын абаттандыру, жалпы көркейту жұмыстарына жұмылдыруға беріледі.

ANU_7650

«Атамекен» кіші бағдарламасының өзі «Әлеуметтік бастамалар картасы» және «Жомарт жүрек» бөлімдеріне сай жүзеге асуда. Бірінші аталғаны – негізінен үкіметтік емес ұйымдардың жобаларын, белсенді азаматтардың көтерген бастамаларын  қолдауға бағытталған. Ал, «Жомарт жүрек» – кәсіпкерлер тарапынан жүзеге асырылып отырған жоба. Қазіргі таңда демеушілердің көмегімен «Жаңғырық» атты деректі фильм түсірілуде. Сол секілді белгілі кәсіпкер Ибрагим Ақдрашевтың қолдауымен Мақат ауданындағы Жеңіс саябағының құрылысы жүргізіліп жатқаны да игі бастаманың бірі.

ANU_7683

Атап өтерлік, жаңалықтың тағы бірі – орта ғасырлық Сарайшық қалашығы мен халық батырлары Исатай мен Махамбет жөнінде мультипликациялы фильм түсіру жұмыстары қолға алынуда. Белгілі күйші, танымал композитор  Қаршыға Ахмедьяров пен Қазақстанның Халық жазушысы Хамит Ерғалиевке ескерткіш орнату жұмыстары да келер күннің еншісіндегі игі іс ретінде жоспарланып отыр.

ANU_7689

«Республикалық киелі жерлер географиясына» Атырау аймағында орналасқан 13 нысан ұсынылып, Сарайшық мемориалдық кешені, Қаройдағы Махамбет мазары, Ұшқан ата қорымы және Ақмешіт киелі орындары республикалық тізімге енгізіліп отыр. Ал, «100 жаңа есім» жобасы бойынша жүргізілген жұмыстар нәтижесінде, арнайы құрылған жұмыс тобына келіп түскен ұсыныс-тілектер қарастырылып, 52 адамның есімі тиісті министрлікке жолданған. «Бұл адамдар туралы мәліметтер арнайы сайтқа орналастырылды. Ендігі кезекте дауыс беру арқылы нақты тізім белгіленетін болады»,-деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жасұлан Орақұлы.

Тағы бір жарқын жобалардың бірі – Атырауда алғаш рет өткізу жоспарланып отырған республикалық «Асар» үшжақты әріптестік форумы. Бұл ауқымды шара аясында мемлекет, бизнес өкілдері және үкіметтік емес ұйымдар бірлесіп жүзеге асыратын әлеуметтік жобалар қаралмақ. Нәтижесінде, бірнеше меморандумға қол қою күтілуде. Негізгі мақсат — үкіметтік емес ұйымдардың жобаларын тек мемлекет есебінен ғана емес, кәсіпкерлердің қолдауымен тұрақты жүзеге асуына жағдай жасау.

Гүлжан ӘМІРОВА

Суреттерді түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*