Қазақстанда 60 мыңнан астам әскери қызметші баспаналы болады

Қазақстанда 60 мыңнан астам әскери қызметші баспаналы болады. Сөйтіп жабық әскери қалашықтар мен заставаларда тұратын әскерилерді баспанамен қамтамасыз ету мәселесі шешілмек. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров мәлім етті,-деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ФОТО - ӘСКЕРИЛЕР

«Заң жобасы Қарулы Күштердің және барлық күш құрылымдары органдарындағы баспанасыз жүрген 60 мыңнан астам әскери қызметшілердің тұрғын үй мәселесін шешуге оң ықпал етеді. Сонымен қатар аталған әскерилердің отбасы мүшелерін қоса алғанда, халқымыздың үлкен бір бөлігі толығымен баспанамен қамтылады деп күтілуде», — деді Т. Мұхтаров «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша жасаған баяндамасында.

Оның атап өтуінше, 2013 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еңбек сіңірген жылдары 10 және одан артық мерзімді құрайтын барлық әскери қызметшілер үшін 20 жыл әскери қызметін өткергеннен кейін қызметтік баспананы өтеусіз жекешелендіру құқығы қайта қайтарылады.

«Қызметтік тұрғын үй жекешелендіруге жатпайтын болса, өтеусіз жекешелендіру құқығы баспана құны көлемінде өтеледі. Жалпы, «жаңа жүйеде зейнеталды жасындағы әскери қызметшілер тұрғын үй төлемдері көмегімен баспана алуға жеткілікті қаражат жинай ала ма?» деген орынды сұрақ туады. Әрине, әскери қызметшіге зейнеткерлікке шыққанға дейін санаулы жыл қалса, сол уақытта төленетін тұрғын үй төлемдері баспана сатып алуға жетпейді. Сондықтан заң жобасында бұл санаттағыларға зейнеткерлікке шыққан кезде баспанаға мұқтаж болған бұрынғы бүкіл кезеңіне тұрғын төлемдерін есептеп, біржолғы аудару қарастырылады. Яғни бұл әскери қызметшілердің де түйткілді мәселесі тасада қалмай, шешімін табады», — деді Т. Мұхтаров

Сонымен қатар министрдің орынбасары өзге өңірге жіберілген, бірақ бұрынғы орнында ипотекалық несие рәсімдеген әскери қызметшіге тұрғын үй төлемі қалай төленетіндігін түсіндіріп берді.

«Ротацияланатын әскери қызметшілердің төлем қабілеттілігін қамтамасыз ету мақсатында олар үшін ипотекалық келісімшарт рәсімделген өңірдегі тұрғын үй төлемдерінің сомасы бұрынғы көлемде сақталады. Сондай-ақ әскери қызметшіге ол баспанасын жалға беріп, түскен қаражатқа жаңа қызмет орнында тұрғын үй жалдап тұруына да құқық беріледі», — деді ол.

Ұсынылып отырған модельді жүзеге асыру үшін 2018 жылға қажет болатын қосымша қаржыны Республикалық бюджеттік комиссия мақұлдаған.

Айта кетейік, заң жобасымен қандай да бір тұрғын үй берілместен, қызметтен шығарылған әскери зейнеткерлерге біржолғы ақшалай өтемақыны алдағы 2018 жылы беру көзделген, яғни олардың тұрғын үйге деген құқығы толық іске асырылады. Мұнымен қоса, әскери қалашықтарда тұрып жатқан зейнеткерлерге де біржолғы ақшалай өтемақы төлеу қарастырылған.

Сонымен қатар қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларының баспана мәселесі де оң шешімін табады деп жоспарлануда.

Айқара Ғұмар

Фото firestock.ru сайтынан алынған

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*