«Жаңа әліпби жобасында қазақ тілінің үндестік заңдары ескерілген»

Жомарт Мұхамбетов, филолог: — Ақордада мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру жобасы бойынша жұмыс тобының мүшелерін қабылдаған Елбасы қазақ тілінің латын қарпіне негізделген бірыңғай стандартында қоғамдық талқылаулар барысында келіп түскен ұсыныстардың ескерілгенін айтуы да тегін емес.

ФОТО - Ж.МҰХАМБЕТОВ

Жаңа әліпби жобасында қазақ тілінің үндестік заңдары ескерілген. Елбасымызға ұсынылған жоба – қарапайым халықтың ұғынуы мен меңгеруіне қолайлы, қазақ тілінің дыбыстық үндестік заңдарын ескерген нұсқа деп білемін. Қазақ тілін басқа ұлт өкілдері тезірек меңгеруі үшін әліпби барынша әмбебап болуы тиіс. Соңғы ұсынылған жоба басқа тілдерде сөйлейтін адамдарға біздің тілді жылдамырақ үйренуді ынталандыратын нұсқа болып тұр.

Біз жастармен өзара СМС-хабарламаларды алмасқанда дәл осы латын әріптерін қолданамыз. Әліпбидің соңғы нұсқасы жастардың көңілінен шыққанын сеніммен айта аламын. Мысалы, Назарбаев Университетінде жұмыс атқаратын Түркиядан келген бір ғалым әу баста түрік тілінде «ә» және «қ» әріптері болғанын айтып, алайда латын әліпбиіне көшкен кезде сол әріптер жоғалып кетті деген болатын. Яғни, «ә» әрпі «а»-ға айналып, «қ» әрпі «к»-ге өзгеріп, ол жақтағы қауым төл әріптерінен айырылып қалған.  Сондықтан, біздің жағдайда жаңа әліпбидегі төл әріптеріміздің сақталуының мәні зор. Әбден санаға сіңісіп кету үшін латын, кирилл және соның негізінде жасалған қазіргі қолданыстағы қазақ қарпі әзірге қатар қолданылуы да мүмкін.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*