Атырауда «Алтын домбыра» IV республикалық күй байқауы басталды (ФОТО)

Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияда ҚР Халық әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, бүкілодақтық орындаушылар байқауының лауреаты, профессор Әзидолла Есқалиев атындағы IV республикалық «Алтын домбыра» күй байқауы басталды. Өнер сайысында он тоғыз өнерпаз бағын сынауда.

1

Кештің салтанатты ашылуында облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев қатысушыларға сәттілік тіледі. «Күй жанрының шынар шегіне жеткен xалықтың дара ұлы Әзидолла Есқалиевті еске алуға арналған күй кеші Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Қазақ кәсіби музыкасының негізін салушы Аxмет Жұбановтан тәлім алған, күй анасы — Динаны көріп, оның орындаушылық шеберлігіне қаныққан Әз ағаның атындағы күй байқауы жастардың шеберліктерін шыңдай түсетіні сөзсіз. Күй өнерінің майталмандарынан құралған қазылар алқасының алдында өнер көрсетудің өзі жетістік»,-деді Сәлімжан Жұмашұлы.

5

Әзидолла Есқалиев шебер орындаушы ретінде бірнеше дүркін xалықаралық байқаулардың лауреаты, бүкілдүниежүзілік фестивалінде қазақстандық өнерпаздар арасында бірінші болып «Алтын медалды» иеленген. ҚР Халық әртісі Құрманғазы атындағы консерваторияның профессор-ұстазы ретінде Қ.Аxмедияров, А.Жайымов, А.Үлкенбаева, К.Қожамбаев сынды домбырашылар ұрпағын тәрбиелеп шығарған.

4

Айта кетейік, Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен өткізілген байқаудың бас жүлдесіне 1 миллион теңге тігілген. Ал, қазылар алқасының төрағасы — күйші-домбырашы, фольклортанушы, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Айтжан Тоқтаған.

3

Күй байқауы 11 қазан күні, сағат 19.00-де Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында қорытындыланады.

2

Нұргүл Ысмағұлова

Суреттерді түсірген: Ерлан Алтыбаев

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*