«Дос жүрегін шекара бөле алмайды» атты Атырауда VІ халықаралық фестиваль өтті (ФОТО)

«Дос жүрегін шекара бөле алмайды». Осындай тақырыппен Атырауда VІ халықаралық фестиваль өтті.

«Дос жүрегін шекара 111jpg

Маңызды шараны Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Қоғамдық келісім» мекемесі ұйымдастырған. Оған ТМД құрамындағы Әзербайжан және Грузиядан, Ресей Федерациясының Қалмақ, Дағыстан Республикалары мен Самара, Астрахань облыстарынан, сондай-ақ, Қазақстанның Қостанай, Қарағанды, Маңғыстау, Батыс Қазақстан өңірлерінен және жергілікті Атырау облысының делегаттары қатысты.

Көпұлтты Қазақстан халқының достығы мен ынтымақтастығын, бейбітшілігін нығайту, ұлтаралық және мәдени қарым-қатынасты одан әрі дамыту мақсатын көздеген дәстүрлі фестиваль шеңберінде «Шекаралас аймақтағы этномәдени ынтымақтастық. Мәселелері мен келешегі» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.

«Дос жүрегін шекара 222jpg

Көршілес елдер халықтары мен конфессиялар арасындағы өзара түсіністік пен келісімді, мемлекетаралық тұрақтылық пен толеранттылықты сақтау мәселелерін арқау еткен басқосуды облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев кіріспе сөзбен ашып, жүргізіп отырды.

– Өзара түсіністік, мәдени байланыс – мемлекеттер арасындағы қарым-қатынаста тұрақтылық пен тепе-теңдікті сақтап қалудың маңызды факторы. Әрбір халықтың, ұлт пен ұлыстың өзіне ғана тән тамаша, қайталанбас мәдениеті, қалыптасқан тарихы, салт-дәстүрі бар. Осындай ерекшеліктері олардың ұлттық құндылықтарымен алмасып, бірін-бірі байытып, жетістіктерімен ортақтасып, тұтастай қоғамның игілігі жолындағы жасампаз істерді бірлесіп атқаруына септеседі. Осынау игі үрдіс ондаған жылдар бойына жалғасын тауып, қазіргі уақыт пен заман талабына сай жаңа арнамен дамып келеді. Соның ішінде, дөңгелек үстел басындағы дидарласуымыздың басты тақырыбына айналып отырған шекаралас аймақта бір-бірімен іргелес орналасқан мемлекеттер халықтарының арасындағы этномәдени саясатты жаңа деңгейге көтерудің мәні зор. Ғасырлар бойына жалғасып келе жатқан достығымыздың алтын тіні үзілмесін, — деді өз сөзінде Әлібек Ибатоллаұлы. Мұнан кейінгі құттықтау сөз кезегі көршілес елдер мен аймақтардан келген делегация өкілдеріне берілді.

«Дос жүрегін шекара 333jpg

Азаматтық біртектілікті және толеранттылықты қалыптастыру – көпұлтты, көпконфессиялы аймақтағы тұрақтылықтың негізі. Мемлекеттердің диаспоралық саясатын жүзеге асырудың ерекшеліктері. Этномәдени бірлестіктердің діни және этникалық бағыттағы қызметін жүргізудің формалары. Ал, Каспий аймағы елдеріндегі жастар саясаты: рухани әлем, құндылық бағдарлары, патриотизм, шығармашылық бастамаларға жетелейді.

Міне, осы мәселелер басқосуда талқыға түсіп, әңгіме арқауына айналды. Бұл тақырыптар бойынша Бидзина Гвачлиани (Грузия Республикасының Қазақстандағы консулы), Эльхам Зейналов (Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы консулы), Хатимулла Идрисов (Қалмақ Республикасы «Жерлестер» қазақ мәдени орталығының төрағасы), Сагантай Садыков (Волгоград облысындағы «Қазақ ұлттық мәдени автономиясы» мәдени бірлестігінің жетекшісі), Ильдар Идрисов (Астрахан облысындағы «Эдеге» ноғай жастар қоғамының басшысы) және Гульфия Кокоева (Дағыстан Республикасындағы «Айланай» мемлекеттік ноғай фольклорлық-этнографиялық ансамблінің директоры) баяндама жасады. Талқыланған барлық мәселелерге қатысты ұсыныстар қабылданды.

«Дос жүрегін шекара

Кейін, Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрында фестивальдің концерттік бағдарламасы көпшіліктің назарына ұсынылды. Оған жиырмаға жуық шығармашылық ұжымнан 140-қа тарта өнерпаз қатысып, өнерлерін ортаға салды.

Концертке аймақ басшысы, Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Нұрлан Ноғаев қатысты. Облыс әкімі қатысушыларды құттықтап, көрермен қошеметі мен ыстық ықыласына бөленген өнер иелері және ұжымдарын Алғыс хатпен марапаттап, естелік сыйлықтар ұсынды.

Дәулетқали АРУЕВ

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*