Өндіріс орындарында жазатайым оқиғаны жасыру көбейіп отыр

Соңғы кезде облыстағы өндіріс орындарында соңы қайғылы жағдайға ұласқан жазатайым оқиғалар қатары көбейіп отыр. Оған не себеп және кім кінәлі? Қарапайым еңбек қауіпсіздігін сақтай алмаған жұмысшы ма, әлде өз міндетіне немқұрайлы қараған жұмыс берушілер ме? Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Игілік Әубәкіров айтып берді.

36505_2

Биыл бұл бағытта барлығы 279 тексеріс жүргізіліп, 370 заңбұзушылық анықталды. Нәтижесінде 28 миллион теңгеден аса айыппұл салынып, бәрі дерлік өндірілген. Бұл – өткен жылғымен салыстырғанда, 49 пайызға жоғары көрсеткіш.

– Еңбек қауіпсіздігі мен заңнамасына қатысты арыздар көп түседі. Бұл ретте жалақының дұрыс төленбеуі мен еңбек кітапшасының қолға берілмеуі, мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмысқа алынбауы жиі кездеседі. Ал, өндірістік жарақат орын алған жағдайда, жұмыс беруші бір тәулік ішінде мемлекеттік еңбек инспекциясына хабар беруі тиіс. Әйтсе де, біздің мамандар бұл мәліметтерді медициналық қызмет орындарынан алып отыр. Өкінішке қарай, жазатайым оқиғаларды жасыру фактілері азаяр емес, — деді ол.

Осы жылы осындай 31 оқиға тіркеліп, жетеуі қайғылы аяқталған. Бұл ретте, барлық құжаттар тікелей ішкі істер департаментіне жолданады. Зерттеулер көрсеткендей, олардың көп бөлігі жұмыс берушілер тарапынан орын алып отыр. Мұндай жағдай еліміздің ірі мұнай инвесторы саналатын «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін де айналып өтпеді. Бұл жолы кемшілік өндіріс қауіпсіздігінен кетіпті.

Биыл еңбек жағдайы мен жалақы мөлшеріне көңілі толмайтын жұмысшылардың екі рет наразылық акциясы өткен. Соның бірі  «Кентек» мекемесінің қызметкерлері еңбекақының аздығы салдарынан бірінен соң бірі жұмыстан өз еркімен шыға бастаған. Бұл мәселеге мемлекеттік органдар араласып, жалақының өсуіне сеп болыпты. Сөйтіп, жұмысшылардың 96 пайызы орындарына оралған.

Екіншісі, «Искер» мекемесінің жұмысшылары да еңбекақыны 50 пайызға көтеруді талап етіп, наразылық шарасын ұйымдастырған. Іс сотқа жолданып, ол заңсыз деп табылды. Мемлекеттік еңбек инспекциясы жүргізген келіссөздер нәтижесінде жалақы 15 пайызға көтерілді. Заңға сәйкес, жалақы он күнге кешіктірілсе, арыз жазуға болады. Оны уақытында төлемеген мекемелер мемлекеттік сатып алу байқауларына қатыса алмайды.

Тағы бір заңбұзушылықтың түрі – шақырылған шетелдік мамандар қызметінің дипломдағы мамандығына сәйкес келмеуі. Осындай себеппен бір мекеменің сырттан келген басшысы кері қайтарылды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.