Букмекерлік кеңсе қоғамның бас ауруына айналды

Қазір Атырау қаласынан, тіпті, аудандардың да  кез келген селосынан  «Букмекерлік кеңсе» немесе «Олимп»  деген атаулармен жұмыс жасап жатқан құмар ойындарының орталығын жиі кездестіруге болады. Алайда, мұның қоғам үшін қауіпті екендігін әзір ешкім ескермейтін сыңайлы. Ал, шындығында, мамандардың айтуы бойынша осындай ойындарға  тәуелділік кез келген адам үшін нашақорлықтан не маскүнемдіктен артық болмаса, кем емес.

Букмекерлік кеңсе

Қазақстанда «Олимп» букмекерлік кеңсесінің 184 нысаны бар екен. Одан басқа, «Зенит», «Betcity», «Гол+Пас», «Tennisi», «MegaBet», «Profit» секілді бөлімшелері де жарыса ашылып жатыр. Бұл клубтар «70-30» немесе «80-20» шартымен жұмыс істейді. Яғни, келушілер жеңіске жеткен жағдайда, күндік табыстың жиырма не отыз пайызы ғана беріледі. Ал, жеңіліске ұшырағандар, «жеңілген күреске тоймайды» демекші, қалтадағы соңғы ақшаларын беруге дайын болады. Ірі ойындарда, мәселен, футболдан әлем чемпионаттары өткен кезде букмекерлер қалайда жеңілмес үшін небір қитұрқы «саясатты» қолданады. Бір сөзбен айтқанда, ақшадан ұтылмаудың барлық қам-қарекетін қарастырады. Бұл ойында жеңіп, кейін қойып кеткендер жоқтың қасы. Демек, бір ойнаған адам  тоқтай алмайды. Тағы аңсары ауып, делебесі қозып тұрады. Бұл – «лудомания» деп аталатын психологиялық дерттің бір түрі.

Ақшаның арбауына түскендерді тек ойын нәтижесі ғана қызықтырады. Байырғы заманда аталарымыз құсбегілік, атбегілікпен айналысты. Сәйгүлік баптап, бәйгеге бәс тікті. Бірақ, қазіргідей  түрлі айлакерліктің бұғауына түсіп, бақыр тиынсыз қалған емес.

Бүгінде құмар ойынға әуестеніп алғандардың қатары көбейіп барады. Бұл қоғамды алаңдатып отыр. Өйткені, күні-түні жұмыс жасайтын орталықтарда ойыншылар үшін барлық жағдай жасалған. Ас-суы, тіпті, мызғып алуға ыңғайлы орындар да қарастырылған.

Қазақстан Республикасының «Ойын бизнесі туралы» заңнамасына сәйкес, кеңсе қызметкерлері бәс тігушінің жасын білу үшін оның жеке куәлігін тексеруі шарт. Яғни, Заңның 15-бабында көрсетілгендей, 21 жасқа жетпеген тұлғаларға қызмет көрсетуге құқығы жоқ. Алайда, заңды белден басқандар оған назар аудармайтынын күнделікті өмірде көріп жүрміз.

Сонымен, құмар ойындары несімен қызықтырады? Олардың құрығына көбіне-көп жастар ілінеді. Бұл мәселеге орай, Атыраудағы ойынханалардың тыныс-тіршілігімен танысу үшін бірнешеуіне бас сұққанбыз. Біз куә болған жағдай­лар­дың бәрі бір-біріне ұқсас. Адамға лық толы үстелдер,  ақша салуға арналған орындар… «Міне, ғажап, ұттық!» деп қуанған, кейде «ұтылуымыз мүмкін емес, бұл нағыз алаяқтық…» деп айқайлаған дауыстар да шығып жатты.

Одан әрі осындағы адамдармен тілдеспек болдық. Арасында күндіз-түні букмекерлік кеңсе­ден шықпайтындар да бар екен. Олардың бірі анда-санда жеңіске жетіп жатса, екіншісі қып-қызыл шығынға батқандарын айтады. Бәрі де бастапқыда ірі ұтыстарға деген қарапайым қызығушылықтан басталады екен. Кейін ол еріксіз құмарлыққа, тәуелділікке ұласады. Әйтсе де, бәрінің айтатыны – «Әлі ақша тігіп көрмегендер болса, бұған жоламағаны дұрыс» деген сөз.

Өзін Данияр (белгілі себептермен есімі өзгер­тілді – автор) деп таныстырған жігіт­тің тіккен бәсі о баста сәттілік әкеліп жүрген. Артынша, көп мөл­шер­де ақша тігіп, ұтылып қа­лып­­ты. Содан бері  осы кеңсенің тұрақты тұтынушысына айналған.  Жұмыс­тан шы­ға сала букмекерлік кеңсеге қарай жүгіреді. Күндіз-түні ойлайтыны–кеткен ақшаны қайтару. Бірақ, ол мүмкін емес көрінеді.

Осыдан кейін Нұрсая ықшамауданындағы кеңсеге ат басын бұрдық. Бірақ, мұнда да  бізге сыр ашуға құлықты адамдар сирек болды. Кейін Ержан деген азамат (кейіпкердің есімі өзгертілген) өзінің бастан кешкен хикаясын баяндап берді. Ол Атырау қаласының тұрғыны екен. Алғашқыда жеке көлігімен такси жүргізушісі болып қызмет етеді. Букмекерлік кеңсеге 2012 жылы келе бастаған. Бірақ, соншалықты әуестеніп кететінін сол кезде білмепті. Тапқан табысының тең жартысын «Кено» деген ойынға жұмсайтынын мойындады. Бұдан бөлек, түрлі спорттық ойын бәстері де бар. Кейіпкеріміз «ұтқанымнан ұтылғаным көп» деп қынжылыс білдіреді. Ол құмар ойынның кесірінен маңдай терімен тапқан табысын желге ұшырғанына қатты қапалы. Тіпті, ата-ана, туған-туыс, достарымен де жиі ренжісіп қалады екен. Бірақ, бұл «дертпен» қанша күрескісі келсе де, еш нәтиже шығар емес.

Француз Пьер Олер ойлап тапқан ойын бүгінде Еуропа елдерінде жоқтың қасы. Ресми түрде тек Англияда ғана аталмыш ойынға бәс тігуге рұқсат етілген. Еуропа елдері букмекерлік ойындар тиімді болса баяғыда-ақ дамытып, әр үйге бір-бір кеңсе ашып қояр еді. Ойынның қауіптілігінен қорыққандықтан батыста бұл ойындарға қатаң тыйым салынған.

2016  жылдың сәуір айында қабылданған заңсыз ойын бизнесі туралы заң 1 қарашадан бастап өз күшіне енді. Мемлекет, жарты жыл ішінде салық төлемейтін заңсыз ойын бизнесін жабуға уақыт берді.  Дегенмен, жасырын түрде қызмет жасап жүрген букмекерлік кеңселер әлі де жұмысын тоқтатпаған. 1 қарашадан бастап бұған дейін алынған лицензиялар толыққанды жойылды.

 

* Сіз не дейсіз?

Райхан  АТАЛЫҚОВА,

психолог:

– Қоғамдағы түрлі оқиғаларға көз сала отырып, біз адамдардың жағымсыз іс-әрекеттерінің іздерін байқаймыз. Бұл қазіргі ғылым тілінде «девиантты мінез-құлық» деп аталады. Оған өзін-өзі өлтіру, нашақорлық, агрессивті әрекет, қылмыс, құмар ойындарға тәуелділік секілді жат қылықтар жатады. Қатыгездік үйде, көшеде, мектепте, балалар үйлерінде, ауруханада көрсетілуі мүмкін. Бұған душар болған балалар қоршаған ортаға бейімделе алмай қалады. Соның әсерінен бала өзін керексіз сезінеді. Психикалық реакциялардан бөлек, қорқыныш пайда болып, ұйқы бұзылады, тәбет те төмендейді. Мінез-құлық өзгеріп, қызбалық, сенімсіздік, ұялшақтық орын алады. Зерттеулерге қарағанда, зорлық-зомбылықты көп көрген жасөспірімдер  өскенде құмар ойындарға әуестік танытып, оңай олжаға бейімдік қалыптасады.

 

Жасұлан  ЗАМЗАМОВ,

ауыл тұрғыны:

– Бұл мәселеге бүгін көңіл бөлмесек, ертең кеш болуы мүмкін. Себебі, букмекерлік кеңселер күн санап тамырын кеңге жаюда. Бүгінгі таңда ойынқұмарларға барлық жағдай жасалған. Үйден шықпай-ақ, ұялы телефондағы ғаламтор арқылы бәс тігуге мүмкіндік бар. Ал, букмекерлік кеңсеге кіре қалсаңыз, өзіңізді үйдегідей сезінесіз. Былғары диван, үлкен мониторлы теледидар, ғаламтормен жабдықталған компьютер, алкогольді ішімдіктің неше түрі кездеседі. Қалай десек те, букмекерлік кеңселердің жұмысына түпкілікті тосқауыл қою мүмкін емес. Ендеше, «жастарымыз құмар ойынның түбі жақсылыққа апармайтынын қазірден түсініп, бос уақытын тиімді өткізсе» деген тілегім бар.

Абай АҚМҰРЗИЕВ

 

3 comments

  1. Бір танысым букмекерлік кеңсеге ұтыс тігу арқылы, керемет тойота көлігін мінді. Бірақ, кеңсеге әбден байланған жігіт кейін бар ақшасынан айрылып, әлгі көлікті де сатты. Қарызға да батты. Бұдан шығатын қорытынды біреу — құмар ойындары адамды арбағаннан басқа еш опа бермейді.

  2. Жасұлан Рахов

    Құмар ойындары талай отбасының шырқын бұзып келеді. Сондықтан, осындай кеңселерді шетінен аша беруге тыйым салу керек деп ойлаймын. Мұндай орталықтарды Қапшағайға ғана жинақтасақ, әсіресе, жастардың санасын улаған осы тақырып туралы айтып отырмаған да болар едік.

  3. Айнұр Ахметова

    автор өте маңызды тақырыпты қозғаған екен. Мұндай ойын бизнесіне заңмен тыйым керек.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*