Атырауда тоғыз мектеп жаңа автобуспен қамтылды

Қалада оқушылар тасымалына қатысты мәселе шешімін таба бастағандай. Олай дейтініміз, мектеп оқушыларын тасымалдау мақсатында қаладағы тоғыз мектеп жаңа автобуспен қамтылды. Сондай-ақ, балаларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету ісі биыл да жалғасын таппақ. Бұл туралы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы – білімнің үлесі» тақырыбында өткен қалалық білім беру қызметкерлерінің тамыз кеңесінде айтылды.

Қалалық тамыз мәслихатынан

Дәстүрлі шара барысында білім саласына қатысты мәселелер талқыланып, жаңа оқу жылына міндеттер мен мақсаттар қойылды. Қалалық білім бөлімінің басшысы Света Аманшиеваның айтуынша, биыл 1-сынып табалдырығын  7795 оқушы аттағалы отыр. «Маңызды мәселенің бірі – оқушылардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру. Осы мақсатта  жиырма миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінді. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада Атырау қаласы командалық бірінші орынды иеленді. Ал, ғылыми жобалар байқауына қала бойынша 14 оқушы республикалық сайысқа қатысып, төрт оқушы жүлделі орынға ие болды» деген ол педагог-кадрлардың кәсіби шеберлігін шыңдау бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылғанын атап өтті.

Баяндамашы маман кадрлар даярлау, мұғалім статусын көтеру секілді өзге де мәселелерге тоқталып, әріптестерін «Мектепке жол» акциясына белсенді атсалысуға шақырды.

Қала бойынша сегіз мектепте орын тапшылығы (№3, №15, №16, №22, №24, №30, №32 №34)  байқалса, мектепке дейінгі білім ұйымдарымен қамтамасыз етуді қажет ететін 17 мың бала кезекте тұр. Бұған қоса, әлі типтік емес ғимараттағы тоғыз мектепті  стандарт-қа сәйкестендіру қажет. Тамыз мәслихатында бұл туралы сөз қозғаған қала әкімінің орынбасары Полымбет Хасанов осы орайда облыс әкімінің қолдауымен бес мектепке жаңа ғимараттар және төрт мектепке жапсаржай құрылыс салуға шешім қабылдан-ғанын айтты.

Қалалық тамыз мәслихатынан2

– Құқықтық сауаттылықты арттыру бағытында да атқарыл-ған шаралар бар. Дейтұрғанмен, мектептердегі тәртіпке қатысты жағдай алаңдатушылық туғызады. Биылғы бірінші жартыжылдықта 21 оқушы полицияның кәмелетке толмағандар істері жөніндегі бөлімінің тіркеуіне алынған. Сондай-ақ, 13 оқушы қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Ал, төрт оқушы наркологиялық диспансердің есебінде тұрса, бір суицид фактісі кездескен. Бесікті ауылындағы бір оқушы қасақана жасалған қылмыстың құрбаны болды. Жақсы көрсеткіштер емес… Көпшілік, қалың бұқара, ата-ана, қоғамдық ұйымдар болып ойланар нәрсе. Маңызды мәселенің бірі – оқушыларды оқулықпен қамтамасыз ету. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен қомақты қаражат, яғни,  1 млрд. 154 мың теңге бөлінді,-деді ол.

Шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев оқушыларды ыстық тамақпен қамту ісі биылғы жылы да жалғасын табатынын айтты. Сондай-ақ, аймақтағы асхана, денешынықтыру, концерт залдары жоқ мектептерге тексеру жұмыстарының жүріп жатқанына тоқталды.

Жиын барысында ұрпақ тәрбиелеу, білім беру ісінде елеулі еңбек сіңірген бір топ ұстаздар Атырау қаласы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Мәлике МӘЛІК

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*