Электр қуатынан ажырату реті

Қазіргі кезде өңірде энергиямен жабдықтаушы және энергия беруші кәсіпорындардың тұтынушыларды электр энергиясын пайдаланғаны үшін төлем өтемегені бойынша алдын ала хабарламай, электр энергиясынан ажырату оқиғалары орын алуда. Келешекте мұндай жағдайларды болдырмау мақсатында және қолданыстағы қағида талаптарына түсінік беруді жөн көрдік.

i

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы №233 бұйрығымен бекітілген электр жабдықтаудың үлгілік шартының 13-тармағына сәйкес, электр энергиясын тұрмыстық қажеттілік үшін пайдаланатын тұтынушылар төлемді есептік кезеңнен кейінгі айдың 25-ші күнінен кешіктермей жүргізеді. Есеп айырысу кезеңі бір күнтізбелік айды (30 күн) құрайды. Егер төлем айдың 25-ші күнінен кейін түспесе, энергия жабдықтаушы немесе энергия беруші (энергия өндіруші) ұйым электр энергиясын беруді толықтай немесе жартылай тоқтатады. Мұндай жағдайда тұтынушыға электр энергиясын ажырату алдын ала жазбаша түрде 30 (отыз) күнтізбелік мерзімде хабарлануға тиісті.

Сонымен қатар, жоспарланған ажырату туралы хабарламаны тұтынушы шарттың 13-тармағында көрсетілген оқиғадан кейін алуға тиісті екенін атап өтеміз. Осыған байланысты, энергия жабдықтаушы ұйымның төлем құжатындағы (счет-извещение) тұтынушыны электр энергиясынан ажыратуға негіз болатын хабарлама, жоғарыда аталған хабарламаға сәйкес келмейді. Мысалы, Атырау қаласының тұрғыны қаңтар айында тұтынылған электр энергиясы үшін 25 ақпаннан кешіктірмей төлем төлеуге тиісті. Егер төлем жасамаған жағдайда энергиямен жабдықтау немесе энергия беруші ұйым тұтынушыға жазбаша хабарлама жіберуі тиіс және 25 наурыздан кейін ажыратуға құқылы.

Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы заңнамасына сәйкес, мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау жөніндегі орган елімізде электр энергетикасы саласындағы нормативтік құқықтық актілері талаптарының сақталуын жүзеге асырады.

Осыған байланысты, осы мазмұндас жағдайлар орын алып, энергия жабдықтаушы және энергия беруші ұйымдар электр қуатын заңсыз шектейтін болса, Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша аумақтық департаментіне, мына мекен-жай бойынша шағымдануға болады:

Атырау қаласы, Абай көшесі, 10«А», тел. 8 7122 32 26 68.

М. ҒҰБАШЕВ,

Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі атомдық және

энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің

Атырау облысы бойынша аумақтық департаментінің басшысы.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*