Жайбасар пойыз жолаушылар ренішін туғызып отыр

«Жол азабын жүрген білер» демекші, ми қайнатар ыстықта сапарға шығу оңай емес екені белгілі. Сынап бағанасы +40, 43 градусты көрсеткен кезде, әсіресе, теміржолмен қалаған жеріңізге жетудің өзі қиын болып тұрған жайы бар. Оның басты себебі – қанша айтылса да шешімін таппаған тозығы жеткен салқындатқышсыз вагондар, кассадағы кезек, әрбір стансаға сағаттап тұратын пойыздар. Бүгінгі күннің ащы да болса шындығы – осы…

Қапырық вагон, жайбасар пойыз

Соңғы уақытта редакциямызға телефон шалып, пікірін білдірген оқырмандар сауалдарының басым бөлігі жолаушылар тасымалына қатысты болғаны рас.

– Жаздың кезі ғой, кезекті еңбек демалысымызда отбасымызбен көршілес Ақтау қаласына баруды ұйғардық. Теміржол вокзалы кассасында күз айларына дейін бірден билет жоқ екенін айтты. Орын босап қалар деген ниетпен бірнеше күн күттік. Бірақ, жоспарымыз орындалмай қалды. Сонда нағыз жолаушылар көптеп қатынайтын уақытта вагондар санын көбейтуге болмай ма екен? Оның үстіне, «Атырау–Маңғышлақ» бағытындағы пойыздар тым ұзақ жүреді, станса сайын тоқтайды. Осы проблема қашан жойылады? — дейді қала тұрғыны Гүлайна Иманәлиева.

Ал, жұмыс бабымен Алматы қаласына сапарлап келген Ботагөз Шеркешбаева жолдың шынымен де азапқа айналғанын ренішпен жеткізді.

– Билет жайын айтпағанның өзінде, келер бағытта мінген вагонымыз тым ескірген. Әбден тозығы жеткен. Салқындатқыш жоқ. Купеге билет алып, бірақ,  еш жайлылығы жоқ орында келгенің жаныңды күйдіреді. Ал, амалсыздан жүрегі ауыратын, ыстықты көтере алмайтын жандар қалаған жеріне жете алмай, жолдан түсіп қалып жатыр. Мұндайда тазалықты айтудың өзі артық шығар. Экономикамыз қарқынды дамып, еліміздің жағдайы түзеліп келе жатқанда жолаушылар тасымалының осындай дәрежеге дейін төмендеуін айтудың өзі ұят. Рас, жоғары жылдамдықпен жүретін тальго пойыздарымен қатынау әлдеқайда жеңілірек болар. Алайда, екінің бірінің оған қалтасы көтермейді. Екеуінің бағасы жер мен көктей. Демалыс кезеңі қызған шақта халық көп қатынайтын Алматы, Маңғышлақ бағыттарындағы пойыздарды көбейтсе қайтеді? Теміржол басшылары немесе жергілікті  әкімдер 40-45 градус ыстықта салқындатқышы жоқ, аяғын баспайтын пойыздармен жүріп көрмеген болар. Бірақ, халықтың жағдайын ойлауы қажет емес пе?! — дейді ол.

Қос пікірдің де жаны бар. Жол қиындығын бастан кешірген тұрғындардың орынды сауалдарына жауап таппақ мақсатта біз де ертемен теміржол вокзалына жол тарттық. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайтыны» рас екен. Мұнда ығы-жығы халық. Бірі қонақ күтіп алуға, екіншісі сапарға асығып барады. Сағат тілі 7.00-ді көрсеткенде, «Ақтөбе–Атырау»  бағытындағы пойыз келіп жетті. Жолаушылар вагонда жас балалар болғандықтан,  салқындатқыштың белгілі бір уақытқа ғана қосылғанын айтып, қынжылды.

– Сенесіз бе, таңғы төртке дейін көз ілген жоқпын. Келесі купедегі жолаушылардың кішкентай сәбилері бар екен. Олар жолсеріктен салқындатқышты өшіруін сұрады. Содан басқа да халықтың сұрауымен әйтеуір қосылып, көз шырымын алғандай болдық. Шын мәнінде, жаздың аптабында жолға шықпаған жөн. Оның үстіне, вагондар да әбден ескіріпті. Ескі-құсқы нәрсені қанша тазаласаң да, шаң-тозаңының кеткені білінбейді ғой. Сол сияқты пойыздың да «шаршағаны» көрініп тұр, — дейді бізбен тілдескен Ләйлә Қуанова.

«Неге бұлай?»  деген сан сауалға жауап іздеп бірнеше мекеме басшыларына хабарластық. Бір теміржолда қырық бөлімше жұмыс жасайды. Бас-аяғы бір-ақ сағаттың ішінде төрт-бес маманмен тілдесіп үлгердік. Әңгіме барысында «аққу – көкке, шортан – көлге, шаян жерге  тартудың» нағыз кейпін осы жерден көрдік.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ Батыс филиалы Атырау телімінің басшысы Ақылбек Бұрханаддин осыдан бір-екі жыл бұрын жоғарыда айтылған проблемалық мәселелердің болғанын жасырмады. Бірақ, бірыңғай «Автоматтық басқару жүйесі» енгізілгеннен кейін алыпсатарлар қатары жойылған. Бүгінде жолаушылар кезекке тұрмай-ақ үйден де электронды билеттерге тапсырыс бере алады. Атырау қаласындағы вокзалдың өзінде төрт касса жұмыс істейді, оның үшеуі тәулік бойы қызмет көрсетеді. Ал, кейбір вагондарда салқындатқыштың жоқ екенін растады.

– Жұп күндері жүретін «Атырау–Алматы–Атырау» бағытындағы №41-42 «Ақ Жайық» пойызы 51 сағатта жетеді. Бұл құрамда 18 вагон бар. Оның 9-ы плацкарт, 9-ы купе. Осының ішінде екеуінде ғана салқындатқыш жоқ. Себебі, 54 вольттық вагондар аккумуляторы мұндай қосымша қуатты көтермейді. Кейбір жолаушыларға осы екі вагон тап келеді. Реніш туындайтыны да  – сондықтан. Ал, осы бағыттағы билеттерге келсек, соңғы келіп түскен ақпаратқа сәйкес, кету уақытында оның 93 пайызы сатылған.

Жалпы, пойыздар жүрісінің өз тәртібі мен технологиясы бар. Мәселен, бекітілген ережеге сай бір бағытта қатынайтын құрамда 14 вагон болуы шарт. Оның ішінде біреуі – мейрамхана, біреуі – пошталық. Бірақ, жаз  мезгіліндегі нау-қанды ескеріп, тағы да қосымша вагондар тіркеп отырмыз. Біле білсеңіз, ол да үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өйткені, барлық қауіпсіздік жүктеледі. Мысалы, бір вагонның ұзындығы – 24,5 метр. Яғни, олардың қатары көбейген сайын ауыртпалық да арта түседі, — деген Ақылбек Бұрханаддинұлы әр вагонның қызмет көрсету мерізімі болатынын айтты. Телім басшысы атап көрсеткен 54 вольттықтар 35-40 жылға дейін жарамды. Мерзімі өтпей, оларды істен шығаруға тағы болмайды.

Жолдағы кейбір жайсыздықтарға қарамастан «Ақ Жайықпен» жұп күндері 950-ге жуық жолаушы Алматыға қатынайды екен. Ал, тақ күндері құйындай жүйткіп, бірнеше мың шақырым қашықтыққа 35 сағатта жететін №77 «Сарайшық» тальго пойызында 350-ге тарта орын бар. Әңгімелесушіміз билет бағасына сай бұл вагондарда мұндай проблемалар кезікпейтінін жеткізді.

– Әрине, халықпен жұмыс жасау оңай емес. Тальго пойыздары билеттерінің қымбат екенін айтып, наразылық білдірушілер де болғаны шындық. Алайда, қазіргі нарық заман талабына сай қызмет ұсынып, шығындарымызды ескере отырып, біз оны орынды қойып отырмыз деп есептейміз. Сапарын алдын ала жоспарлағандар билет алудан еш қиындық көрмейді деп есептеймін. Мысалы, 45 күн бұрын тапсырыс берсеңіз, «Сарайшықтың» бір билет құны орташа есепппен 10-15 мың теңгеден аспайды. Ал, жолға дәл шығатын күні алсаңыз, шамамен 24 мың теңгеге дейін жетеді. Айталық, көктем кезінде-ақ мекемелер балаларды лагерь, шипажайға жіберуге билетке тапсырыс беріп қойды. Орын да табылды, билет те болды. «Қамданған қапы қалмайды» деген бар ғой. Ертерек жұмыстансаңыз, ешқандай мәселе туындамайды, — деп сендірді телім басшысы. Иә, бұл пікірмен де келіспеуге болмайды.

– Рас, бір кездері ақылы түрде телефон қуаттаған фактілер кездесті. Дұрысында, ол – тегін, — деп түсіндірді Ақылбек Бұрханаддинұлы.

Ал, Маңғышлаққа дейінгі аралықта пойыздың жүру ұзақтығын ол әр стансалардың ерекшелігімен байланыстырды. «Мәселен, кейбір ауылдарда билет сатылмайды. Алайда, жеке куәлік көрсеткен жағдайда жолсерік кассасы бар стансаға дейін жеткізуге тиіс. Осыны жадымыздан шығармайық» дейді ол.

P.S. Еліміз әлемнің озық мемлекеттерімен иық тірестіретін тұста экономика күретамырын өркендету – кезек күттірмейтін мәселе. Әсіресе, жолаушылар көп қатынайтын жаз мезгілінде тасымал сапасын жақсартуда әлі де «әттеген-ай» дейтін тұстар жетіп артылады. Сала маманы олардың біртіндеп шешімін табатынына сендіргенімен, тұрғындардың көкейінде сенімнен гөрі күдік көбірек болып тұр. Ақысын төлеп, билетін алғаннан кейін жолаушылар жайсыз, салқындатқышсыз вагонда жүруі тиіс емес. Оның үстіне, әлеуметтік желіде қымбат жиһазбен безендірілген пойыздағы VIP-вагон видеосы жарияланды. Алматылық «Туран Экспресс» компаниясының отарбасын жалға алу құны 100-130 мың теңгеге жетеді екен. Қарапайым жұрт кәдімгі пойыздарда  жайлылыққа қол жеткізе алмай жүргенде кең сарайдай вагондар бізге қаншалықты қажет?..

Айбөпе САБЫРОВА.

7 comments

  1. Мейрам Ғали

    «Әлеуметтік желіде қымбат жиһазбен безендірілген пойыздағы VIP-вагон видеосы жарияланды. Алматылық «Туран Экспресс» компаниясының отарбасын жалға алу құны 100-130 мың теңгеге жетеді екен» депті автор мақаласында. Шыны керек, мұндай тосын жаңалықты автордың мақаласынан оқып-біліп отырмын. Расымен де, аптап ыстықта салқындатқышы жоқ, әрі іші лас вагондармен жол жүруге мәжбүр қарапайым халық жайын ысырып қойып, хан сарайындай вагондарды жалға бергеннен не ұтамыз? Мүмкін ол белгілі бір кәсіпкердің бизнесі де шығар. Бірақ, бизнестің де әлеумет алдында жауапкершілігі барын Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі айтып жүр емес пе? VIP-вагонды жалға алып кім, қайда барады?

  2. Бану Бекешова

    «Жолаушылар тасымалы» АҚ Батыс филиалы Атырау телімінің басшысы Ақылбек Бұрханаддин мырза, «жұп күндері жүретін «Атырау–Алматы–Атырау» бағытындағы «Ақ Жайық» пойызы туралы айта келе, 18 вагонның екеуінде ғана салқындатқыш желісі жоқ. Себебі, 54 вольттық вагондар аккумуляторы мұндай қосымша қуатты көтермейді» деп ақталады. Аккумулятор артық жүктемені көтермесе оған кім кінәлі? Осы қызметті лайықты деңгейде ұйымдастыра алмай отырған жауапты компания ма, әлде сол вагондарға билет сатып алған жолаушылар ма? Асылында, клиент ақы төледі ме, оған барлық жағдай жасалуы керек. Жұмысты ұйымдастыра алмаса, тиісті құрылым басшыларының лауазымын сәйкестік мәселесін қайта қараған дұрыс болар.

  3. Гулнар Тенелбайкызы

    Жақында ғана жыр болған №41 «Ақжайық» пойызымен Атыраудан Жамбылға дейін бардық. Қапырық вагонда демалатын ауа болсашы. Салқындатқыш жүйесінің жұмыс істемейтіні өз алдына, ауа айналдыруға септігін тигізетін вагон терезелері де ашылмайды. Жүрегі нашар жолаушылар арасында қатты әлсіреп қалғандары да болды. Балалардың берекеті кетіп, әр аялдаманы сарыла күтіп, Жамбылға әрең жеттік. Пойыз ішіндегі әжетхана жайын айтудың өзі ұят. Тіпті, санитарлық аймақтардың өзінде тазаланбайды, сасық иіс әбден қолқаны қабады. Масқара. Адам емес, құдды бір малды тиеп бара жатқан вагондай көрінді …

  4. Лариса

    Мақалада орынды мәселелер көтерілген екен. Авторға рахмет! Ізденіс, тақырыпты зерттеуде кәдімгідей еңбектенгені көрініп тұр. Бір қызығы, пікір білдірушілер де, авторларда негізінен кеңес заманындағы вагондар туралы айтқан екен. Шындығында, мақтаулы «Тұлпар — Тальго» пойызынан да күй кетті. Осы жақында ғана Сағыз арқылы Атырауға бардық. 26 вагонға міндік. Міндік дегені өз алдына, вагонның жолсерігі есікті ашпады. Сол себепті көршілес 25 вагоннан пойызға отыруға тура келді. Сосын төсек-жабдықты ауыстыру үшін әлгі жолсерікті 1,5 сағат күттік. Ол келмеді. Содан он вагонға дейін аралап шықтық. Былайша айтқанда, жолсерікке «іздеу» салдық. Ол ақыры «табылмады». Сөйтіп, 1,5 сағаттан кейін көршілес вагондардың жолсерігі келіп, бізге жаңа төсек-жабдық беріп кетті. Айтайын дегенім, билетіміз ақыры қалтамызда кетті. Жолсерік соңына дейін келмей, әбден Атырауға жеткенде түсу керектігін есімізге салды. Лас вагондар туралы мүлде айтпай ақ қояйын…

  5. Аида Жоямерген

    Кейде пойызға мінгеннің өзі бақыт па деп қаламын. Себебі, билет табу, әсіресе жаз кезінде қиын. 11 ай бойы үзбестен жұмыс істейтіндіктен, еңбек демалысымызды жақсылап өткізгіміз келеді ғой. Отбасыммен Алматы облысына билет таба алмай, демалысты Оралда өткізуге мәжбүр болған едік. қосымша вагондар шығарып болса да, билет жетіспеушілігін шешу керек

  6. Айгул Есжан

    Пойыздардың проблемасы тәуелсіздік жылдарынан бері айтылып келе жатыр ғой. Сол баяғы ескі вагондар, лас төсек-жабдық, пойыздардың көрінген стансада сағаттап тұруы. Меніңше әуе билеттерін қолжетімді ету тетігін қарастыру керек. Міне, сонда әуе компаниялары мен шойын жолмен жолаушы тасымалдаушылар арасында бәсеке туып, сервистік жағдай оңалар еді. Әйтпесе, қолжетімді болған соң, бәрібір халық бізді таңдайды деген психология бәрібір өшпейді.

  7. нұрлан

    Билетті алдын — ала алу проблеманың шешімі емес. кейде шұғыл түрде, жоспарламаған жерден жолға шығуға тура келеді. Ең дұрысы, жаңа пойыздар алу, вагондар санын арттыру!

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*