Дарабоз жігітке даяшылық жараса ма?

Бүгінде нарықтың талабына сай осыдан жиырма жыл бұрынғы той мен қазіргі тойдың форматы түгелге дерлік өзгерді.

i

Бәрі  жақсы-ау. Тек қазіргі тойларда  ас-ауқатыңызды алдыңызға тартып, кесе ұсынатын келіндеріміздің орнын бозбала жігіттер ауыстырған.

Мұны әр жиын, той сайын көріп жүрген  кейбір зиялы азаматтарымыз намыстанса, кейбірі нарықтың талабына, табыстың көзіне тели салады. Қанша жерден «заманың түлкі болса, тазы боп  шал»  десек те, болашақ шаңырақ иесінің  қадір-қасиетінің жоғарылығын  қазағым әу бастан  ұлын сүндетке отырғызып, атқа мінгізгенде  білдірді емес пе?!

Олардың  шай құйып жүргеніне еш таңырқамастан   «жас қой, жастарға бәрі жарасады» дей салуымыз әбестік болар. Қазіргі  балаң жігіт – ертеңгі әке, елдің бетке ұстар азаматы, келешектегі  жапырағы жайылған шаңырақтың тұтқасы. Тәрбие – тал бесіктен басталады. Өмірдің оң мен солын ажыратар өтпелі кезеңде  ұлдарымыздың бұл іспен шұғылдануын әркім өзінше түсінер, бірақ, ата-бабамыз  тәрбие мен тәлімді, ар мен абыройды ақшадан биік қойған.

Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен,  осы тақырып аясында біраз адаммен  тілдескенімізде, олардың дені қарсылық танытпады. Бірі қымбатшылықты, бірі жұмыс жоқтығын алға тартса, бәзбіреулері бұл да  бізге нарықпен бірге  келген  мамандықтың бір түрі деп топшылады.

Сіз не дейсіз?

«Заманға қарай иілсек, қор болмаймыз»

Осыдан бірнеше жыл бұрын қаламыздағы бір мейрамханада  даяшы боп қызмет етіп, бүгінде жоғары оқу орнын аяқтап, алған   білімімен алыс ауылдардың бірінде ұстаздық қызмет атқарып жүрген Раукен есімді замандасымыз өзінің  даяшылық қызметі туралы ойларымен бөлісті.

–  Біз өмір сүріп отырған заманның ығына қарай жығылуымыз қажет. Екі жылғы жұмыс тәжірибемде аса қиын жағдайларды  кездестірмедім. Мен бұл қызметтен моральдық тұрғыдан қоғамдық ортада адамдармен жақсы қарымқатынас орнатуды үйренсем, материалдық тұрғыдан жеке басымның қажеттіліктерінен артылған пайдамды зейнетақы қорыма аударып, депозит те аштым. Жиырма жасқа толғаннан кейін өз еркіммен жұмыстан кеттім. Әрине, ер адамға тән қазіргі заман талабына сай  қызмет етер едім, бірақ, ауылдан келген жас баланы  қалада ешкім құшағын ашып күтіп отырған жоқ. Сондықтанжамбасыңа келген жұмысты жасап, нәпақа табуыңа тура келеді. Сол себепті оны кінә санаудың қажеті жоқ. Студент болдым. Пайда тауып, өзөзімді қамтамасыз еттім. Бүгінде мамандығыма сай жұмыс жасаудамын — деді ол.

Мұнда тұрған ештеңе жоқ. Бұл да еңбек, — деді Кәмшат Қопаева,оның үстіне ертеде үлкен тойларда  табақты жігіттер тартатын болған.

Сонымен бірге, Арай есімді оқырманымыз да  отбасындағы жағдаймен бөлісті.

– Інім университетте оқиды.  Оқу ақысы жылына – 430 мың. Үйде тек ол ғана емес, екінші інім де ақылы негізде білім алуда. Олардың барлық шығынын өтеуге ата-ана қауқарсыз. Сондықтан,  сабақтан тыс уақытта даяшы болып қызмет етуге мәжбүр, — деді ол.

***

Таяқтың екі ұшы бар секілді, бұл әңгіме аясында да ер баланың даяшы боп қызмет етуін жақтайтындар да, даттайтындар  да болды.

 «Еркектер ыдыс-аяққа араласпаған…»

– Студент кезімде қасымдағы балалармен бірге даяшылық қызметке орналастым. Шыны керек, бұл қызметте ұзақ тұрақтай алмадым. Тапқан аз ғана табысың болмаса ешқандай тәрбие бермейтін, жақсылық та әкелмейтін жұмыс деп түйдім. Жас жігіттерге айтарым арба сүйреп, тегершік жамасаң да, ер азаматқа сай қызмет атқарған дұрыс, — деді есімін атауды қаламаған жігіт.

Ал,  журналист  Асаубек Айымбетов: «Жеке басым бұл қызметті жасамас едім. Айлығы жоғары болса да ыдыс тасып, кесе ұстап жүруді ар санаймын», — деді.

Ал, елу жастан асқан ермек Қайыров есімді ағамыз:

– ер балалардың бұл қызметке араласуы  – отбасындағы әкенің рөлінің төмендеп бара жатқандығының бірден-бір айғағы, — деді. — Кейбір  әкелер перзенті алдындағы жауапкершілігіне жүрдім-бардым қарайды.  Шыны керек, «оқымасақ та, өлген жоқпыз» деп ұл-қызын кері тартатындары да бар. Қазір ХХІ ғасыр –  білімділердің ғасыры. Осыған ұмтылған ұлдарымыз қолдың қысқалығы, амалдың жоқтығынан әупірімдеп түскен оқуынан шығып қалмас үшін шай құйып, есік күзетіп ақша табады, — деп тұшымды пікірімен бөлісті.

Қалай ақталсақ та, нарыққа енген  бозбала жігіттердің бұл ісі көңілде жақсы әсер қалдырмайды. Мұнымен біреу келісер, не келіспес. Ерлеріміз  қан майданға аттанғанда, аналарымыз атқа мінген болар. Бірақ, ешқашан  еркектер ыдыс-аяққа араласпаған…

Салтанат Ақтәжиева

3 comments

  1. Абай атамыз «есектің артын жусаң да, мал тап» демеді ме? Ендеше, заман талабынан туындап жатқан жаңа мамандықты сонша сөгетіндей не болыпты? Жігіт даяшы болса да, өз қажетіне ақша тауып жүр. Көшеде бөтелке соғыстырып отырғаннан гөрі, жұмыс жасап, ата-анасына қарайласқаны дұрыс

  2. аслан тутов

    «Ана жерде жарылыс, мына жерде атыс болды» деген хабарларды оқи-оқи шаршап кетіп едік. Бүгінгінің тақырыбын қозғап, ойлы мақалалар ұсынып жүрген журналистерге рахмет! Той-томалақта көп жүретіндердің біреуі өзіммін. Байқайтыным, даяшы болып көбіне мектеп жасындағы, иә студенттер жігіттер жұмыс істейді. Мамандығын алған соң, ол да ертең қалаған жұмысына кіреді ғой деп ойлаймын. Дәстүрдің озығы да, тозығы да бар. Сондықтан, жігіттерді сөге жамандамау керек)

  3. Шалқарбай Ақберен

    Өз басым ер адамның қазан-ошаққа араласқанын құп көрмеймін. Темірді балқытсын, үй соқсын, мал бақсын, бау-бақша ексін, тек ас пісіріп, ыдыс тасымасын! Қазақтың жігіттері батырдың ұрпақтары! Демек, олар ұсақталмауы керек!

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*