Атырау қаласының тарихы 1640 жылдан бастала ма?

«Түп-тамыры «Үйшіктен» басталды,  Атырау қаласына 376 жыл толды» деген айдармен өткен жылы бұқаралық ақпарат құралдары отарлау заманында әдейі құлағымызға сіңірілген таптаурын тіркесті тағы қайталады. Сайып келгенде, мұның өзі өткен тарихымызды терең түйсінбеуден туындаған тұжырым екені бүгінде айтпаса да түсінікті. Өйткені, қазақ тарихын Ресей көзқарасымен зерделеу санамызда әбден орнықты. Сонда қазақтың сан ғасырлық тарихы қайда, бүгінгі Атырау қаласы тарихы 1640 жылы көпес Гурий Назаров ұлдары Михаил, Иван және Андреймен бірге Жайық бойына келіп қоныстанып, Жайық өзенінен балық аулауымен басталды ма?

рухани жаңғыру Тың дерек4

Жалпы, әлемдік тарихта қала бір күнде, негізі жоқ елді мекенде пайда болмайды. Мәселен, Украина Республикасының И.И.Мечников атындағы  Одесса мемлекеттік университеті тарих факультеті ғалымдарының  Днепропетровск, Запорожья, Киев, Одесса, Чернигов қалаларының  пайда болған кезеңін анықтауды қайта қолға алуы және өткен ғасырларда оларды саралауда түрлі империялық және кеңестік ұстанымдардың негіз   болғанын алға тартуы шаhар шежіресінде де біржақты идеологиялық көзқарастың үстем болғанын айғақтайды («Как определять возраст городов юга Украины?» («Вечерняя Одесса», 23.ХII.2008. №194 (8931). Бұған күні кешеге дейін тарихы 1854 жылдан бастаған Алматы қаласының мың жыл бұрын, Астана қаласының 1830 жылдан емес, VІІІ ғасырда өмір сүрген Бозоқ қаласынан басталғанын қоссақ,  көп нәрсе түсінікті болады. Бүгінде Семей қаласы әкімияты да  шаhар негізінің 1718 жылы қаланған әскери бекіністен  бас-талу мәселесін ғалымдарға мұ-қият тапсырды.  Өйткені, тарихшылар 840-940 жылдары көне Семейдің Қимақия мемлекетінің астанасы болғанын бірнеше рет көтерді.

Өзімізбен көршілес Батыс Қазақстан облысының сол кездегі әкімі Н.Ноғаевтың бастауымен 2012 жылдың 21-22 қыр-күйегінде «Орал өзені алқабындағы ортағасырлық қала мәдениеті және көшпенділер өркениеті» атты халықаралық конференция ұйымдастырып, Орал қаласының тарихы 1613 жылдан емес, қала тарихы ХІІІ ғасырдан бастау алатыны ғылыми фактілермен дәлелденді. Содан бері Орал тарихын 400 жылдан асыра казак-орыстар қалаған Жайық қалашығынан бастап тойлау датасы тоқтатылды. Мұның өзі кешегі кеңестік заманның «Қазақстандағы қалалардың дені орыстардың жаулап алуымен салынды» деген тұжырымын жоққа шығарды және тарихи шындықтың орнығуына жол ашты. Өйткені, ұлан-байтақ қазақ жерінде ата-бабамыз тек көшіп қана қоймады, оны қорғап шағын сауда-саттыққа қажетті елді мекендер салды. Олар Алтын Орда тұсында саяси-экономикалық маңызды орталықтар ретінде танылды.

рухани жаңғыру Тың дерек2

Сонымен, «Атырау қаласы тарихы қай кезеңнен бастау алады?» деген сауалға нақты жауап іздеп көрелік:

Өлкетанушы В.Афанасьев: «1950 жылдардың аяғында геология институтының ғылыми қызметкері Сапар Қарымсақов маған Гурьев қаласының шығысына қарай 18 шақырым жердегі Сақол (деректе осылай жазыл-ған – Ә.М.) мекені маңында ежелгі калмақ қалашығы туралы терілген қағазды ұстатты. Содан Сапар екеуіміз оны іздеп таптық. Осы ескерткішті алғаш рет 1965 жылы археолог М.С.Мерщиевке көрсеттім. 1960 жылдар соңында ескерт-кішпен КСРО Ғылым Академия-сы Археология институтының ғылыми қызметкері Л.Галкин танысты. Қорытындысында бірлесіп, табылған ескерткіш материалдары негізінде қоныстың ХІІІ-ХІV ғасырларда болғанын дәлелдеп мақала жарияладық. Содан Л.Галкин 1977 жылы «Археологические открытия 1977 года» атты еңбегінде Алтын орда қалашығын Пицигани картасына сүйеніп, «Лаэти қаласы» деп атады. Сонымен жаңадан  Лаэти атауы пайда болды» деп жазады (Афанасьев В.К.Реестр Археологических памятников области (Атырау: Типография АО «Алмаз Инжиниринг», 1996. –Стр.56-57). Өлкетанушы «Лаэти» атауын түркі сөздеріндегі «лай» немесе «лайланған» сөздерімен түсіндіреді.

Ақтөбе-Лаэти қаласының осы күнге дейін сақталмай жойылуы жөнінде бүгінде екі түрлі пікір қалыптасқан. Оның бірі Ақсақ Темірдің 1396 жылы жаулап алуымен, екіншісі Каспий теңізінің көтеріліп айналаны басуы әсерімен байланыс-тырылады.  Яғни, Ақтөбе-Лаэти қалашығы бүгінгі Атырау қаласының аумағында орналасып, ХV ғасырда қала қиратылған немесе жойылған деуімізге әбден болады. Оны белгілі археолог К.Байпақовтың  «Жайықтың төменгі жағында тағы бір ірі қалашық табылып зерттелді. Ақтөбе қалашығындағы қазба жұмыстар тұрғын үйлердің кан жүйесімен жылытылатынын анықтады» дей келіп, Ақтөбеден бидай сақтайтын ыдыстар кездесті, ал, табылған керамика мен тиындар қалашықтың ХІІІ- ХV ғасырда өмір сүргенін айғақтайды дегені дәлелдей түседі (Байпаков К.М.Города Казахстана ХІІІ-ХV вв. // Средневековая городская культура и кочевая цивилизация бассейна реки Урал (Материалы международной конференции). Под общей редакцией профессора Сдыкова М.Н. –Уральск, 2012. Стр.37).

Тағы бір қызықты материалды 2015 жылы Татарстан ғалымы, нумизматик Р.Ю.Рева ұсынды. Ол 2006 жылы Саратов қаласынан табылған алтынордалық   тиынды оқып, оны Құтлукент қаласында соғылғанын анықтады. Оның есебінше, Құтлукент Жайық бойында Атыраудан қашық емес жерде орналасқан екен (Рева Р.Ю.  (Рес. Татарстан). О чеканке  монет и найменовании некоторых городов в конце  ХIII – начале XIV вв. в окрестностях  современного  Атырау).  Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған  «Қазақ хандығынан – егемен Қазақстанға» атты  халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция   материалдары. ІІ бөлім. Атырау, 2015. Стр.248-251).

рухани жаңғыру Тың дерек5

Атыраулық археолог М.Қасенов Р.Ю.Реваның жаңалығымен танысып, «ол, өкінішке қарай, Ақтөбе-Лаэти қаласын білмейді. Оның Құтлукент қаласы  Ақтөбе-Лаэти қаласы болуы да мүмкін» деген ой білдіреді. Дегенмен, татар ғалымының жаңалығы назар аударуға тұрарлық. Ол 1348 жылы қайтыс болған Ибн Фадлаллах әл Омаридің жазбасын пайдаланған ресейлік шығыстанушы В.Г.Тизенгаузеннің аудармасындағы «Хорезм мен Сарай арасында Хиуа және Құтлукент қалалары бар» деген жолдарды тұпнұсқамен қайта саралайды. Нәтижесінде, зерттеуші «Хорезмнің астанасы Үргеніш қаласы, сондықтан, Үргеніш пен Сарай арасындағы керуен жолын Хиуа жалғамайды, өйткені, Хиуа керуен жолында болғанымен, ол Сарайды Мавреннахрмен немесе Үргенішті  Бұхарамен байланыстырады, ал, Хорезм мен Сарайды жалғауы мүмкін емес» деген тоқтамға келеді.

Р.Ю.Рева зерттеуінің соңында әл Омари еңбегіндегі жолдарды  «Хорезм мен Сарай арасында Учик (Үйшік – бүгінгі Атырау қаласы) және Құтлукент қалалары бар» деп оқуды ұсынады. Ол Құтлукент қаласы Сарайшық қаласының алғашқы атауы немесе әлі табылмаған қала болуы мүмкін» деген қорытынды жасайды. Ғалымның пікірі ғылым әлемінде кеңірек насихаттала қоймаса да, тың тұжырым екені белгілі. Оның үстіне, ХІV ғасырдағы әл Омаридың зерттеуін жаңаша саралауы, сөз жоқ, біраз мәселеге өзгеше қарау қажеттігін айғақтайды. Оны назарға алсақ, сонда Үйшік атауы Алтын орда заманынан бері келе жатқанын байқаймыз. Олай болса, Л.Галкин, Р.Ю.Рева зерттеулеріндегі Ақтөбе-Лаэти – Үйшік – Құтлукент қалалары бүгінгі Атырау қаласының бастауында тұрды деуімізге толық құқығымыз бар.

рухани жаңғыру Тың дерек

Ал, олардың орнында кейінірек жаңа қалашықтың салынуы тікелей Мәскеу патшалығының Азия бағытындағы отарлау тарихымен тікелей байланысты. 1580-1581 жылдары Сарайшық қаласының талқандалуы, казак-орыстардың Мәс-кеудің қолдауымен Жайық бойларын басып алуы, оның ықпалымен Гурий Назаровтың Жайық тармағына орналасуы Атырау қаласының жаңа даму кезеңін құрады. Соңында көне қалашық орны  Жайық өзеніндегі қалашық, кейін бүгінгі Орал қаласы орнында Верхний Яицкий (Жоғары Жайық) қалашығының пайда болуына байланысты Нижний Яицкий (Төменгі Жайық) қалашығы атауын иеленеді. Араға уақыт сала Усть-Яицк қалашығы болып өзгереді. 1848 жылы         В.Юматов «Оренбургские губернские ведомости» газетінде осы мәселені арнайы көтеріп,  қала  1708 жылдан бастап Гурьев деп атала бастағанын жариялады (Юматов В. Исследование о начале Гурьева города // История и культура Атырау в русских источниках (ХVІІІ-ХХ вв.). Том V / Сост. М.К.Кипиев // Науч. ред. Р.А.Бекназаров. – Атырау: «Атырауский филиал Союза Писателей Казахстана», 2016. Стр.43-44). Мұны байқаған В.Фосс 1868 жылғы «Очерки Гурьева-городка» еңбегінде: «Қала ертеде, ХІІІ ғасырға дейін Жайық қалашығы немесе Жайық өзені сағасындағы қалашық, кей кезде тас қалашық аталды. Қалашық ХVІІ ғасырдың алғашқы жартысында (1640-1645 жылдар аралығында) қаланды» деп жазады. Орыс патшасының 1708 жылғы 18 желтоқсандағы жарлығында  Қазан губерниясына бағынатын Астрахан қаласы қарамағына «Гурьев, Яицкий (бүгінгі Орал – Ә.М.), Красный и Черный Яр» қалалары берілген.  1732 жылы Астраханнан Хиуа мен Бұхараға барып қайтқан И.Г.Гербер өз жазбасында    Гурьев қалашығында болып қаланың патшаға бағынуы үшін салынғанын растайды (Гербер И.Г. Журнал о путешествии из Астрахани в Хиву и Бухару 1732 г. // История и культура Атырау в русских источниках (ХVІІІ-ХХ вв.). Том І / Сост. М.К.Кипиев // Науч.ред. Ж.Шалгынбай. – Атырау: ИП «Сисенгалиев Ж.М.», 2014. –с.88). 1734 жылы қалашық  Г.Назаров есіміне ресми  бекітіледі (Каримов Т. Михаил Гурьев// proza.ru/2012/07/06/1715 копия). Мұның өзі патша үкіметінің өз тапсырмасын орындаушыларға деген ерекше құрметін көрсетсе керек. Сонымен, орыс патшасының Қазақстанды отарлауы барысында Атырау қаласы Жайық – Төменгі Жайық – Тас Жайық – Усть-Яицк – Гурьев қалашығы болып өзгертіледі.

рухани жаңғыру Тың дерек3

Қазан төңкерісінен соң орнаған кеңестік билік тұсында 1920 жылы Гурьев қаласы қызыл командир В.Чапаев есіміне берілгенімен, жарты жылдан соң Гурьев атауы кері қайтарылады. Бұл арада большевиктік биліктің отарлаушылар қалыптастыр-ған атаудан аса алмағаны бай-қалады.  Ал, 1991 жылы 4 қазанда ел тәуелсіздігі қарсаңында Гурьев қаласы  халық депутаттары кеңесі  Гурьевті  Атырау атауына ауыстырып, тарихи ақиқатты қалпына келтірді. Яғни, бүгінгі Атырау қаласы тарихы ХІІІ ғасырдағы Ақтөбе-Лаэти – Үйшік – Құтлукент – Жайық – Төменгі Жайық – Усть-Яицк – Гурьев – Чапаев-Гурьев қалаларынан бастау алады.

Олай болса, қала тарихын ХІІІ ғасырдан бастауды ұсынамыз. Мұның өзі Атыраудың бай тарихын дәлелдеп қана қоймайды, сонымен бірге, сан ғасырлық ұрпақтар сабақтастығының еш үзілмегенін айғақтайды. Ал, қала күні бұрынғысынша үйреншікті қазан айында атап өтіле берсе де болады.  Біздіңше, қаламыздың рухани жаңғыруы осыдан басталмақ.

Әбілсейіт Мұқтар,  Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*