Балаңыз мектепке дайын ба?

Санаулы күндерден соң сабақ басталады. Әрі қуанышқа, әрі толқынысқа толы осынау сәттің ата-ана қалтасы үшін  оңайға соқпайтыны белгілі. Бір баланы мектепке дайындау қаншаға шығады? Осы сұраққа жауап іздеген біз Атыраудың сауда нүктелерін аралап, әлеуметтік зерттеу жүргізіп көрдік.

Балаңыз мектепке дайын ба

Канцеляриялық тауар. Оқу үстеліне отырған бала үшін ең керегі де осы. Редакция көлігіне жайғасқан соң әріптесім Әнуар екеуміз «Abdi» дүкендер желісіне келдік. Тамыздың басталғаны жаңа болса да, балаларын жетектеген ата-аналар  аз емес екен. Мұнда сабаққа керектінің бәрі бар. Қаламсап бағасы 19 теңгеден басталады. Сапасына, өндірілген зауытына қарай қарапайым ғана қаламсап бағасы 485 теңгеге дейін жалғасады. Әр пәнді қамтитын оқушының жеке жұмыс дәптері 320 теңгеден 600 теңгеге дейін бағалануда. Сурет салуға арналған альбомды 210-495 теңге аралығында таба аласыз. Ал, ортопедиялық жолқапшық, тұрмыстық тілде рюкзак аталып кеткен сөмкелер бағасы да осал емес. Өндірілген еліне, фирмасына қарай әртүрлі. Оның ішінде  Қытай елінде тігілген мұндай рюкзактар бағасы 12 600 теңгеден басталады. Максималды құны – 17 200 теңгеге дейін. Ресейде жасалып шыққан дәл осындай өнімдер 18 900-24 500 теңге аралығында бағалануда.

«Ұлым Нұрдәулет 4-сыныпқа, қызым Нұрдана  дайындық  тобына барады. Өткен жылы ұлымның керек-жарағы шамамен 30 мың теңгеге шықты. Қазір бағада кәдімгідей айырмашылық бар. Есебімше, әр балаға кемінде 50 мың теңге керек. Яғни, отбасылық бюджеттің  100 мың теңгесін мектеп формасынан бастап, сөмке, оқу құралдарына жұмсаймыз. Ойша есептеген бағам одан әрі өсуі де мүмкін. Әзірге дайындықты канцеляриялық тауардан бастадық. Бір жақсысы, мұнда керектінің барлығы бар. Қажетіңді базардағыдай әр жерден іздеп, әр заттың бағасын сұрап жүрмейсіз» дейді ата-ана Данагүл Өркешова. Ортопедиялық сөмкені де осы жерден алатынын айтқан ол сапасы жоғары, бала денсаулығына зияны жоқ тауар үшін ақша аямауға кеңес берді.

Балаңыз мектепке дайын ба-2

Күннің ыстығына қарамастан, «Дина» базарында тіршілік қайнап жатыр. Пассажынан бұрын, базардың сыртын аралауға уақытымыз көбірек кетті. Тілін қазақшаға икемдеу үшін барынша «бұрап» сөйлейтін қырғыз, өзбек бауырларымыздан сатып тұрған тауарларының бағасын сұрап көрдік. Қай-қайсысы да  өздерінде «ең арзан» баға екендігін айтып жатты. Айтса айтқандай, өздерін «көтерме және бөлшек сауда нүктесіміз» деп таныстырған Әйгерім Жороева он екі жасқа дейінгі балалардың киімін сатады. Қыздар белдемшесін мұнда – 1500-2000, ақ жейдені – 2000-3000, бешпет топтамасын 4500-8000 теңге аралығында таба аласыз. Көк базардағы тауарлардың дені негізінен Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Түркия елдерінен әкелінген. Классикалық және спорттық үлгідегі аяқ киімдер –  2500-4500 теңге аралығында. Бірақ, бұл – «тауар сапасына диллер жауап береді» деген сөз емес.

«Мектеп жасындағы үш балам бар. Әзірге базарларды аралап, бағаны бақылап жүрмін. Баға әр жерде әртүрлі. Іздегеніңнің арзанын да, қымбатын да табуға болады. Егер баланы мектепке базардың сыртынан киіндіретін болсаңыз, бір балаға шамамен 14-15 мың теңге шығады» деді қарбалас тірлікке қарамастан бізбен тілдескен ата-ана Жеңісгүл Ізбасарова.

Айта кету керек, баға әлеуметтік пакеттерге қарай бөлінген. «Динаның» пассаждары, «Көктем», «Рахат» сауда орындарында бір балаға қажетті құрал-жабдықтар мен киім-кешектер алатын болсаңыз, орта есеппен 70-100 мың теңгеңізді дайындай беріңіз. Қыздар мен ер балалардың мектеп формасы 35-40 мың теңгені құрайды. Кеңсе тауарларын жинақтауға 10 мың теңге жеткілікті. Спорт формасының құны – 7000 теңге. Классикалық, спорттық үлгідегі аяқ киімдер 5000-6000 теңге аралығында саудалануда.

Өткен жылға қарағанда айтарлықтай өскен баға жаңа оқу жылында, әсіресе, көп балалы ата-аналардың едәуір  шығынға бататынын көрсетіп отыр. Ал, сіздің балаңыз мектепке дайын ба?

Әлеуметтік зерттеуді жүргізгендер:

Баян ЖАНҰЗАҚОВА, Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ,

Мұхтар ОРАЛБАЕВ.

Балаңыз мектепке дайын ба-3

Канцеляриялық тауарлар құны

«Abdi» канцеляриялық тауар дүкендер желісі:

Қалам – 19-485 теңге

12 парақтық дәптер – 15 теңге

Жеке жұмыс дәптері – 320-600 теңге

48, 96 парақтық дәптер – 112-375 теңге

Күнделік – 165-635 теңге

Сызу папкасы – 245-675 теңге

Сурет салуға арналған альбом – 210-495 теңге

Ермек саз – 255-350 теңге

Калькулятор – 1680-5790 теңге

Ортопедиялық рюкзак – 12 600-24 500 теңге

Шағын рюкзак – 2880-7650 теңге

«Дина» базары:

Қалам – 30-200 теңге

Күнделік – 350-400 теңге

Түрлі түсті қарындаш – 150-1000 теңге

Рюкзак – 3000-7000 теңге

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*