Құлдық мінезден құтылатын емеспіз

Брифинг өтіп жатыр. Облыс өмірінде айтарлықтай орны бар бір департамент басшысы есеп беруде. Қатысып отырған журналистердің бірен-сараны болмаса, барлығы да қазақтар. Шараның басында есеп беруші Ата заңымыздың белгіленген бабы бойынша мемлекеттік тілде сұхбат беретінін қаперге берді және қаламгерлерден де осыны сұрады.

i

Сұрақ-жауап басталған сәтте ұлты қазақ журналист орнынан атып тұрып, өз сұрағын орыс тілінде жолдады. Шенеунікке рахмет, жауабын қазақша айтты. Келесі сұрақ қойған журналист те әріптесінен қалмады, сұрақты орысша қойды. Бұл жолы жауап сол тілде қайтарылды. Содан бастап әлгі брифинг  орысша жалғаса берді. Брифингтің басында айтылған әсем сөз әдіре қалды…

Еліктеудің де  жөні бар

Шындығында, неге өз елімізде, өз жерімізде тұрып басқа тілде сөйлеуге үйірміз? Әлде ол да біздің қазекемнің еліктегіш-солықтағыш мінезіне қатысты ма екен?!

Ұлт өзегі болып саналатын біртуар тұлғалар, ақын-жазушылардың өзі жиырмасыншы ғасырдың жетпіс жылға жуық уақытында ұрпағын ана тілінде емес, орыс тілінде оқытуды дәреже санады. Қазақ мектептерінде білім алған жеткіншектерді әлі күнге дейін «білімсіз, топас, өз пікірін ашып айта алмайтын ынжық, өз көзқарасын қорғай алмайтын жасық» деп білетіндер арамызда өріп жүр. Ал, бұл пікір қалай қалыптасты? Бұған тереңірек бойлайтын болсақ, өз ана тілін менсінбеу, өз халқының салт-дәстүрін ескіліктің сарқыншағындай көру — «бай-құлақсыз жаңа дүние орнатуды көздеген» коммунистік партияның ықпалынан шықпаған әлсіз сананың көрінісі. Ұлтының қамын ойлаған ардақтыларды қуғын-сүргінге ұшыратқан алып империяның екпіні оқу-сызуы жоқ қазақы ортаға үрей әкелгені жасырын емес. Одан қорғануды іздеген қалың бұқара жаңа өкіметтің саясатына құлдық ұрып, сойылын соқты. Бұл фактіні де жаба алмайтынымыз анық. Міне, осы кезеңде  қорғанамын деп жүріп намысын, рухын жоғалтып алған қазақтың бүгінгі ұрпағы ешкім мәжбүрлемесе де, өзге ұлттың тілінде сөйлеуге, өзгелердің көзқарасымен санасуға құштар.

Орыс мектептерінде оқыған қазақтардың көбі бүгінгі таңда ұл-қыздарын орысша оқытады. Осылай кете беретін болса, өз елін, жерін жанындай сүйетін патриотизм қалай қалыптаспақ? Анау алақандай ғана Кавказ халықтарын қараңызшы, өз тілдерін, дәстүр-салтын бәрінен жоғары қоятынын көріп жүрміз. Кез келген ұлттың Қазақстандағы өкілдері бір-бірімен кездескенде міндетті түрде өз тілдерінде сөйлеседі. Ал, қазақтар тәуелсіз Қазақстан Республикасында тұрып, тілін бұрап сөйлеуді өздеріне лайық деп санайды. Құлмінез деген де осы шығар, бәлкім?

Аудармаға айналып барамыз…

Қазақ тілі жойылудың аз-ақ алдында тұр деп айтпасақ та, оның құрылымының өзгергенін  жасыру қиын. Әйтпесе, аударма тіліне айналмас едік. Мәселен, біреу түшкірсе «Жәрекім Алла!» дейтін аталардың ұрпағы едік, бүгінде «сау бол» дейтінді шығардық. Бұл сөз орысша «Будь здоров» дегеннің қазақшасы ғой! Бұл тек бержағы ғана, мәселен, дәрі-дәрмек қорапшасының ішіндегі түсіндірме қағазды оқысаңыз, төбе шашыңыз тік тұрады. Тіптен мұндағы қойыртпақ сөйлемдер кез келген адамға қазақ тілінің өте төмен деңгейде тұрғанын байқатады. Басқасын айтпағанда, «после приема внутрь» дегенді «ішке қабылдағаннан кейін» дегені әбден сорақы. «Ішкеннен соң» деуге қалай ғана тілі келіспеді екен?! Бұны аударып отырған аудармашының өзі қазақ тілін өте жек көретін біреу  немесе тіптен білмейді. Сондықтан да, сөзбе-сөз аударма жасаған.

Қазақ тілін былапыттап жүргендердің қатарында телеарналар журналистері де бар. Тележүргізушілердің сауатсыздығын әшкерелейтін «жалғасын тапты», «деп күтілуде», «атап өткендей», «мәлім болғандай», «оқиға тіркелді», «оқиға орын алды», «көрініс тауып отыр», «өздеріңіз көргендей» деген сөз тіркестері жиі қолданылатынын көріп жүрміз.

Сонымен қатар, «биылғы жылы», «былтырғы жылы» деп заулатып отырған журналисті көргенде тыңдаушы ұялатыны ақиқат. Олар тіпті «биыл» деген сөздің «бұ йыл», яғни, «бұ жыл» екенін, оған тағы да «жыл» сөзін қосудың артық болатынына мән бермейді. Ал, «былтыр» – өткен жыл деген сөз.

Негізі телеарна редакторлары сөз қолданысына, тілдік қорға мұқият болғаны дұрыс. Өйткені, балаларымыз таң атқаннан күн батқанға дейін «көк жәшіктің» алдында отырады, одан қалса, әлеуметтік желілерді жағалайды. Эфирден айтылған сөзге сенеді. Теледидардан айтылған ақпарат адам миына тікелей әсер етеді.

«Мемлекеттің тарапынан болған көмектің арқасында», «…рухани ләззат сыйлады», «ресми сапары болады деп күтілуде», «…егу шарасы жалғасын табады», «инвестиция… миллионды құрады» деген сөз тіркестері – орысшаның аударма тіліне айналып бара жатқанымыздың айқын дәлелі.

Қазақ тілінің бұлайша шұбарланып, осынша сұрықсыз, осынша сықпытсыз күйге түсуіне қаламгерлердің қосқан үлесі де көп. Бүгінгі қазақ тілі – өзіндік бет-бейнесі, өзіндік ерекшелігі жоқ орыс тілінің көшірмесі. Осыған сақ болған жөн.

Ұлы Абай: «Өткірдің жүзі, кестенің бізі, өрнегін сендей сала алмас» деп жырлаған қазақ тілі шырайлы да шұрайлы, ақпа-төкпе шешен, ұшан-теңіз бай еді ғой. «Тілінен айырылған ұлт бәрінен айырылады» депті бір данышпан. Олай болса, барымызды қадірлей білейік!

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*