Бүгін республикалық «Мектепке жол» акциясы басталды

Облыста республикалық «Мектепке жол» акциясы басталды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

Акцияның мақсаты – аз қамтылған, көп балалы отбасыларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде көмек көрсету. Биыл қыркүйектің 30-ына дейін жалғасатын шара «Менің таңдауым – балаларға көмек көрсету!» ұранымен өтеді.

1440395051480

Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Қайырғали Кенжеғалиевтің айтуынша, аймақта аз қамтылған балалардың саны 11 мыңнан асады.

– Атырау облысы бойынша өткізілетін «Мектепке жол» жалпыреспубликалық қайырылымдылық акциясын 2017 жылғы 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейінгі аралықта ұйымдастыру және өткізу жөніндегі өңірлік іс-шаралар жоспары жасақталып, қала және аудан әкімдеріне, мүдделі органдарға жолданды. Акция кезінде қатер тобындағы балаларды анықтау мақсатында түрлі рейдтік іс-шаралар жүргізіліп, мектеп жасындағы балалар есепке алынады. Аталмыш шараға мемлекеттік мекемелер мен облыстық басқармалар белсенді қатысатындығын ерекше айтқым келеді. Қазірдің өзінде демеушілік көрсеткісі келетін адамдар хабарласуда.

«Мүгедек балаларға көмек көрсету» қайырымдылық қоры мектепте білім алатын ерекше білімді қажет ететін 47 балаға қайырымдылық көрсетуді ұйымдастыруда. Былтыр 14 868 балаға 114 620,9 мың теңгенің көмегі көрсетілді. Түскен өтініштің барлығы қанағаттандырылды. Алайда, ескеретін бір жайт, өтініш берген отбасыларға бір-ақ рет көмек беріледі. Кейбір ата-аналар білім беру басқармасына да, мектепке де, «Нұр Отан» партиясына да хат жазады. Сөйтіп, бәрінен бірдей көмек алғысы келеді. Сонымен бірге, зерделеу барысында өтініш берушілердің әлеуметтік осал топ санатына жататындығы расталмайтыны кездеседі. Мұндай жағдайда отбасына келіп түсетін кірістің барлығы ескеріледі. Өңірде балалардың сабаққа қатысуына ай сайын мониторинг жүргізіліп, оқумен қамтылмай отырғандар мәселесі үнемі бақылауға алынуда.

Өткен оқу жылының басынан 23 баланың екеуі оқығысы келмеді, ал, біреуін ата-анасы жібермей қойған. 20 бала көші-қон мәселесі себептерімен сабақпен қамтылмаған болып тіркелді. Өңірдегі компаниямен өндірістік мекемелер, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен жеке кәсіпкерлерді акцияға белсене қатысуға шақырамыз», —  деді ол.

Облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметі ювеналды полиция тобының аға инспекторы Орынгүл Көшқалиева акция барысында қадағалаусыз, панасыз қалып, жүйелі түрде мектепке бармай жүрген балаларды анықтау мақсатында рейдтер жүргізілетінін айтты.

Мәслихат барысында Атырау қалалық білім бөлімінің тәрбие жөніндегі әдіскері Жұмазия Жолмұқанова  өткен жылы  атқарылған жұмыстарға тоқталып, балалардың жағдайы мен отбасылық тұрмысы жөнінде деректер  тиісті мекемелерге  берілетінін мәлім етті.

Абай АҚМҰРЗИЕВ.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*