Несие мен несібе

Қарызданудан  қорықпаудың себебі  неде?

«Қазір кім-кімнің басында да бітпейтін кредит толып кетті ғой. Пәленшенің отбасы бес, тіпті, алты несиеге дейін төлеп отыр екен…» Ауылға барған сайын пысықай жеңешелерден еститін әңгіменің дені осындай.

i

Жақында еліміздің Ұлттық банкі жеке тұлғалар арасында жасалған несие келісім-шарттарының саны рекордтық көрсеткіш – 5 миллион 383 мыңға дейін жеткенін хабарлады. Біздің облыста алынған қарыз сомасы 116 миллион 825 мың теңгені құрап отыр. Оның ішінде, 142 мың 814 (!) азаматтың ісі сотқа берілген.  Бұл – 34 миллион 452 мың теңге өндірілуі тиіс деген сөз. Қалай десек те, қазақстандықтар қарыз алудан қорықпай отыр.

Коллектордан нені талап етуге болады?

Несие секторында қордаланған проблемаларды реттеу мақсатында жақында «ҚР коллекторлық қызмет туралы» заңы қабылданды. «Заң ең алдымен, қарыз алушыға көмекке келеді» дейді Ұлттық банктің Атырау облысы бойынша филиалының  директоры Айнұр Көшербаева. Оның айтуынша, заң істі сотқа дейін жеткізбей, мәселені медиациялық жолмен шешуге бағытталып отыр.

Біріншіден, заңға сәйкес «жаман» портфельдегі несие, яғни, өтелмеген қарыз бойынша банк борышкердің ісін бір ғана жағдайда коллекторлық компанияға жолдай алады. Яғни, сіздің келісім-шартыңызда «форс-мажорлық жағдайда іс коллекторлық компанияға беріледі» деген сөйлем міндетті түрде жазылған болуы тиіс.

Екіншіден, іс сотқа дейінгі өндіруге беріліп кеткен жағдайда, коллектор борышкерге оның құқықтарын түсіндіруге міндетті. Айнұр Көшербаеваның айтуынша, борышкер кез  келген уақытта коллекторға келіп, қарыздың келісім-шартын өзгертуді талап ете алады.

Үшіншіден, іс сотқа дейінгі өндіру бөлімінде қаралып жатқан кезде, кредитор қарызды өтеу туралы талаппен сотқа жүгіне алмайды. Және іс коллекторлық компанияға берілген кезеңнен бастап банк тарапынан борышкерге қосымша айыппұл, өсімпұл салу автоматты түрде заңмен тоқтатылады екен.

Клиент  алған кредиттер

Аты-жөнін толық атамауды өтінген  Жанардың бір басында қазір үш кредит бар. «Айналамдағылардың барлығы қымбат байланыс құралын ұстайды. «Менің олардан қай жерім кем?» деп ойланып жүрдім де, несиеге бренд телефон алдым. Кейін інімнің тойына көмектесу үшін 500 мың теңгедей несие рәсімдедім. Сөйтіп жүргенімде, үйде пайдаланып отырған тұрмыстық техника жанып кетіп, кір жуғыш машина мен тоңазытқышты да несиеге алуға тура келді. Жалақым – 120 мың теңге. Айына 90 мыңды несиеге санап беріп отырмын. Адам болған соң, түрлі жағдайлар, шаруалар туындап қалады. Кейде тіпті, барлығын тастап, елсіз аралға  тайып тұрғым келеді» дейді кейіпкеріміз.

Міне, қарыз машақатынан, одан қалды коллекторлардың сансыз қоңырауынан құтыла алмай, шаршап жүрген замандастарымызға ортақ проблема өзінің төлем қабілетін объективті бағалай алмауында болып отыр. Мұның сыртында жалғыз баспанасын кепілге қойып, қарыз алғандардың саны ел бойынша 3,3 мың адамға дейін жеткенін қосып қойыңыз.

Сарапшылар не  дейді?

Қарыздың қақпанына түсушілер санының күрт артуын қаржы сарапшыларының дені экономикадағы проблематикалық тұстардың көбеюімен түсіндіреді. «Кредит – қарыз» тенденциясының «сәнге» айналу себебін отандық банк секторындағы талаптардың жұмсаруымен байланыстыратын сарапшылар да бар. Десе де, «екінші деңгейлі банктер «көрінбейтін» үстеме пайыздарды еселеп қосып, қарыз алушының есебінен пайдаға кенеліп қалумен ғана айналысып отыр» дегенді проблема етіп көтеруші қаржыгер мамандардың да пікірін ескермеуге болмайды. Өйткені, «жаман несие» портфелі көбейсе, банктер Үкіметке алақан жаяды. Оның соңы мемлекет іске қосатын сауықтыру шараларымен аяқталатыны ақиқат.

Шетелдің оң  тәжірибесі

Өркениетті елдерде несие жергілікті азаматтар үшін қолжетімділігімен ерекшеленеді. Яғни, бұл – үстеме пайыздың ең төмен мөлшері деген сөз. Одан қалды, банктер мен несиелеу ұйымдары халық арасында қаржылық сауаттандыру жұмыстарын жүргізумен де айналысады. Ал, Ислам банкі тұтынушы сектормен жұмысты сауда-саттық операциялары арқылы жүзеге асырады. Мысалы, сізге үй немесе көлік қажет болды делік. Оны банк алады да, тұтынушысына сәл-пәл ғана ақы қосып, мүлікті кері сатады. Сөйтіп, банкпен арада әдеттегідей несие емес, сату-сатып алу туралы келісім жасалады. Депозит ашқандарға Ислам банкі тіпті, инвестор атану мүмкіндігін де ұсынады екен. Көріп отырғаныңыздай, банк өзімен бірге, тұтынушы секторды да дамыту үшін жұмыс істейді.

P.S.Жоғарыда айтылған коллекторлар туралы жаңа заңмен бірге, банктердің жұмысын, соның ішінде өркениетті елдердің тәжірибесін ескере отырып, несиелендіру секторын реттейтін заң қабылданар болса, қарапайым халықтың тұрмыстық ахуалын анағұрлым жеңілдете түсуге жағдай туар еді…

 – Ұлттық банктің мәліметіне сәйкес, қазақстандықтарға бөлінген несие көлемі – 3 трлн. 776 млрд. 5 млн. теңге.

–  Төленбегеніне 90 күннен асып кеткен келісім-шарттар саны – 4,5 мыңды құрап отыр.

 Биылғы жылдың алты айында берілген тұтынушылық несие көлемі – 63,3 млрд. теңге

 Бұл 2016 жылғы алты айдың көрсеткішінен   90,2%-ға көп

 Облыс бойынша алты айда берілген несиедегі тұтынушылық кредит үлесі – 51,3%

(Мәліметті ҚР Ұлттық банкі Атырау облыстық филиалы ұсынды).

 Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

2 comments

  1. Гүлхан Айдарханова

    Қазақстан егемен ел болып, нарықтық қатынастарға көшкелі көп болған жоқ. Сондықтан біздің кеңес өкіметінен келген халқымыз несиені тегін беріп жатқан қаржы сияқты қабылдайды. Осындай жаңсақ түсініктер несие қайтарым қабілетін бірден жойып жібереді. Яғни, көп азаматтар несиені қалай алу керек, оны қалай пайдаланып, жұмсау керектігін білуі керек. Егер несиелік тарихың өте жақсы болса, келешекте кез келген уақытта төмен пайызбен несие алу мүм¬кіндігі бар екендігін көбі түсіне бермейді. Көбіне жастарымыз, кейде үлкендер жағы да өздерінің мүмкіндігіне, несиені қайтару қабілетіне қарамай үлкен сомада несие алып қояды. Бұл біздің қаржылық сауаттылығымыздың төмендігін көрсетіп тұр. Бұл мақалада автор өз ойын жақсы сараптаған екен. Алға қарай осындай қаржы туралы мақалаларды асыға күтетін боламыз.

  2. Әсемгүл Жанибек

    Негізі шындықтап айтқанда «несие» демей, қарыз деп айтуымыз керек. Бұл адамға психологиялық тұрғыдан басқаша әсер етеді. «Банктен қарыз алдым» деп ойлайды, айтады. Несиенің пайдалы жағы да, пайдасыз жағы да бар. Несие – қаржы¬лық құрал. Біз несие берерде адамдардың қаржылық сауаттылық деңгейін ескерген жоқпыз. Несие алу, оны қайтару, оған деген жауапкершілікті үйрететін, жалпы осы салада қажетті ақпарат беретін сабақтар жүрмейді. Халық банктердің «қаржылық тұтқынына» айналды. Эко¬номика дамуы үшін адамдардың төлем қабілеті болуы керек. Халықтың әлеу¬меттік жағдайы төмен болғандықтан тығырықтан жол іздеп, несие алуға мәж¬бүр болып отыр. Алған жақсы да, берген қиын. Сондықтан капиталистік елдердегідей қаржылық сауаттылыққа мектептен бастап үйретуіміз керек.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*