Ауылға да, қалаға да балабақша керек

Бүгінде аймақта құрылыс қарқыны жаман емес. Мемлекеттік бағдарлама аясында және жергілікті бюджеттің қолдауымен тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар көптеп салынуда

Ауылға да, қалаға да балабақша  керек

Әсіресе, Құрманғазы ауданында соны серпіліс сезіледі. Осындағы Жалғызапан ауылында «Өңірлерді дамыту бағдарламасы» бойынша 80 орындық жаңа оқу орны бой көтеруде. Бұл – Лабай орта мектебі.

Оған қоса, өткен жылы Приморье ауылылында басталған Гагарин атындағы орта мектептің құрылысы биыл жалғасты. Оған 600 млн. теңгеден астам қаражат бөлінген. Қазір «Бек ИКО» компаниясының жұмыс алаңында алпысқа жуық құрылысшы еңбек етуде. Барлығы 300 орынға есептелген нысан үш қабатты оқу корпусы, асхана, спорт және акт залдарынан, арнайы кабинеттерден тұрады. Одан бөлек, аулада футбол, волейбол және баскетбол алаңдары салынбақ. Сол сияқты, Жасталап ауылында 80 орындық Ш.Уәлиханов атындағы жаңа мектеп құрылысы басталмақ.

Дегенмен аудан әкімінің орынбасары Жандос Бектеміров халық санының өсуіне байланысты мектептер мен балабақшалар салу кезек күттірмейтін іс екенін айтады.

– Самаркин ауылында  200 орындық «Нұршуақ» балабақшасы биыл пайдалануға беріледі, — дейді ол. — Қазір ол мемлекеттік тіркеуден өтуде. Жиһаздармен жабдықталып болған соң жұмысын бастамақ. Ганюшкинде 873 сәби балабақша есебінде тұр.

Жыл соңына дейін облыс орталығында да бес балабақша ашылмақ. Олар – НКОК компаниясының демеушілігімен салынып жатқан Нұрсая ықшамауданындағы 320 орындық, Еркінқала, Атырау мен Геолог селолық округтеріндегі 290, 165 және 160 орындық балабақшалар. Сөйтіп, мыңнан аса бүлдіршінді қамту көзделіп отыр. Қолымыздағы мәліметке сүйенсек, қазір қаладағы мектеп жасына дейінгі балалардың тең жартысы бөбектер отауына барып жүр. Әйтсе де, 12327 сәби кезекте тұр.

slaider1-940x540

Айтпақшы, соңғы кезде Атырау қалалық мәслихаты депутаттарының бастамасымен бірнеше ықшамаудандар мен  селолық  округтерде балалар алаңдарын салу қолға алына бастады. Бұл сөзімізге халық қалаулыларының өз қаржысына салынған Сарықамыс  және Нұрсаяда пайдалануға берілген ойын алаңдары дәлел. Қазір Тұлпар ықшамауданында  осындай  ойын  алаңдарының төртіншісі салынуда, тағы үшеуі жоспарланған.

Тозығы  жеткен    үй көп

Тұрғын үй құрылысында да ілгерілеу бар. Мәселен, келер жылы «Жас отау» бағдарламасы аясында Махамбет ауданының орталығынан 40 үй салу жоспарланған. Құрылыс жұмыстарына сол жастардың өздері, яғни, «Жасыл ел», «Жас агро» еңбек жасақтарының мүшелері де тартылмақ.

Әйтсе де, тозығы жеткен тұрғын үйлер де жетерлік. Қазір Береке мен Нұрсая ықшамаудандарынан 44 көп қабатты тұрғын үй құрылысы жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстары аяқталысымен оған апатты жағдайдағы үйлердің тұрғындары көшірілмек. Былтыр осындай тоғыз ғимараттың, яғни, 173 пәтердің иелері көшірілген. Сондай-ақ, Құрманғазы ауданында 66 пәтерлі – бір, Мақатта бес үй апатты жағдайда. Ал, Құлсарыда сегіз пәтерлі бір үй сүрілуі керек. Осыдан жетпіс жыл бұрын салынған бірден-бір кардиоорталық ғимараты да қазір ескірген. Жалпы құны 830 млн. теңгені құрайтын құрылыс жұмыстары келесі жылы басталмақ.

Ескерткіштер  күтімді  қажет етеді

Сәулеті мен дәулеті келіскен шаһарда «әттеген-ай» дегізер жайлар да жоқ емес. Мәселен, екі жыл бұрын Жеңіс саябағы маңынан бой көтерген Ауғанстан мен тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан жауынгер-интернационалистерге арналған ескерткіштің бүгінгі сиқы мәз емес. Көргендердің айтуынша, ер есімдері жазылған тақталардың кейбірі түсіп қалған. Екіншіден, саябақтағы тұғырлар жарықтандырылмаған. Ең сорақысы, осындағы орындықтар мен қабырғаларға анайы сөздер жазылып, тұрпайы суреттер салынған. Бұл – тұрғындардың өз қолымен жасалып отырған ұятсыздық. Оған тосқауыл қояр тәртіп сақшылары қайда жүр екен?!

Болашақта Пушкин мен Жарбосынов көшелерінің қиылысынан бой көтеретін жаңа Достық үйінің орын тепкен жері де көптің көңілін алаңдатуда. Әзірге оның жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Тарихқа көз жүгіртсек, бұл – бұрынғы қалалық саябақтың аумағы. Кезінде бекініс қамалы орналасқан жерде қазір «Ренко» қонақ  үйі бой көтерген. Жергілікті өлкетанушы, Атырау мұнай және газ университетінің профессоры Вячеслав Афанасьев осында 1922 жылы бауырластар бейіті орналасқанын айтады. Кейін, яғни,  отызыншы жылдары пионерлер тал егіп, саябаққа айналдырған. Бертін келе, қала әкімдігінің қорынан жекеменшікке өткен. Ал, жердің бетіне шығып қалған адам сүйектері 2005 жылы қайта жерленіпті.

Жүйкені  жұқартқан   жолдар

Осы ретте, жол құрылысы жанданғанын да айтпай кетуге болмас. Көпшіліктің көптен күтіп жүргені – «Ақтөбе-Атырау-Ресей Федерациясы» бағытындағы автокөлік жолының қайта жаңғыртылуы. Құрылыс барысында заманауи асфальт бетоны мен полимер қоспалары қолданылмақ. Олар Ақтөбе мен Алматы қалаларынан алынады. Орташа алғанда, жол төсенішінің қалыңдығы 75-80 сантиметр, ені 9 метрді құрайтын болады. Сөйтіп, ол техникалық тұрғыдан екінші санатқа ауыстырылмақ.

2009-2016 жылдар аралығында өңірдегі республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын  жөндеуге  1 млрд. 608 млн. теңге қаржы жұмсалса, биыл тағы 33 млн. теңге бөлінді. Алайда, жол бойындағы шұңқырларды көргенде, «қаражат бар, қайтарымы қайда?» деген ойда қаласың. Әсіресе, «Индер-Атырау», «Ганюшкино-Атырау» тасжолдарының күйі кеткен. Бұл жолдар жамауды емес, дұрыс жөндеуді қажет етеді. Олардан әбден мезі болған жүргізушілер «керек болса жолдың  ақысын төлейік, тек сапалы болса екен» деген уәж айтады.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

 

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*