Жағажай жанға жайлы ма?..

Жаздың аптап ыстығындағы жанға рахат сыйлар жердің бірі – жағажай. Ақ Жайықты жағалай қоныстанған қаламыз үшін бұл демалыс  орындарының орны ерекше. Алайда, сол мүмкіндікті өз дәрежесінде пайдаланып отырмыз ба? Осы сұрақтың жетегімен қалалық жағажайдың біріне  аттандық.

«Жұртты  біз  емес, маса  қуады»

Тұрғындар қалашығындағы «Малибу» жағажайы – суға түсуге рұқсат етілген екі нысанның бірі. Аумағы аса үлкен болмаса да, келушілер көп. Жағасындағы балшыққа батып қала жаздап, суға да жеттік. Лай судан сескеніп жатқан ешкім жоқ, әсіресе, бала-шаға мәз. Адам бойы жететін жерге дейін суға шомылуға рұқсат етілген, арнайы қоршалған аумақтан шығуға болмайды. «Қауіпсіздік мәселесі қалай екен?» деген сауалмен айналаға қарағанымыз сол еді, дауыс зорайтқышпен аумақтан шығып кеткендерге айқайлап тұрған адамды көріп, солай қарай беттедік.

бүгінгі күннің тақырыбына2

– Біздің жұмысымыз таңертеңгі 10.00-ден басталады, — деді өзін Женя деп таныстырған құтқарушы. – Себебі, жағажайда суға түсуге осы уақыттан бастап рұқсат етілген. Шомылу маусымы басталғаны жөнінде арнайы хабарланған соң, біз де өз жұмысымызға кірістік. Кешкі сағат 22.00-ге дейін осы жердеміз. Екі құтқарушы қызмет етеміз, — дейді ол.

«Ал, бекітілген уақыт аяқталған сәтте  келушілерді қайтесіздер? Уақыт бітті деп қуып шығасыздар ма?»,-дейміз одан әрі сөзге тартып. «Әрине, қумаймыз. Бірақ, келісілген уақыт аяқталғанда, маса да шығып кетеді. Одан кейін қалып, суға түсушілер де көп болмайды»,-дейді әңгімелесушіміз.

Тазалық жайы қалай, көріп тұрғанымыздай, келушілер соңына қоқыстарын тастап кетіп жатыр екен?-дейміз, бір қарбыздың қабығын отырған орындарына қалдырып  бара жатқан топты нұсқап. – Әрине, адамдардың бәрі бірдей емес, келушілердің менталитеттері де әртүрлі. Қоқыс салатын арнайы жәшіктер таяқ   тастам жерде тұрса да, сол жерге апаруға ерініп, орындарын шашып кететіндер  бар. Мүмкіндігінше, түсіндіріп айтамыз. Ал, «Арнаулы автобаза» жұмысшылары кешке және ертеңгілік келіп, аумақты қоқыстан тазартып жинап кетеді,-дейді құтқарушы Женя.

«Көркейтеміз, бірақ,  уақыт  керек»

Аталмыш жағажайды сенімгерлік басқару құқығына ие болған кәсіпкер Назгүл Дүйсенбаева да осы жерде жүр екен. «Біз тендерден ұту арқылы жағажайды бес жылдық басқару мүмкіндігіне ие болдық. Бұл салаға бірінші рет келіп отырғандықтан да болар, жоспарланған ісімізді де толық жүзеге асыра алмай отырмыз. Оның үстіне, биыл Жайыққа судың көп келуі, кеш қайтуы сынды табиғи процестерге байланысты да жұмысымыз кешеуілдеп қалды»,-дейді ол.

бүгінгі күннің тақырыбына3

– Жағалау – балшық. Суға жеткенге дейін аяқ алып жүру қиын,-деп едік. – Ол рас. Бірақ, қазір судың қайту мезгілі күн сайын азайып барады. Бұл балшық та аз күндерден соң қатқақ жерге айналады да, ақ топыраққа жетеміз. Жалпы, сізге өтірік секілді көрінер, алайда, біз бұл жерді арнайы техникамен қазып, топырақ та төктік. Бірақ, нәтижесі өзіңіз көріп отыр-ғандай. Алға қарай олқылықтардың орнын толтыруға тырысамыз,-дейді кәсіпкер.

Жағажайда көңілді әуен мен кәуап иісі бірден білінеді. «Бұл кафелер де сіздікі ме?» дедік. «Иә, бізге тиесілі аумақта екі кафе бар. Ол жердің жұмысы соңғы клиентке дейін жүргізіледі. Ал, тыныштық сақтауға тиіс уақыт келгенде, біз музыка дауысын бәсеңдетеміз. Жалпы, орталық жағажаймен салыстырғанда, бұл жерге келушілер аз. Негізінен осы ауданда тұратындар болмаса, арнайы келетіндер көп емес. Жағалаудағы жарықтың жоқтығы да бізге көп кедергілер келтіруде» дейді жағажай иесі.

Алмагүл Нысанова – аталған ауданның байырғы тұрғыны. Жаз күндерінің басым бөлігін жағалауда өткізетін зейнеткер үш немересін үнемі осы жерге алып келеді екен. «Шыны керек, біз өз мүмкіндігімізді пайдалана алмай отырмыз. Мына жерде не бар, қараңызшы. Еш қызық жоқ. Керектің бәрін алып, келушілерге жағдай туғызып қойса, демалатындардың саны артары сөзсіз. Жайықтың іргесінде тұрып, суына түсе алмасақ  не болады? Немерелерімді өзім алып келіп, осы жерде суға түсуге үйретемін. Жалпы, қауіпсіздікті, тыныштықты қарайтын арнайы адамдар бар. Десек те, негізгі жауапкершілік ата-аналарда болуы керек. Әйтпесе, балаларын суға жіберіп қойып, сыра ішіп, гуілдеп отыратындарды да көріп жүрміз» дейді Алмагүл апай.

Бұл жерде қосымша ақы төлеу арқылы екі немесе төрт кісілік катамаранды жалға алуға болады. Ол да кәсіпкер Н.Дүйсен-баеваның иелігінде. «Құтқарушылар қадағалап, олардың қашыққа кетпеуін қарап отырады. Ал, төтенше жағдайлар қызметі арнайы катермен жарты сағат сайын су үстінен бақылайды. Осы жағажайда таңертеңнен кешке дейін жүру арқылы барлық мәселені назарда ұстауға тырысамыз. Масаны улау, көңіл көтеретін нысандар салу секілді жоспарларымыз да жоқ емес» дейді кәсіпкер. «Ал, тәртіпке бағынбайтындар немесе ішімдік ішкендер, иттерін шомылдырушылар кезіксе қайтесіздер?». «Арнайы ескертпе тақтайшалар орнатылған. Ондай адамдар болса, түсінік жұмыстарын жүргіземіз, ал, бағынбай жатса, тиісті орынға хабарлаймыз» дейді жағажай иесі.

«Кәуаптың  түтінімен тыныстаймыз…»

Атап өткеніміздей, қала аумағында екі жағажай бар. Бірі біз барған «Малибу» болса, екіншісі – орталық жағажай. Ол жердегі ахуалды да көзбен көрмек болып, қас қарайып қалса да, сол жаққа асықтық. Расында да, мұнда келушілер бірнеше есе көп екен. Көңіл көтеру нысандарынан көз сүрінеді. Иелерінің қай-қайсысы да әңгімеге шорқақ. Бірді-екілі сұрағымызға жауап алуға тырыссақ, барлығы бір кісідей «Мен тек сатушымын, иесі емеспін» деп ат-тонын ала қашады. Отбасылық велосипедтер, тир, сан алуан ойындармен қоса, фастфуд өнімдерін, балмұздақ сатушылар да көп, қызмет түрлерін пайдаланушылар да аз емес. Жағаны айнала қоныстанған кәуап пісіруші дәмханалар түтіні тынысты тарылтады.

бүгінгі күннің тақырыбына

«Бұл жердің иесі мен» деген адамды таппаған соң, жағалаудағы катерлерді жалға беретіндерді жағалай бастадық. «Құтқарушылар бар ма?» дедік шеткі тұрған біреуіне бас сұғып, калькулятор мен қол сағатына үңіліп отырған жас жігіттер өре түрегелді: «Тыныштық па, қай жерде, не болды?»

Келуімнің мәнісін түсіндіріп едім, жағажай жайлы бар мәліметке қанық қылды. «Қауіпсіздік қадағалаулы. Құтқарушылар бригадамен жұмыс жасайды» дейді олар. «Ал, қазір ше?» дейміз біз. «Сіз сағат нешеде келіп тұрсыз? Олар кетіп қалған болар, әйтпесе, жағада жүретін еді» деді олар. Расымен де, сағат кешкі оннан асып кетіпті. Бірді-екілі адам ғана жағада жүргені болмаса, суға түсіп жатқан адамды кезіктірмедік.

Сөйтіп, жағажайдан кетуге жиналып жатқандарға жақындадық. Мәлік Айт-баев қала қонағы екен. Ресейлік мейман «Атырауға келіп тұрып, Жайыққа шомылмасақ, болмас деп, отбасылық демалысымыздың бір күнін осы жерге арнадық. Шыны керек, мынау демалыс орнына көп ұқсамайды екен. Бұл жерге қалтаңа көбірек ақша салып келу қажет секілді. Өзім үшін Жайығымыздың суына жетер бақыт жоқ, бір шомылғаннан-ақ, туған жерге деген сағынышымды басқандаймын» дейді ол.

Сағат тілі түнгі он бірден асып кетті. Жағажай тым-тырыс. Тек даңғырлаған әуен, дүрліккен топ, клиенттің тапсырысын демде дайындауға асығып, отты үрлеп әлек болған кәуапшы. Құдды жағалаудағы шулы өмір уақыттан жаңылып қалған секілді…

Гүлжан ӘМІРОВА

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*