Атыраудың Астанадағы мәдениет күндері этноауылда жалғасты

Атыраудың Астанадағы мәдениет күндері этноауылда жалғасты. Мұнда  тігілген алты киіз үйде атыраулық қолөнер шеберлерінің туындыларынан көрме жасақталды. Шараны ұйымдастырушы Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейі директорының орынбасары Жәнібек Аманиязовтың айтуынша, оған жиырма қолөнершінің туындылары қойылған. Мәселен, Жанар Қарабалинаның шиден тоқыған бұйымдары, Алтын Ғабдуллинаның бисермен кестеленген жұмыстары келушілердің  қызығушылығын оятты. Құрманғазылық Надя Жамелова анасынан үйренген алаша тоқуды бала кезден қолға алыпты. Отыз жылдан соң ұлттық өнерді қайта  жандандыра бастапты.

ANU_4203

Көрме қонақтарын Талғат Қисметовтың жүннен тоқыған гобелендері де ерекше баурады. Өйткені, тоқыма өнеріне ер адамдар көп әуес емес.  Десек те, өз жұмыстарына ашық түстерді көбірек қолданатын қолөнерші көрмеге он екі туындысын ұсынған. Оның ішінде, ЭКСПО-ға арнаған туындысы да бар.

– Бастапқы мамандығым ‒ суретші, — дейді гобеленеші Талғат Қисметов. –Гобелен тоқуды үш жыл бұрын қолға алдым. Оқушыларымды Бурабайға байқауға апарғанымда, осы өнермен айналысатын қолөнершілерге  қызығушылығым оянған еді. Сөйтіп, гобеленнің қыр-сырына интернеттен желісі арқылы қанығып, үйреніп алдым. Алғаш рет қобыздың бейнесін тоқыдым. Бір жұмысты бітіруге тоғыз күндей уақыт кетеді. Мұндай ауқымды көрмеге алғаш рет қатысып тұрмын.

ANU_3849

Сонымен қатар, таксидермия өнерін дамытушы Қалымбек Жұмашев ағаштан ойған туындылары мен мүсіндерін ұсынды. Бір ерекшелігі, ол шығармашылығына қураған ағаштарды, өлген жануарлар мен құстарды пайдаланады. Сондай-ақ, Жайлау Таласов, Камила Жапалова, Қайрат Шапабаев, Алтынбек Есенғазиев, Талғат Жұмалиев, Айзада Кененова Әйгерім Кенжеғалиева, Жанғазы Сейдахмет, Алтынбек Есенғазиев және тағы басқалардың ұлттық нақыштағы бұйымдары сатылымға қойылып, өз иелерін тапты.

ANU_3862

‒ Атырау ‒ өнерге бай мекен. Бұл өңірдегі қөлөнер саласында да серпіліс бар екенін көрмеден байқадық. Бұйымдардың бағалары да қолжетімді. Батыс өңірінің тумасы болғандықтан, Атыраудың мәдениет күндері аясындағы шаралардан қалмауға тырысудамын. «ЭКСПО-2017»  көрмесі  Қазақстанның мәртебесін арттырып қана қоймай, өңірлердің танылуына да  ықпал етуде, — дейді көрмеге Алматыдан арнайы келген Зәуре Аманжолова.

Әсем әуен мен күй күмбірі

Этноауылдағы шаралар Д. Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ ұлт аспаптар оркестрінің «ЭКСПО-ға тарту» атты сазды бағдарламамен жалғасты. Концерттік кештің шымылдығы Құрманғазының «Серпер» күйімен түрілді. Күй атасының «Адай», «Сарыарқа», Динаның «16 жыл», «Әсем қоңыр»,  Е.Үсеновтің «Шақшақ Жәнібек», Т.Әліпбаевтың «Әбіш таған», Ықыластың «Жез киік», Н.Тілендиевтің «Махамбет», «Өз елім» секілді күйлері елордалық және  шетелдік көрерменді бір серпілтіп тастады.

ANU_4127

‒ Ұлы дала домбырашыларының туындылары қазақ халқының жүрек үніне  айналды. Біз осындай  жанды әуенді  сағындық. Көрермен ретінде атыраулық оркестрдің  өнеріне тәнтімін, — дейді 76 жастағы Мағпура Сесенқызы.

Сонымен қатар, «Айсұлу» сән үйінің, Маржан Маршалл топтамаларының дефиллесі ұйымдастырылып, Құрманғазы, Индер, Мақат аудандары және  облыстық халық шығармашылығы орталығының өнерпаздары ұсынған сазды бағдарламалар да  көрермендерді бей-жай қалдырмады.

ANU_4068

Ал, Астана қалалық алаңында этномәдени бірлестіктердің сазды бағдарламасы, үздік би топтарының шарасы өтті. Мұнда Сарайшық қаласының гүлденген дәуірі, хандар мен сұлтандар билігі туралы театрландырылған көрініс ұсынылды. Сондай-ақ, Дешті Қыпшақ даласынан бала боп кетіп, дана боп оралған Бейбарыс сұлтанның өмірі туралы көрініс те  атыраулық әртістердің өнерін жоғары сатыға көтерді.

ANU_4019

Халық батырлары Исатай Тайманұлы мен ақын Махамбет Өтемісұлы – ел Тәуелсіздігінің символы. Халқына адал қызмет еткен Бөкей мен Жәңгір хандар, Мақаш әкім, күй өнерінің қайталанбас дүлдүлдері Құрманғазы мен Дина туралы қойылымдар да терең мазмұндылығымен ерекшеленді. М.Горький атындағы орыс театрында М.Отарбаевтың «Баянды бақ» драмасы қойылды.  Оны Махамбет атындағы облыстық драма театрының әртістері сахналаса, Астана қалалық алаңында эстрадалық оркестрдің сазды бағдарламасы ұсынылды.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суреттерді түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*