Министрдің бастамасы қылмыстың алдын алуға бағытталған

Қоғамда кеңінен талқыланып жатқан мәселе көп. Таяқ тастам жерге шетелдікті 40 мың теңгеге апарған таксист, Ақмола облыстық сотының апелляциялық-қылмыстық сот алқасы төрайымының өлімі, қылмыстық әлеммен байланысқан атақты кәсіпкердің тұтқындалуы, тағы басқа мәселелерге қатысты еліміздің Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов түсініктеме берді. Үкімет мүшесі Атырау қаласындағы тұрғын үйлердің көптеп жалға берілетіні, осы себептен құқық бұзушылықтың  өсіп отырғанына қатысты жергілікті ІІД бастығына  нақты міндет жүктеді.

kasumov(1)

Бас полицейді ұрлықтың көбеюі, әсіресе қалта телефонының жиі қолды болуы ерекше мазалайды екен. Келеңсіздіктің алдын алу мақсатында тың бастама, ұтымды ұсыныс айтып отыр.

– Ұялы телефонды ұрлауды пайдасыз, әрі мәнсіз ету бойынша шара қолданып жатырмыз. Қылмыс жасаған адам оны өзі пайдалана алмайтын немесе сата алмайтындай болуы керек. Осы мақсатта қажетті шараларды жүзеге асырудамыз. Тек ұялы байланыс операторларымен шешетін техникалық және ұйымдастырушылық мәселелер бар, — деді Қалмұханбет Қасымов.

Министрдің баяндауынша, Қазақстан телефон ұрлаумен күресудің шетелдік тәжірибесін зерттеген.  «АҚШ-та ұялы телефондарды ешкім ұрламайды, өйткені, пайдасыз. Оны ешбір оператор байланысқа қоспайды. Ал, бізде операторлар қоса береді. Сондықтан, біз ұрланған телефонды пайдасыз пластик болып қалатындай етуіміз керек» деді министр.

«Жол полициясы қызметкерін бейнекамераға түсіруге бола ма?» деген сұрақ та жауапсыз қалмады. Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы қызметтік міндетін орындап жатқан жол-патрульдік полиция қызметкерін бейнекамераға түсіруге заң жүзінде рұқсат етілгенін айтты.

– Біріншіден, полиция қызметкеріне де Азаматтық кодекс ықпал етеді. Яғни, кез келген азамат секілді ол да өз бейнесінің таралуына қарсы болса, бейнекамераға түсіруге тыйым салынады. Екіншіден, полиция қызметкерін   қызметтік міндетін атқарғанда – оқиға орнын зерттеп, тергеумен айналысып жатқанда таспаға түсіруге болмайды. Бірақ, жол полициясы қызметіне қатысты жағдайларда бейнекамераны қолдануға рұқсат беріледі. Біз қазір жол полициясы туралы заңға өзгеріс енгіздік. Бұдан былай жүргізушіні тоқтатып, хаттама толтырған жол полициясы қызметкерін бейнекамераға түсіруге болады және бұл заңды болып табылады, – деді министр.

Шетелдікті алдап, қалтасын қалыңдатқан таксист жұмысынан қуылыпты. Ал, судьяның қаза табуы мен белгілі кәсіпкердің тұтқындалуына байланысты тергеу шараларының жүріп жатқандығын айтқан министр бүгінде «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің қауіпсіздігіне маңыз берілгеніне тоқталды.

Айта кетейік, биылғы жылдың бес айында тергеу мен соттан жасырынып жүрген 1,5 мыңнан астам қылмыскер ұсталды. Кісі өлтіру, тонау, дене жарақатын салу, алаяқтық, тағы басқа қылмыс түрлері  уақытында ашылды.

Азамат Сансызбайұлы

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*