Қаржы пирамидасына неге тосқауыл қойылмайды?

Қазір қаражат табу көзін ұсынатындар жеткілікті. Бастама басшыларының түсіндіруінше, әдепкі жарнаны төлесеңіз болғаны, табысыңыз біртіндеп өсе береді. Демек, қас-қағым сәтте байлыққа кенелесіз. Бірақ, ақша табу осынша оңай ма? Қаржы пирамидасына кіріп, сан соғып қалғандардың өкініші өзгелерге неге үлгі болмайды? Ал, айласын  асырып, жазықсыз жандарды жылатқандар жазасыз қала ма? Біз өзекті өртеген осы сауалдарға жауап іздедік.

__аржы пирамидасы

Жуырда танысым телефон шалып, қосымша табыс табудың жолдарын түсіндірді. Бастапқыда оған аса қызығушылық таныта қоймағанмен, оны толық тыңдап шығуға тура келді. Айтуынша, отбасы бюджетінен үнемдеген аз-мұз қаржысын белгілі бір қорға аударады. Содан бір апта өтпей жатып-ақ пайызы өсіп, есепшоттағы қаражат көлемі ұлғаяды. Екі-үш ай бойы аздаған үстемелерге ие болған танысым бұған отағасын да тартады. Әзірге табысынан салымы көбірек құрбым алдағы уақытта көл-көсір пайдаға қол жеткізетініне сенімді. Бірақ, сол үміт ақтала ма? Әлде, бұл тағы да қаржы пирамидасының қитұрқы бір түрі ме?  Мұндай әрекетке біздің елде тыйым салынған. Алайда, аты өзгергенімен, заты сол күйінде қалған қаржы құрылымдарында айлакерлер жымысқы әрекеттерін қалай жүзеге асырып жүр?

Шын мәнінде, мұндай пирамидалар табысы активтерге салынған қаржы есебінен түсетін пайда емес. Керісінше, жаңа салымшыларды тарту нәтижесінде олардың қаражаты есебінен құрылған ақшаның айналу кестесі болып табылады. Бұрын  тұтынушының салымын жалған жоба мен түсініксіз қорларға құю ұсынылса, бүгінгі күні халықты гүл өсіру, беймәлім зауыттар және кен орындарын дамыту секілді псевдоматериалдық құндылықтарды жасауға шақырады.

ҚР Ұлттық банкі Атырау облыстық филиалы экономикалық талдау және статистика бөлімінің жетекші маман-экономисі Нұрбиға Ибраеваның түсіндіруінше, ақша салу жолымен пирамидаға кіру – ерікті. Азаматтар мұндай әрекетке ешкімнің қысымынсыз, өз еріктерімен барады. Әйтсе де, өкініштісі сол, онда құқықтық қызмет көрсету және салынған ақшаны қайтарудың кепілдігі болмайды. Ақшасын айтылған есепшотқа аударған оның иесімен шарт та жасалмайды.

Жалпы, сатылы түрде жүзеге асатын табыс көзінің тартымды талаптарының бірі –  қысқа уақыт аралығында үлкен кіріс алу мүмкіндігі. Оның қағидасы бойынша алаяқтық жасау үшін пайдаланылатын құрал ретінде «бағалы қағаздар», сондай-ақ, қарыз,  сақтандыру шарттары қолданылады.

– Кейбір кездері пирамида-ұйымның құрылтайшылары алынған ақшаны негізгі құнды қағаздарға, қорларға инвестициялайды. Алайда, бұл жағдайда да енгізілген ақшаның негізгі үлесі маңызды жобаларға жұмсалмайды. Себебі, ол уәде етілген жоғары кірістерді төлеу үшін қажет, — дейді Н.Ибраева.

Шынтуайтында, пирамидадағы ұтыс мөлшері шығынға ұшыраған салымшылар саны мен олардың ұтылыс көлеміне тікелей байланысты. Онда бір ғана қатал заң бар, ол – белгілі бір топтың қалтасындағы ақшаны алып, екіншісіне салу. Басқа жақтан пирамидаға ешқандай қаржы түспейді.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің талаптарына сай, өзге адамдарға азаматтардан кәсіпкерлік қызмет ретінде қарыз түрінде ақша тартуға тыйым салынады және мұндай шарттар жасалған сәтінен бастап жарамсыз деп танылады. Біз тілдескен Нұрбиға Ибраева айлакерлердың құрығына ілініп қалмас үшін қарапайым қағидаларды есте сақтау керектігін айтады. Мәселен, уәкілетті органның депозиттерді қабылдауды іске асыруға лицензиясын талап ету, компанияның беделін және  берген ақпараттың дәйектілігін зерделеу керек.

– Депозиттерді қабылдауды жүзеге асыруға лицензиясының болмауынан сақтану қажет. Азаматтардан ақша қабылдайтын тиісті лицензиясы жоқ ұйымның қызметі – заңсыз. Егер табысты жобалар туралы сөз қозғалғанда салымшылардың қаражатын инвестициялау кестесіне қатысты ашық түсіндірмелердің жоқтығы – пирамидаға тартудың айқын белгісі. Жалғанның құрбанына айналмас үшін қарапайым қырағылықты сақтап, ақшаны сенімсіз компанияларға сеніп тапсырмау қажет, — дейді Ұлттық банк мамандары.

 Тағы бір айта кетер жайт, алаяқтар адамдардың жылдам көбірек қаржы табуға, аяқ астынан байып шыға келуге деген ұмтылысын шебер пайдаланады. Сондықтан олар жылдық өсімі 20 немесе 50, тіпті 100 пайыз болатын құрғақ уәдені бере салады. Егер сізге ұсынатын банктік салымдар бойынша қазіргі кезде қолданылып жүрген пайыздан (жылдық 9-10 пайыз) асатын болса, оған күмән туғызу керек. Сонымен қатар, қарыз шарты бойынша қаражат тартатын компанияға сенуге болмайды. Корпоративтік іс-шараларға, түрлі жүлделер, сыйлықтар, жолдамалар ұтыстарына қатысуға шақыртудан бас  тарту қажет. Компания ақшаны салымшылардан қалай   қабылдайтындығына  назар аударған жөн. Сосын кәсіпорынның иелері  және  басшылығы  туралы ақпаратты зерделеген абзал.

Айбөпе Сабырова

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*