Атырауда жазушы Құлкеновтың кешінде ұлт жайы сөз болды

Атырауда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Президент сыйлығының лауреаты, жазушы Мереке Құлкеновтың 65 жасқа толуына арналған «Елім деп соққан жүрегі» атты шығармашылық кеш өтті. Атырау жұрты лық толып жиылған шараға жазушы Несіпбек Дәутайұлы, драматург Рахымжан Отарбаев, Атырау облысының құрметті азаматы, қоғам қайраткері Нұрпейіс Мақашев, жазушы Серікқали Хасан, саясатанушылар Айдос Сарым мен Расул Жұмалы, ақын Бауыржан Халиолла сынды бір топ азаматтар қонақ болып қатысты.

FFZxG0mEOfs

Кешке облыс әкімі Нұрлан Ноғаев та келді. Аймақ басшысы мерейтой иесін 65 жылдығымен құттықтап, бұл шараның Елбасының “Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласындағы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында өтіп отырғанын айтты.

– Ақты ақ, қараны қара деп айтып, бұғып қалмайтын мінезіңіздің арқасында азаматтарды қабылдата білдіңіз. Абылайдың түсіндегі біз қасқырмыз ба, шаянбыз да деген сұрақтарға жауап беретіндей жағдайда келе жатырсыз. Бұл – көзі ашық, көкірегі ояу, елдің болашағы бұлыңғыр болмасын деген адамға азаматтық парыз. Бұл тұста Елбасының “рухани жаңғыруындағы” айтылған мәселелердің маңызы зор. Бүгінгі кеш сол жұмысты іске асыру жолындағы шаруаның жалғасы, – деді ол.

eFTEY-drYoU

– Иісі қазақта парасат пайымы, түсінігі, кісілігі қабат келіп отыратын, елдің жұрттың қадір-қасиетін білетін, намысқа шабатын азаматтар аз ба, көп пе, оны мен білмеймін. Менің білетенім, ол көп болса да, аз болса да, соның алдыңғы сапында Мереке дос жүр, – деді жазушы Несіпбек Дәутайұлы сахнада тұрып.

Белгілі саясаттанушы Айдос Сарым адам өміріндегі мінездің маңызы туралы сөз қозғады:

sp5Lw1B0C1c

– Баяғыда ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов “ұлтқа қызмет ету білімнен емес, – мінезден” деп айтқан екен. Осы мінез деген ең үлкен нәрсенің бірі сияқты. Намыс та мінезден, тәкаппарлық та мінезден, іздену де мінезден. Айналып келген кезде, бұл дүниеде жазушы болу үшін де мінез керек, редактор болу үшін де мінез керек, қайраткер болу үшін де, бизнесмен болуы үшін де мінез керек. Осы мінез деген қасиеттің ең жақсы, жарқылдаған тұстарының бәрі Мекеңнің бойында бар, – деді ол.

Жазушының ішкі монологына құрылған драмалық көрініспен ашылған шығармашылық кеш, салтанатты концертпен жалғасты.

zW4c_KoA9mg

Мереке Құлкенов 1951 жылы Атырау облысында туған. «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан»), «Пионер», «Қазақ әдебиеті», «Жалын» сияқты газет-журналдарда, Қазақ теледидарында қызмет істеген. Республикалық «Ана тілі» газетінің, «Таң Шолпан» журналының бас редакторы болды. Қазір «Өлке» баспасының бас директоры.

Махамбеттің өмірін айшықтаған, драматург Раxымжан Отарбаевпен бірігіп жазған «Бас» драмасы 2003 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің екінші жүлдесін иеленді. Махамбеттің 200 жылдық мерейтойы қарсаңында «Махамбет кітапханасы» сериясымен 20 томдық кітапты және «Махамбет елі» кітап альбомын үш тілде дайындауда жалпы редакцияны басқарды.

«Жібек жел», «Таңғы самал», «Үрей», «Халел Досмұхамедовтің өмірі мен қызметі», «Қазақстан» және тағы да басқа прозалық және публицистикалық шығармалардың «Махаббат мұнарасы», «Жәңгір хан» пьесаларының авторы. Шығармалары бірнеше тілге аударылған.

Суреттерді түсірген: Әнуар Әбілғазиев

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*