Интернеттің пайдасы мен зияны

Осыдан біраз жыл бұрын бұл біздер үшін аса танымал емес термин болатын. Ал, қазір? Ол өмірдің ажырамас бөлшегіне айналғандай. Бірі бар керекті желіден жүктейді. Енді бірі белгілі бір мәселе туралы пікірлер тоғыстыратын алаңға айналдырса, енді бірі ішіндегісін бүкпесіз «ақтара» салатын сырласы ретінде таниды. Ал, тағы бірі интернеттен табыс көзін тауып, кәсібін дөңгелентуде. Сонымен, интернет атты шырмауық шынымен де қоғамдық қажеттілік пе, әлде жаңа дәуірмен бірге келген желік пе?

hqdefault

Сіз не дейсіз?

Венера  Мутағалиқызы,

психолог:

«Онлайн» өмірдің олқылығы көп»

– Әлеуметтік желі – бүгінгі күннің проблемасы. Себебі, ол ең бірінші уақытын босқа өткізуге жетелеп, адамның ойлау логикасы мен шешім қабылдауын тежейді. Толассыз ақпараттарды тез шолып шығамын деп, мәселелерге атүсті қарауға үйрене бастайды. Статистика бойынша, желі қолданушыларының тек 20 пайызы ғана көлемді жарияланымдарды соңына дейін оқып, ой түйіндейді, мәселе туралы терең толғанады екен.

Әлеуметтік желі виртуалды өмірден алыстатып, адамды тұйықтыққа бейімдейді. «Онлайн» өмір адамдардың құпиялылығын жоққа шығарады. Не ойлап, не кигенін, не жеп, қайда барғанын жалпақ жұртқа жариялап отырған адамдар «іштегіні сыртқа шашпа» деген қазақы ұстанымымызды тіпті білмейтін секілді. Сондай-ақ, қазіргі күні қайда барсақ та, байқап жүрміз, тіпті, той, қонақтықтарда да ересек адамдар телефоннан бас алмайды. Адамдар арасындағы қарым-қатынас үзіліп, өзара әңгімелесуден де қалып бара жатқандай. Осының барлығы телефонға тәуелділікті, желі жетегінде кету дегенді білдіреді. Ал, бұлардың бізге берер пайдасынан зияны көп екенін естен шығармайық!

 

Жанар  ШАЛАБЕКОВА,

отбасылық  дәрігер:

Жас ағзаны уламаған жөн

– Компьютер мен телефонға ұзақ қарау – денсаулыққа зиян. Интернетке кетірген уақытты спортпен айналысу, жүгіру, турникке тартылуға арнаса, тіпті болмаса, таза ауада жүруге жұмсаса, қандай жақсы болар еді. Кіп-кішкентай баланы да алдандыру үшін қолына телефон ұстатып қоямыз. Ол бүкшиген күйі немесе көзіне тым жақын ұстап қарап отырса да, «тыныш отырса болды» деген желеумен, қолындағысын алуға асықпаймыз.

Сондай-ақ, осы күні адамдар тамақ ішіп отырғанда да қолынан ұялы телефонын тастамайды. Экранның арғы жағындағы қызыл-жасыл әлемнен құр қалмай, толассыз ақпараттарды тез сіңіру үшін жанталасады да, алдында тұрған тамақтың дәмін, түрін тіпті сезбей қалуы мүмкін. Бұл да – интернеттің ағзаға кері әсерінің бір көрінісі.

Қалай десек те, әлеуметтік желілер – бүгінгі заманның бір бөлшегі, біз одан бөлек ажырап, түбегейлі бас тарта алмаймыз. Тек, мүмкіндігінше кішкентай балаларға қолдануға шектеу қойып, өзіміз де тек керекті ақпаратты ғана алуды білсек екен.

 

Айбек  Аташев,

теолог:

Бұл жерде білім берілмейді…

– Қазіргі таңда қоғамдық мәселелерді ел назарына ұсынуда, билік тарапына жеткізуде әлеуметтік желінің белсенділігі артып келе жатқаны рас, оны мойындау керек. Бір мәселе, желіде біреуді кемсіту, оны ғайбаттау, көпшілік алдына жариялауға келмейтін суреттер арқылы өзгенің иманын әлсірету, жазбалар арқылы шаңырақтың шайқалуына түрткі болу – адамгершілікке де, шариғатқа да сай келмейтін әрекеттер.

Бұл тұстағы басты мәселе   жас балаларды көбірек сақтау керек. Өйткені, әлеуметтік желі ешқандай білім бермейді. Ол тек қана мәлімет беруі мүмкін. Сондықтан, жастарды оған көзсіз еліктеуін тыю керек деп ойлаймын. Ал, үлкендер бір-бірімен хабар алысып, әлеуметтік байланыс жасау үшін ғана пайдаланғаны жөн секілді.

Жалпы, желіге тіркелу, оған уақыт арнау өз орнымен, өз шегімен, өз мөлшерімен болса, пайдалы. Ал, шектен шықса, пайдасыз ғана емес, тіптен зиян.

 

Нұрлыгүл  Ізбасарқызы,

үй  шаруасындағы  әйел:

Балаға ата-анасы үлгі болуы керек

– Менің балалармен үйде отырғандықтан бос уақытым көптеу. Әлеуметтік желілерді қолданамын. Кейбірінен тағам дайындау, киім тігу, қыздарыма сәндік бұйымдар жасауды үйренсем, желідегі кей топтардан кез келген сұрақтарға жауап аламын, білмегендерімді сұраймын. «Инстаграмнан» әнші-жұлдыздардың өмірін қызықтаймын.

Бірақ, балаларыма телефон ұстатпаймын. Үйде «вай-фай» да жоқ. Олар мектепке айфон алып баратын, ішкен-жегенін «инстаграмға» салып, лайк жинайтындар қатарынан емес. 5-6 сынып оқитын үлкен қыздарым менің аккаунтыммен кіріп, «инстаграм» қарайды. Құрбыларына лайк басып, олардың барған жерлеріне тамсанып, киген киімдерін айтып отырады. Меніңше, бұл жердегі басты мәселе – ата-ана тәрбиесінде. Қатардан қалдырмайын деп, қымбат телефон беріп, желіде сағаттап отыруын бақыламаудың соңы қайғылы жағдайға соқтыратынын естіп, біліп жүрміз. Сондықтан, балаға ең бірінші ата-анасы үлгі болуы керек. Жұмыстан келе сала, көзі ұйқыға кеткенше телефонға үңілу дұрыс емес екенін өз істері арқылы көрсете білуі керек.

 

Аида Абылайқызы,

әлеуметтік желінің белсенді қолданушысы:

Өмірімді интернетсіз елестете алмаймын

– Менің «Инстаграм» желісінде tort_atyrau_aiko аккаунтына тіркеліп, жеке кәсібімді бастағаныма үш жылдан астам уақыт өтіпті. Қазіргі таңда өмірімді интернетсіз елестете алмаймын. Өзім дайындаған кондитерлік тағамдарымды, торттарымды жарнамалау арқылы табыс тауып отырмын.

Өмірімнің басым бөлігін интернетке арнаймын, күндіз-түні ғаламтор шарлаумен отырамын деп айта алмаймын. Бірақ, өзге де желілерге тіркелгенмін. Айналамдағы болып жатқан жаңалықтарды, ең алдымен, осы жерден аламын. Желіге тіркелген кондитерлік топтардан өз біліктілігімді арттырамын.

Мен үшін желінің тағы бір рөлі – байланыс құралы. «Мессенджер» немесе «Ватсапп» арқылы барлық мәселені тез шешіп алуға болады. Сонысымен де құнды. Әзірше, мен үшін әлеуметтік желінің келеңсіз тұстары кездескен емес.

Түйін:

Қалай десек те, әлеуметтік желіден біз еш ажырай алмаймыз. Ол – бүгінгі күннің бір бөлшегі. Тек «лайк» үшін лайықты тірлік жасамаса да, көпшіліктің назарына зәру болып  телефонға телмірген, интернетпен таңын атырып, кешін батыратын «әлеуметтік мүгедек» болудан сақ болғайсыз!

Айтпақшы, сіз қай желіге тіркелгенсіз?..

Гүлжан ӘМІРОВА

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*