Бүгінгі тренд – биржа

«Биржа» сөзі бұған дейін бізге түрлі американдық кинолар арқылы таныс болып келген еді. Қаптаған адам ілінген экрандарға телміріп қарап, сатылым басталған кезде бәрі тына қалады. Бірер минутқа созылатын сатылым сауда аяқталғаннан кейін біреуі алақайлап, екіншісі басын ұстаған күйі жерге отыра кетеді. Немесе нөпір арасынан ілбіп қана үнсіз жылыстап шығады. Ең бастысы, жүздеген, мыңдаған, тіпті миллиондаған доллар туралы картина осы биржадан басталады.

экономика

Есепшот ашушылар көбеюде

 Көбінесе, экшн жанрында түсірілетін американдық кинолардағы биржа әлемі бүгінде біздің қазақстандықтарға етене таныс. Қазақстандық KASE бірнеше жылдан бері құнды қағаздар айналымында табысты жұмыс істеп келеді. Тіпті, соңғы деректерде биржадан ақша табатын отандастарымыздың саны артып жатқаны айтылуда. Мұндай үрдіске «Халықтық ІРО» бағдарламасының іске қосылуы да оң ықпал етуде.

Мәселен, отандық KASE қор биржасы «Бағалы қағаздар орталық депозитарийі» АҚ-да жеке тұлғалар атынан ашылған есепшоттардың саны 104 мың 860-қа жеткенін хабарлады. Бұл – өткен жылмен салыс- тырғанда жоғары көрсеткіш. Сарапшылар жеке инвесторлар белсенділігінің артуын халықтық ІРО бағдарламасының сәтті жұмыс істеуімен байла-ныстырады.

 KASE инвестиция құяды!

Экономиканы долларсыздандыру – мемлекет алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі. Әсіресе, мұнай бағамының құбылмалы күй кешуі экономикасы шикізатқа ғана тәуелді елдер үшін оңай соғып отырған жоқ. Қыспақтан шығудың негізгі жолы ретінде өндірісті дамытуды қолға ал-ған Қазақ елі экономиканың дәстүрлі секторымен бірге соңғы трендтерді де оңды пайдаланып қалуға күш салып жатқанға ұқсайды.

Мәселен, KASE қор биржасы  бизнесмендерге инвестиция құюды қолға алып отыр. Биржаның тиімділігін түсінгеннен кейін кәсіпкерлер екінші деңгейлі банктерге мүлде жоламай қалуы да ғажап емес. Мұндай формула бара-бара банк саясатының түбегейлі өзгеруіне әкелуі де мүмкін.

Сонымен, биржамен әріптес-тіктен бизнесмендер не ұтады? Журналистерге сұхбатында осы сұраққа жауап берген «Қазақстандық қор биржасы» АҚ эмитенттермен және инвесторлармен жұмыс бөлімінің басшысы Аслан Қалиғазин кез келген шетелдік инвестордың кәсіпорынды іздеген кезде, ең алдымен, оның қор биржасындағы мәліметтеріне көз тігетінін алға тартыпты.

Аудиттен аттайсыз, егер…

Егер сіздің кәсіпорныңыздың белгілі бір үлесі шетелдік инвесторға тиесілі болатындай жағдайға жолықсаңыз және банктермен бірлесіп жұмыс істеп жүрген дәстүрлі сектордың өкілі болсаңыз, міндетті түрде аудит деп аталатын айлапат тексеріске дайындаласыз. Аудит-тің сыртында қаншама есеп-қисапты сан қайтара шығарып, қанша мәрте әр цифрды ойлап, жүйкеңізді жұқартатыныңызды өзіңіз бағамдай берсеңіз болады. Ал, егер KASE тізіміне енсеңіз, ғажа-йып формула сіз үшін жұмыс істей береді. Яғни, KASE тізіміндегі компанияларға аудит маңызды емес. Себебі, компанияның құны биржада айқын көрініп тұрады. «Биржадағы баға объективті. Өйткені, оның бағасын банк-тер де, зейнетақы қоры да, мемлекеттік органдар да, жалпы алғанда барлық қаржы институттары мойындаған» дейді KASE өкілі Аслан Қалиғазин.

Қаржы сарапшылары биржаның мүмкіндіктері, оның өзіндік ерекшеліктері туралы ақпараттың әлі де болса тиісті деңгейде жетпей жатқандығын айтады. Сарапшылардың пікірінше, ірі кәсіпкерлердің өзі биржаны көп білімді қажет ететін, әрі қымбат сектор ретінде қарастырады. Бұл үлкен қателік екен. Сөйтеді де, мүлікті кепілге салып, аспандаған пайыздық несиелерді алуды қолайлы көреді. «Шын мәнінде, биржа – компанияны дамудың жаңа сатысына шығаратын қосымша қаржылық құрал ғана» дейді мамандар.

Тек қана ғаламтор…

Майгүл Әбуова – биржамен жұмысты жаңа бастап жатқан инвесторлардың бірі. «Бұған дейін Астанада тігін цехын ашып, жұмыс істедім. Әжептәуір тұтынушы аудиториясын қалыптастырдым, сәйкесінше, табысым да жаман болмады. Кейін отбасылық жағдайлармен Атырауға көшіп кеттім. Араға аз уақыт салып, онда да тігін цехымды ашып, жұмыс істедім. Жаман болғаным жоқ.

Бірақ, жалға орын алу, ол жерді күтіп-ұстау, әр құрал-жабдықтың ақаусыз жұмыс істеуін  қадағалау сияқты шаруашылықтар көп жағдайда негізгі жұмысыңды ойлауға мүмкіндік бермей жатады. Қазір Астанаға оралдым. Астана маған биржаның жаңа мүмкіндіктерін көрсетті. Маған керегі – тек қана ғаламтор. Интернет арқылы пакетімді еселеймін. Бұл керемет. Мен үшін брокерлер жұмыс істейді» дейді құнды қағаздар әлеміне аяқ басқан инвестор.

Ғаламтор дегеннен шығады, қазақстандық кәсіпкерлер үшін бизнесін дамытудың бар жағдайы жасалып жатыр. Жақында Арманжан Байтасов бизнесті қолдауға арналған медиажобаны іске қосты. Идея авторының айтуынша, отандық кәсіпкерлер жобамен серіктес медиакомпаниялар арқылы өз тауарлары мен қызметтерін жарнамалай алады. «Кез келген кәсіпкер өз бизнесі, тауарлары, көрсетілетін қызметі туралы ақпарат жазып, оны біздің электронды поштамызға жібереді. Сонымен бірге, өзінің бизнес тарихымен бөліседі» дейді Арманжан Байтасов. Осы жобаның өзі отандық кәсіпкерлер үшін белгілі бір деңгейде тәжірибе алаңы қалыптасатынын көрсетеді.

Айтпақшы…

– «қор нарығы» – бағалы қағаздарды сататын және сатып алатын орын. Мұнда компаниялар және оған ақшасын салғысы келетіндер кездеседі;

– акция шығаратын компаниялар «эмитент» деп аталады. Эмитенттер акцияларының бір бөлігін сатып жіберіп, қажетті қаражатқа ие болады. Акцияларды сатып алушылар – инвесторлар. Акция өз иесіне (акционерге) компания табысының белгілі бір бөлігіне иелік ету (дивидендтер) және компанияны басқаруға қатысу құқығын береді;

– инвесторлар бөлшек саудалық және институттық деп екіге бөлінеді;

– мәселен, «Халықтық ІРО» аясында акцияларды сатып алу және сату бойынша мәмілелер Қазақстанның қор биржасында (KASE) жасалады;

– сауда операциялары электронды түрде жүргізіледі, сондықтан, сатушылар мен сатып алушылар бір-бірін көрмейді және таныс болмауы да мүмкін;

– ең бастысы, биржадағы барлық мәмілелер арнайы лицензиясы бар брокерлер арқылы жасалады. Брокер – бағалы қағаздардың сатушысы мен сатып алушысы арасындағы делдал. Ол сыйақы ретінде мәміле сомасының аздаған пайызын алады. Сондықтан, брокер инвестордың пайдаға кенелуіне мүдделі.

Жақында «naryk.kz» ақпараттық порталы елімізде тағы бір баламалы қор биржасының пайда болуы мүмкін екендігін хабарлады. Бұл тетік Ұлттық банктің құнды қағаздар нарығын қайта дайындау бағдарламасы нәтижесінде  іске қосылады. Жаңа сауда алаңына шағын және орта бизнестің кез келгені қатысып, акцияларын шығара алады. Хабарламада баламалы қор нарығына «startup» жобалар, соның ішінде мұнай-газ саласындағы сервистік және түрлі сала өкілдерінің кәсіпорындары қатыса алатыны айтылған. Ең бастысы, мұндай тетіктер бәсекелестік ортаның қалыптасуына әкеле жатыр.

P.S.

Жақында еліміздің Бас прокуратурасы «Qamqor» қосымшасын әзірледі. Кез келген гаджетке оңай жүктелетін мобильдік қосымша бизнесмендерге тексерушілердің заңсыз әрекетінен қорғануға мүмкіндік береді. Иә, сәт санап күнделікті өмірімізге дендеп еніп бара жатқан интернет кеңістігі осылайша, биржаны 24 сағат бақылауға ғана емес, қаржыны есе-леуге ерекше септігін тигізуде. Ал, сіз қалтаңызды биржа арқылы толтыруға дайынсыз ба?

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*