Атырауда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясы өтті

Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында «Жаңғырудың негізі – тұрақтылық. Бірлік. Келісім» тақырыбымен өткен жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында баяндалған міндеттерді іске асыруға Ассам-блеяның қатысуын ұйымдастыру және Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХV сессиясында берген тапсырмаларын орындау сөз болды. Жиынға Ассамблея мүшелері, этномәдени бірлестіктердің басшылары, облыстық Ассамблеяның ғылыми-сарапшылық топтары, қоғамдық келісім және Аналар кеңесінің мүшелері, облыстық басқарма және аудан басшылары мен жастар қатысты.

ырыс алды – ынтымақ

Сессияда облыс әкімі, Атырау облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Нұрлан Ноғаев тә-уелсіздіктің алғашқы жылдарында құрылған аталған институттың ұлтаралық келісім мен татулықтың, бірліктің сақталуына қосқан үлесін жоғары бағалады. Ассамблея мүшелерін Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға белсенді қатысуға шақырды.

– Дер кезінде құрылған қоғамдық  институт жұмысының нәтижесі –еліміз-дегі келісім, бірлік, тұрақтылық. Ассамблея ел өміріндегі аса маңызды бағдарламаларды орындауға толыққанды қатыса алады. Мемлекет басшысының мақаласындағы негізгі міндеттерге назар аударсақ, олар қоғамның санасын жаңғырта отырып, еліміздің дамуын жаңа сапалық деңгейге көтеруді көздейді. Ұлтын сүйіп, ұлт тағдырын өз тағдырымен байланыстыратын әрбір азамат бұл міндеттерді  атқаруға жұмыла кіріседі деген сенімдеміз. Алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Жауапкершілік жоғары, сұраныс та салмақты болмақ. Ұлтымыздың ХХІ ғасырдағы рухани жаңғыру стратегиясы атанған Елбасының бағдарламасын орындауда Ассамблеяға зор үміт артылып отыр. Соның ішінде, «Туған жер» жобасы үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Сондықтан, қала, аудан әкімдері бұл жобаны іске асыруды қамтамасыз етуі қажет. «Туған жер» жалпыұлттық патриотизмді, Отанға деген сүйіспеншілікті қалыптастыруға бағытталған,-деп облыс басшысы нақты міндеттерді жүктеді.

ырыс алды – ынтымақ4

Атап айтсақ, аталған жобаны жүзеге асыру мақсатында жұмыс тобы құрыл-ған. Барлық елді мекендерде ауылдың тарихын зерттеу, сол өңірден шыққан табысты адамдардың тізімін жасақтап, олардың жетістіктерін насихаттау, облыс мектептеріне өлкетану пәнін факультативті курс ретінде енгізу, барлық білім беру орындарында «Бей-бітшілік пен келісім» орталығын ашу, мұрағатпен тығыз байланыс жасау, өзге елде қоныс тепкен қандастармен жүйелі байланыс орнату секілді міндеттер бар.

Хан ордалы Сарайшықтың ұлт тарихында алар орны ерекше екені даусыз. Өйткені, ол – Алтын Орда хандарының құтты қонысы. Қазақ хандығының белді шаһары болған қаланы  сақтау, ұрпаққа аманаттау өмір талабы екендігін баса айтқан аймақ басшысы көне қалашықтың орнында аспан асты музейін жасау, Жайық өзені жағалауын бекіту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

ырыс алды – ынтымақ2

Вера ШИН, «Тхоньил» корей этномәдени бірлестігінің мүшесі, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті Қазақстан халқы Ассам-блеясы институтының жауапты хатшысы:

Бауырына басқан қазақ еді…

– Мен Қазақстанда тұрып жатқан кәріс халқының төртінші ұрпағымын. Осыдан сексен жыл бұрын депортация салдарынан Қазақстанға 96 мыңнан астам корей халқы күштеп көшірілген. Қаншама қайғы-қасіретті, қуғын-сүргінді бастан өткерген қазақ халқы тағдырлас ұлттың жан жарасын түсініп, бауырына басты, мейірімділігін аямады.  Корейлер – болмыс-бітімін ғана сақтап қалмай, өз елінен жырақта жүрсе де,  мәдениетін, дәстүрін, тілін дамытып, насихаттап жүрген ұлттардың бірі. Міне, содан бері корейлерден бірнеше ұрпақ тарады. Бүгінгі таңда қалаған мамандығымыз бойынша жоғары сапалы білім алып, Қазақстанның дамуына адал еңбек етудеміз. Сондықтан, Қазақстанды Отанымыз деп санаймыз.

«Тхоньил» корей этномәдени бірлестігі қазақ халқына ризашылық сезімін білдіру мақсатында Атырау қаласында ескерткіш қоюды жоспарлап отыр.

Владимир РОЗМЕТОВ, Атырау облысы бойынша Қазақстан халқы Ассам-блеясының мүшесі, «АтырауАгроӨнімдері» шаруа қожалығының директоры:

Бейбітшілік – дамудың негізі

– Астанада өткен мерейлі сессияға қатысып, облыс атынан Елбасының алдында баяндама жасау мен үшін үлкен мәртебе болды. Сессияда жетістіктері-мізбен, болашаққа жоспарымызбен бөлістім.

Мен қарапайым еңбек адамымын. Қазақстанда еңбек етуге ниет білдірген кез келген адам үшін барлық жағдай жасалған. Тек еңбек ету керек. Кезінде өзім негізін қалаған «АтырауАгроӨнімдері», «Жасқайрат» шаруа қожалықтарында, «Сүйіндік» асыл тұқымды  қой зауыты мен «Сарайшық» ЖШС-де қазіргі таңда мыңға жуық атыраулық жұмыс жасайды. Отыз мыңдай қойымыз, бес жүздей ешкіміз, алты жүздей жылқымыз бар. Жүз мың елу гектар жерде алма бағын өсірдік.

Елде бейбітшілік, бірлік болса, алынбайтын қамал жоқ.

Грета АРУТЮНЯН, «Таврос» армян этномәдени бірлестігінің мүшесі:

«Мирас» клубы  жанданса…

– Қай салада еңбек етсе де кез келген адам өз қоғамына пайдасын тигізуге ниетті. Алайда, кемел келешекке ұлттық рухсыз жете алмайтынымыз анық. Елбасы өзінің терең мәні бар мақаласында әсіресе, тәуелсіздіктің жастарына үлкен жауапкершілік жүктеп отыр.  Соның ішінде, ұлттық, тарихи құндылықтарды сақтап, жандандыруға баса назар аударылуда.

Жуырда «Қамқор» бағдарламасы аясында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар қанатының мүшелері ардагерлерге барып, жағдайларын білдік. Тағылымды әңгімелеріне қанық болдық. Осындай кездесулердің бірінде біз сексен жастағы ардагер, «Мирас» туристік-өлкетану клубының негізін салушылардың бірі Вячеслав Афанасьевпен таныстық. Археолог жастарды еліміздің тарихымен және мәдениетімен сусындата отырып, патриоттыққа тәрбиеледі. «Қамқор» акциясы аясында біз «Мирас» клубын кері жандандыруға, материалдық-техникалық базасын жаңартуға, өлкеміздегі тарихи орындарға саяхаттар ұйымдастыруға, ата-бабадан қалған бай мұрамен танысуға мүдделіміз. Ол үшін об-лыста туризм саласын жан-жақты дамыту, жастарды қоршаған ортаны және ескерткіштерді қорғауға тарту жұмыстары қолға алынса деген тілегіміз бар.

Айгүл ЕРТІЛЕУ

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*