Берекелі тірлік – кооперативте

Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасынан алынған ақпараттарға қарағанда, бүгінгі таңда облыста  жұмыс жасап жатқан 16 кооперативтің он бесі ет, біреуі сүт бағытын таңдаған. Соның ішінде  алтауы ғана қызметін қалыпты жүргізуге қажетті өндірістік базамен қамтылған. Сондай-ақ, бес шаруашылықта өзінің мал сою (қасапхана), біреуінің сүт қабылдау бекеті бар. Құрылған кооперативтер бойынша қатысушылардың, яғни, мүшелердің орташа саны  жеті-сегізден келеді.

берекелі тірлік

Құрылым тиімділігі неде?

Басқарма басшылығының айтуынша, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру, бірігу туралы нақты істің басталғанына біраз уақыт өткенмен жағдай барлық жерде бірдей деуге келмейді. Қайсыбірі бұл шаруаны енді ғана қолға алса, елдің алдымен қамданып,  алғашқы нәтижелерге қол жеткізіп үлгергендері де жоқ емес. Қызылқоға ауданындағы «Бірлік Миялы» кооперативі солардың соңғысына кіреді.

– Біз бұл шаруаға былтырғы жылдың аяғында кірістік. Сол кездің өзінде қатысушылардың саны 89-ды құраса, енді міне, 110-нан асты. Осы мезгілге дейін кооперативтің 97 мүшесі мемлекет тарапынан берілетін 4 млн. теңге көлеміндегі шағын несиені алуға қол жеткізіп отыр. Тұтастай алғанда, біздің кооперативтегілер 284 млн. теңге сомасында несие қаражатпен қамтылды, — дейді кооператив жетекшісі Айжан Ізімова. – Бұған «50 ауыл» тұжырымдамасы аясында  елімізде 50 кооперативті құру жөніндегі қанатқақты жобаға облыстан бірінші болып қатысып, сол елуліктің құрамына енуіміз септігін тигізді.

Әңгіме барысынан аңғарғанымыздай, әрқайсысы  4  млн. теңге несиеге ие болған шаруагерлер әр басын 150 мың теңгеден мүйізді ірі қара мен жемшөп сатып алған. Қолдарындағы малымен олар желтоқсанда кооперативке кіріп, қаңтарда бордақылауға кіріскен. Міне, енді арадағы  бес-алты айда салмақ қосып, күйі келіскен өгізшелер қасапханаға түсіп, етке өткізілетін күнге жеткен. Білгеніміздей, кооператив сойылатын малдың әрқайсысын  250 мың теңгеден (тірілей салмақта) қабылдайды.

Осы жерде айта кетер бір жайт, мемлекет бордақыланған малдың әр басы үшін 20 мың теңгеден субсидия төлейді. Есептеп қарасаңыз, осылайша, 150 мың теңгеден сатып алынған өгізше оның қожасына 270 мың теңге табыс әкеледі. Осы соманың 100 мың теңгесін алған қарызын қайтаруға жұмсайды.

Шаруаларды қолдайтын бағдарлама

Шағын несиелеу бағдарламасының тиімді шарттарының бірі – қарыз алушыға алты ай мерзімге дейін каникул уақытының берілетіндігі. Нақтылай кетсек, жарты жыл өткесін ғана шаруагердің несиесін қайтара бастауына мүмкіндік қарастырылған. Қарызды өтеудің пайыздық мөлшерлемесі мейлінше төмен, мерзімі жеті жыл.

Ал, кооперативтерге мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек түрлері қандай? Біріншіден, олардың 50 млн. теңгеге дейін несие алуға мүмкіндігі бар. Мәселен, «Бірлік Миялы» кооперативі несие қаражатының есебінен құны 15 млн. теңге тұратын модульді мал сою бекетін сатып алуды ұйғарыпты. Ол үшін оралдық жабдықтаушы мекемемен келісім-шартқа да отырған. Көршілер қасапхананы 45 күнде орнатуға уәде берген. Бағдарламада қарастырылғанындай, жаңадан салынатын нысан құнының 50 пайызын мемлекет өз мойнына  алады. Яғни, 7,5 млн.  теңгені кооперативке инвестициялық субсидия ретінде төлеу жолымен кері қайтарады. Қалған жартысын, кооперативтің өзі жеті жылдың ішінде өтеуге міндетті.

Тағы бір жеңілдік, бағдарламада кооперативтің өзіне тоғыз айға дейін каникул уақыты қаралған, ал, алған несиесінің жылдық қайтарымы  алты  пайыз көлемінде белгіленген. Оған қоса, сойылған етті талапқа сай сақтап, тиісті жеріне сапалы күйінде тасымалдап жеткізу үшін қажетті рефрижераторды несиеге сатып алуға болады екен. Мұнда да кооператив алынған техника құнының жартысын төлейді.

Жаздың аптап ыстығында сойылған мал етінің жылжымалы тоңазытқышта   бұзылмастан  сақталып, сапалы күйінде тұтынушысын табуына кепілдік беретін рефрижератор көліктің біреуін 8 млн. теңгеге «Бірлік Миялы» кооперативі сатып алыпты. Сөйтіп, ауылда дайындалған мүйізді қара еті алдымен қызылқоғалықтардың сұранысын қанағаттандырады.  Келесі кезекте келісім-шартқа сәйкес аудан аумағында орналасқан «Қайнармұнайгаз» бен «Мәтен Петролеум» бірлескен кәсіпорындарына жөнелтіледі.

Қызылқоғалықтардың игі бастамасынан өзге өңірдегі әріптестері  де үлгі алып, атакәсіпті  өркендетуге  лайықты  үлестерін  қосады  деген нық сенім бар. Тегінде, адал кәсіптің абыройға бөлеп, нәсіпке кенелтетіні кәміл.

Дәулетқали Аруев

Қызылқоға ауданы.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*