Еңбектің мәңгі ұмытылмас естелігі

Биыл жиырма жылдығын тойлағалы отырған «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамында өндірістің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан жандардың есімін кейінгі ұрпаққа үлгі ету дәстүрі қалыптасқан. «Кеңқияқ-Атырау» магистральды мұнай құбырының 663-шақырым мұнай айдау станциясының тарихы тағы бір елеулі оқиғамен толықты. Аталмыш нысанға елімізге белгілі мұнай құбыршысы, ғалым Нұрибек Шмановтың есімі беріліп, ескерткіш тақта орнатылды. Салтанатты шараға ірі кәсіпорын жетекшілерімен қатар, аймақ басшылығы мен сала ардагерлері қатысып, жылы лебіздерін білдірді.

Е__бект¦__ м____г¦ __мытылмас естел¦г¦

Басты байлығымыз – «қара алтын»  туралы әңгіме қозғағанда оны тасымалдау, айдау жайын да сөз етпеуге болмайды. Аймақтағы 663-шақырым мұнай айдау станциясы 1967-1969 жылдары «Өзен-Гурьев-Куйбышев» құбыры жүйесі құрамында салынып, іске қосылған болатын. Сол уақыттан бері мұнай айдау станциясы арқылы «қара алтын» ішкі және сыртқы нарыққа жөнелтіліп келеді. Қайта жаңғыртудан өткен нысан өткен жылдың соңында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен ашылып, қайта түлеген еді.

Ал, осы саланың өркендеп, қалыптасу кезеңіне сүбелі үлесін қосқан Нұрибек Шмановты білмейтін жан кемде-кем шығар.  Нұрибек Шманов – Қазақстандағы «ыстық» магистральды мұнай құбырларын іске қосқан алғашқы ғалымдардың бірі. Өз кәсіби шеберлігі мен білімін тәжірибеде қолдана білді. Атап айтсақ, «Атырау-Самара» ыстық мұнай құбыры арқылы Батыс Қазақстаннан жылыту режимінде жоғары парафинді экспортталатын құбырды салу бойынша жұмыс комиссиясының төрағасы болған.

Еліміздегі мұнай-газ саласының көрнекті өндіріс қайраткерінің тәлімгерлері де білікті басшысының ізін жалғастырып, үздіксіз қызмет етті. Маңызды нысандарды салуға, іске қосуға және пайдалануға зор еңбек сіңірген іскер ұйымдастырушының ұрпағы да осы салада табысты еңбек етуде.

Салтанатты шарада сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары  Ғұмар Дүйсембаев  бұл облыстың ғана емес, бүкіл республиканың мұнай құбыры саласындағы маңызды іс екеніне баса тоқталды.

– «ҚазТрансОйл» басқармасының мұнай айдау бекетіне Нұрибек Шмановтың есімі беріліп, монумент орнатылып отыр. Мұндай құрмет халқына қызмет еткен мықты және жарқын тұлғаларға ғана арналады. Оның мұнай тасымалын дамытуға қосқан үлесі өлшеусіз, — деді ол.

Нұрибек Нәбиұлының қажырлы еңбегі туралы аймақта басшылық қызметтер атқарған, Атырау облысының Құрметті азаматы Есен Тасқынбаев та естеліктер айтты. Ол, әсіресе, ғалымның адамгершілік қасиеттеріне көбірек тоқталды. «Кәсіби шеберлігін тәжірибеде қолдана білген маман өмірден ерте кетті. Отбасына, туған-туыстарына оңай болмады. Біз білетін Нұрибек Шманов тіл табысқыш, қарапайым жан еді. Әңгімелескенде бірден баурап әкететін. Бірақ, оның аты өшпеді. Артында қалған балалары да мұнай-газ саласында орны бөлек мамандар», — деді ол.

Ал, кейіпкерімізбен ұзақ жылдар бойы бірге жұмыстас болған Зинон Абдрахманов алғашқы басшысын «бірінші кезеңнің білікті өкілі» екенін атап өтті.

– Қызметке қабылдаған кезде мені екі сағаттан соң мұнай айдау станциясына бірге ертіп әкетті. Бұрын «қара алтынның» не екенін жетік білмейтін біз үшін бірден өндіріске келу таңсық еді. Білмегенімізді үйреніп, үнемі кәсіби түрде шыңдап отырды. Оның үстіне, «ыстық» мұнай құбырын іске қосу  қауіпті екені белгілі. Соған қарамастан, ол талай күрделі міндеттерді орындай білді. Өндіріске ысылғанымыз соншалық, Нұрибек Нәбиұлының тапсырмаларын бірден қалтқысыз орындауға тырысатынбыз,-дейді Зинон Бахтиярұлы.

Шара барысында сөз алған «ҚазЭнерджи» қауымдастығы төрағасының орынбасары Ұзақбай Қарабалин мен «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры (басқарма төрағасы) Димаш Досанов та станцияға ғалымның атын беру – елеулі еңбектің мәңгі ұмытылмас естелігі екеніне тоқталды.

Ал, Н.Шмановтың ұлы «ҚазМұнайГаз ҰК» АҚ аға вице-президенті Нұртас Нұрибекұлы бала кездегі естеліктерін ерекше толғаныспен жеткізді.

– Шыны керек, бала болып біз кәдімгі ойыншықтармен ойнамайтынбыз. Үнемі әкеміздің қасында жүретінбіз. Ол ой үстінде жүретін. Өзіне артылған үмітті ақтай білді, — деді Нұртас Нұрибекұлы.

Айбөпе Сабырова

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*