Рухани жаңғыру айы

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти:

муфти маямеров

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Құрметті мұсылман бауырлар, отандастар!

Баршамызды қасиетті рамазан айына аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Сіздерді күллі мұсылман қауымы асыға күткен мүбәрак Рамазан айының келуімен құттықтаймын!

Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Қасиетті айда адам баласы көбірек жақсылық жасап, ізгі амалдарды атқаруға тырысады. Ораза пендені тақуалыққа тәрбиелейді.

Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекелі ай. Бұл – Жаратушы Иеміздің ұлы сыйы әрі нығметі.

Сауаптар еселеніп жазылатын айда жасалған қайырлы істің қайтарымы адам баласы үшін құпия-сыр. Тіпті, ауыз бекітушіге берілетін сый мен сауап, құрмет пен марапат пайғамбарлар мен періштелерге де белгісіз.

Ораза – күндіз ішіп-жеуден өзін шектеу деген сөз емес. Рамазан – рухтың азығы, тәннің шипасы. Ораза – жан мен тәнді рухани тазартатын үлкен сабыр мектебі. Аузы берік жандар әдеп білмес пенделердің өзіне жасаған кейбір оғаш іс-әрекеттерін көріп, тұрпайы сөздерін естісе де: «Мен – оразамын» деген бір ауыз сөзбен нәпсісіне тоқтау салып, сабыр сақтайды. Ал, сабыр иесіне берілетін сый – Жәннат.

Денсаулығына байланысты немесе кәрілік жетіп ораза ұстауға шамасы жетпеген адамдар ауыз бекіткен кісілерге ауызашар берсе, ол да – үлкен сауап. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала ең болмаса бір түйір құрма, тіпті бір ұрттам сумен болса да қамқорлық жасағанға сауап жазады…» – деген.

Қадірлі жамағат!

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында халқымызды ұлттық құндылықтарды құрметтеуге, туған жерді көркейтуге, жаңашыл ойлап, қоғам үшін игі іс жасауға, өн-бойымыздағы рухани құндылықты жаңғыртуға үндеді. Елімізді рухани жаңғыруға бастаған мақала жұртымызға парасатты ой, пайымды пікір тастады. Ал, Рамазан – рухани жаңғыруымызға септігін тигізіп, иманымызды күшейтуге мүмкіндік туғызатын қадірі мен қасиеті мол ай.

Ендеше, рақым айы – Рамазан құтты болсын! Ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құлшылық-ғибадаттарымыз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болғай! Алла Тағала отбасымызға амандық, жұмысымызға береке-бірлік нәсіп еткей!

Тәуелсіздігіміз баянды, еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Жаратушы Иеміз баршамызды оразадан оразаға дейін айдан аман, жылдан есен жақсылықпен жеткізе берсін деп тілеймін! Әумин!

Батыржан МАНСҰРОВ, 

ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің Бас имамы:

 Ораза мүбәрак болғай!

Алла Тағалаға сансыз мадақ болсын. Ұлық айға есендікпен жеткеннің өзіүлкен нығмет, айрықша мәртебе. Себебі, айлардың сұлтаны болған РамазанАлла Тағаланың мұсылмандарға берген сыйы. Бұл айда әр мұсылман баласы сауап жинауға асығуы керек. Сауаппен бірге, адамның ішкі дүниесі тазарады, жүрек мейірімге толады, адамның тақуалығы артады, күнәлар кешіріледі.

Сауап жинауға асығыңыз!

Ораза – Алла Тағала мен пенде арасындағы риясыз құлшылық, тек Раббымыздың разылығын көздейтін ұлық ғибадат. Хадис-құдсида Алла Тағала: «Аузы берік адам ішіпжеуін мен үшін доғарды. ОразаМені мен құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен ғана беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шөлдегенде шығатын аузының исі мен үшін мисктен (әтірден) де артық» дейді. Демек, оразаның мұраты – мұсылманды рухани кемелдендіріп, тақуалық дәрежеге жеткізу. Ал, тақуалық нәпсіні тәрбиелеумен жүзеге асады.

Қандай амалдар жасауымыз керек?

 Ораза жан-дүниені тәрбиелеп, сауаптарға кенелтеді. Ендеше, оразалы адам ең алдымен жақсы сөздер сөйлеп, бос сөз бен орынсыз іс-қимылдардан бойын аулақ ұстап, байсалдылық танытқаны дұрыс. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жөнінде: «Кімдекім аузы берік болса, жаман сөз сөйлемесін. Дауыс көтеріп, айқай шығармасын. Біреу оған тіл тигізсе немесе онымен керіскісі келсе оған: «Мен оразамын» десін» деп айтқан.

Әдетте, кей адамдар оразаны денсаулықтың жақсаруы, жұмыстың алға басуы, мал-мүліктің көбеюі сияқты дүниелік мақсаттар үшін ұстайды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Расында әр адамға өзінің ниет еткен нәрсесі тиесілі болады» деген. Демек, әр адам өзінің ниет еткеніне қол жеткізеді. Кім денсаулығының жақсаруы үшін ораза ұстаса, оның денсаулығы жақсарады. Ал, кімде-кім жұмыстың алға басуына ниеттенсе, жұмысы жақсарады. Бірақ, басқа жақсылықтардан құр қалады. Ал, кімде-кім сауаптарының көбейіп, Алланың ризалығын алуға ниет етіп ораза ұстаса, оның күнәлары кешіріледі. Алланың нығметіне бөленеді. Бұл жөнінде пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) «Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауабын бір Алладан ғана күтіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған күнәлары түгелдей кешіріледі» деп айтқан. Сонымен қатар, ораза ұстаған пенде осы дүниенің жақсылықтарына да бөленеді.

  • Оразаға ниет: Алла Тағаланың разылығы үшін қасиетті Рамазан айының оразасын таң атқаннан күн батқанға дейін ұстауға ниет еттім.
  • Ауызашар дұғасы: «Жаратқан Ием! Сен үшін ораза ұстадым, Саған иман келтірдім, Саған тәуекел еттім, Сен берген ризық-несібеңнен ауыз аштым. Уа, кешірімді Алла, менің алдыңғы және кейінгі күнә-кемшіліктерімді кешіре гөр!».

Қандай жағдайда ораза бұзылады?

  1. Таң атқаннан күн батқанға дейінгі аралықта жеу, ішу (ұмытып ішіп-жеу оразаны бұзбайды).
  2. Дәрі ішу, құрамында нәрлі заттары бар укол қабылдау және темекі тарту.
  3. Әдейі құсу, әрі ауыз толы құсықты жұту.

Ал, ұмытып ішіп-жеу, қан алдыру, ауыз, мұрынды шаю, шомылу, төбеден су құйынып жуыну, бой дәретсіз таң атыру, еріксіз құсу, көзге сүрме жағу, еріксіз тамағына түтін, тозаң, шыбын кіру, түкірік жұту, тістің арасындағы бұршақтан кішкене нәрсені жұту – бұл нәрселер оразаны бұзбайды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*