Жастарды қолдау жалғасады

Ағымдағы жылдың І жартыжылдығында «Жас Отау» жобасы аясында 120 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға беріледі. Ал, «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы шеңберінде жас отбасыларға 30 пәтерді тапсыру жоспарлануда. Сонымен қатар, қазіргі таңда «Жас Отау» бағдарламасы аясында кезекті 100 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жасұлан Бисембиев атап айтты.

Жастарды қолдау жалғасады

Жасұлан Орақұлының айтуынша, жастар саласындағы проблемаларды анықтау және шешу мақсатында басқарма жастардың үкіметтік емес ұйымдарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап келеді. Облыс көлемінде мұндай 69 ұйым болса, оның 33-і түрлі шараларға қатысып, белсенділік танытып жүр. Яғни, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар арқылы жастар арасындағы әлеуметтік маңызы бар проблемаларды шешуге араласады. Бұл орайда мемлекеттің жастар ұйымдарын қолдаудың бірден-бір тетігі – мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс.  Жастар саясаты мәселелері басқармасы ағымдағы жылы  мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 203,4 млн. теңгеге (оның ішінде  97,7% жастар еңбек жасақтарының жұмыстарына) 23 әлеуметтік жоба жоспарлап отыр.  Атырау қаласы және аудандық әкімдіктер тарапынан мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа үстіміздегі  жылы 21,526 млн.  теңге бөлініп, жалпы 41 әлеуметтік жоба іске асырылуда.

Жастардың сапалы білім, саналы тәлім-тәрбие алып, саламатты болып өсуі – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы тұрғыда Атырау қаласында студенттердің қоғамдық көлікте жүруіне 50% жеңілдіктер жасалған. Осы жылы жергілікті бюджеттен  қаржы  бөлініп, 18 мыңнан астам студентке қоғамдық көліктерде жеңілдетілген жолақымен жүруіне арналған әлеуметтік жәрдемақы төленуде.

— Облыс бойынша жастардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру және еңбекке баулу мақсатында «Жасыл ел», құрылыс, арго және археологиялық жасақтарына маусымдық жұмысқа студенттер мен жұмыссыз жастарды тарту жоспарланды. Археологиялық жасақтар Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетімен бірлесе жаз мезгілінде «Сарайшық» қазба алаңдары, Қарабау қорғандары, «Тас кешу – Керуен сарай» қазба нысандарында археологиялық жұмыстарды жүргізетін болады, — деді басқарма басшысы.

Оларға республикалық трансферт есебінен 1 айға 34 000 теңге, облыстық бюджеттен 25 000 теңге төленеді (жалпы еңбекақы 59000 теңгені құрайды). Арнайы жұмыс формасымен қамтамасыз етіледі. Жастар жасақтарына биылғы жылы 2000 сарбаз тартылады.

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*